26 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform/Midjourney

Бүгін, 26 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

68 жыл бұрын (1957) қазақ тромбоншысы, композитор және музыкалық педагог, дирижер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қанат Мұғынұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Қарағанды қаласының тумасы. 1981 жылы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының оркестрлік факультетін (тромбон сыныбы бойынша) бітіріп, 1987-1988 жылдары Ресей мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі құрамында стажировкадан өткен.

1994 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасын бітірді. 1982 жылдан осы консерваторияда педагогикалық қызметпен (2000 жылдан профессор) айналысты.

1990 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясына қарасты Үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып, оркестрдің көркемдік-шығармалық деңгейін көтеруге елеулі еңбек сіңірді.

Үрлемелі оркестр құрамында гастрольдік сапармен Испания, Франция, Ресей және Тайваньда (1998 жылы), т. б. елдерде болып, халықаралық фестивальдар мен конгрестерде өнер көрсетті.

Халықаралық тромбоншылар ассоциациясы (ІTA) мен ЮНЕСКО-ның қолдауындағы дүниежүзілік үрлемелі аспаптар оркестрі ассоциациясының (WASBE) мүшесі. 1995 жылы «Абылайдың жорығы» және «Азия дауысы» атты компакт-дискілері, ал 1996 жылы үрмелі аспаптар оркестрі бойынша қазақ композиторлары шығармаларын оқу орындарында өтуден жазған еңбегі Австрияда басылып шықты.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Аскенұлы ӘДІЛОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Алматы облысында туған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 2006 жылы Экономика және құқық академиясын бітірді.

Еңбек жолын 1999 жылы Алматы қаласы ІІБ Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі, аға тергеушісі болып бастады.

Әр жылдары ол ішкі істер органдарының тергеу бөлімдерінде (ішкі істер және қаржы полициясы), ҚР ІІМ тергеу департаментінде жұмыс істеді.

2012-2023 жылдары ҚР ІІМ Әскери тергеу комитеті бастығының орынбасары, бастығы, 2013 жылы ҚР ІІМ Тергеу комитеті Әскери тергеу басқармасының бастығы, 2013-2019 жылдары Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, 2019-2023 жылдары ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы, 2023-2024 жылдары Қарағанды ​​облысы полиция басқармасының бастығы лауазымын атқарған.

2024 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Полиция генерал-майоры.

44 жыл бұрын (1981) Абай аудандық жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ақылжан Ақиқатұлы АҚЫЛБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Абай ауданы, Ақсуат ауданында туған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын «Бөлімдердің қызметтік және жауынгерлік қызметін басқару» мамандығы бойынша және Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген.

Жұмыс тәжірибесі: Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде взвод командирі, рота командирі, батальон командирі, полк командирі (2002-2019); Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Дағдарысқа қарсы оқу орталығының нұсқаушысы (2019-2023); Абай ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы жөніндегі бас инспекторы (2023-2024).

Қазіргі лауазымын 2024 жылдың қыркүйегінен бастап атқарып келеді.

117 жыл бұрын (1908-1965) ақын Таир ЖАРОКОВ дүниеге келді.

Фото: adebiportal.kz

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.

1932-1942 жылдары жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, халық ақыны Ж. Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарған. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы) жауапты қызметте болған.

Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1932 жылы «Жұлдыз жарығы» деген атпен басылып шыққан.

Әр жылдарда «Нефстан», «Коммунизм таңында», «Мотор жыры», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Тасқын», «Отан дауысы», «Нарын», «Тастағы жазу», «Совет сұңқарлары», «Бақыт жырлары», «Жапанды орман жаңғыртты», «Костер басында», «Қырда туған құрыш», «Жыр қанаты», «Құмдағы дауыл», «Тау жырлайды», «Теңіз баласы», «Тасқынға тосқын» атты кітаптары жарық көрген.

Көркем аударма саласында А. Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Коломнадағы кішкене үй», «Ағайынды қарақшылар», М. Лермонтовтың «Черкестер», Грибоедовтың «Ақылдың азабы», М. Алигердің «Зоя» және басқа туындыларды қазақ тіліне тәржімалаған.

Бірнеше орденмен марапатталған.