26 қыркүйек. Туған күн иелері

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 26 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын ақын ЖАРОКОВ Таир (1908-1965) дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Ленинградтың тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. 1932-1942 жылдары жаңадан құрылған Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, халық ақыны Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарған. 1946-1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы» баспасы) жауапты қызметте болған. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1932 жылы «Жұлдыз жарығы» деген атпен басылып шыққан. Әр жылдарда «Нефстан», «Коммунизм таңында», «Мотор жыры», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Тасқын», «Отан дауысы», «Нарын», «Тастағы жазу», «Совет сұңқарлары», «Бақыт жырлары», «Жапанды орман жаңғыртты», «Костер басында», «Қырда туған құрыш», «Жыр қанаты», «Құмдағы дауыл», «Тау жырлайды», «Теңіз баласы», «Тасқынға тосқын» атты кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Коломнадағы кішкене үй», «Ағайынды қарақшылар», М.Лермонтовтың «Черкестер», Грибоедовтың «Ақылдың азабы», М.Алигердің «Зоя», т.б. туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Бірнеше орденмен марапатталған.

80 жыл бұрын (1938-2009) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері САДЫҚОВ Тоқмұхамед Сәлменұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1964-1966 жылдары - Алматы құрылыс техникумының оқытушысы. 1966-1969 жылдары - Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы. 1969-1970 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы орынбасарының көмекшісі. 1970-1983 жылдары - Алматы шет ел тілдері институтының доценті, профессоры. 1987 жылы Қазақ КСР Жоғары және арнайы орта білім беру министрінің орынбасары болған. 1987-2008 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан тарихына, психологияға, педагогика тарихы мәселелеріне арналған. Оның 400-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 10 монографиясы бар.

2-ші дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1958) ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БЕКТЕМІРОВА Марфуға дүниеге келген.

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Уәлиханов, Зеренді аудандық және облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерінде, Қостанай облыстық радиосында тілші және Қостанай облыстық әкімшілігінде қызмет атқарған. Республикалық «Ана тілі» газетінің Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі болған. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры және балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық «Жас ұлан» газетінің редакторы қызметін атқарады. Ақынның өлеңдері «Жыр тәңірі», «Тың тынысы», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында» және «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға енген. Сондай-ақ «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлік гүл» атты жеке жыр жинақтары жарық көрген. Ақын республикалық «Жігер» фестивалі мен Абайдың 150 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында жүлдегер атанған.

52 жыл бұрын (1966) Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ЖҰМАНҚҰЛОВ Марат Сейтбекұлы дүниеге келді.

Ол Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік медициналық институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл қаласы ауруханасында терапия жөніндегі интерн дәрігері болып бастаған. 1994-1996 жылдары Талас аудандық ауруханасында бөлімше меңгерушісі. 1996-1998 жылдары Алматы облысы Іле аудандық ауруханасы қан құю бөлімшесінің, жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімшесінің меңгерушісі. 1998-1999 жылдары Алматы облысы Іле аймақтық медициналық ұйымының бас терапевті. 1999-2000 жылдары Тараз қалалық ауруханасы қабылдау бөлімшесінің терапевт дәрігері. 2000-2001 жылдары Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. 2001-2002 жылдары Меркі ауданы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002 жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін Меркі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері. 2012 - 2017 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2017 жылдың шілдесінен бері.

47 жыл бұрын (1971) ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры АХМЕТНИЯЗОВА Лаура Мұстафақызы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1993 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында клиникалық ординатураны «Ішкі аурулар» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек қызметін 1993 жылы Шымкент қаласындағы «Фосфор» МСБ учаскелік терапевті қызметінен бастаған, 1995-1997 жылдары «Фосфор» МСБ медициналық сақтандыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1997-2000 жылдары - Міндетті медициналық сақтандыру қорының Оңтүстік Қазақстан филиалының бас маманы (Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығы, «Денсаулық» РКМК). 2000-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы. 2005-2006 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметтердің сапасын бақылау комитетінің Ақмола облыстық басқармасы бөлімінің бастығы. 2006-2008 жылдары - ҚР ДСМ Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің бөлім бастығы. 2009-2010 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті басқармасының бастығы. 2010-2011 жылдары - Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары. 2013-2014 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрайымы. 2014-2017 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2017 жылғы қазаннан бері. ҚР Денсаулық сақтау министрінің құрмет грамоталарымен (2012), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. 2008 жылдан денсаулық сақтау саласындағы үздік қызметкер.

33 жыл бұрын (1985) Батыс Қазақстан облысы ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы НҰРТАЗАЕВ Сәкен Рүстемұлы дүниеге келді.

Қазақстан-Британ техникалық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген (2007), «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Стирлинг университетінде (Ұлыбритания) менеджмент бойынша білім алған.

Еңбек жолы: КазТрансГаз «Аймақ» өндірістік департаментінде жетекші маман (2007-2008); «Қазақстан Жастар конгресі» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары (2008); ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының м.а. көмекшісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының сарапшысы (2008-2009); Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының көмекшісі (2009-2010); ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта дайындау аймақтық орталықтарымен жұмыс істеу секторының басшысы (2010-2012); «ШҚО мемлекеттік-жеке серіктестік аймақтық орталығы» АҚ стратегиялық даму және сыртқы байланыстар департаментінің директоры, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің талдау тобының бас маманы (2012); Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратыныңбас инспекторы (2012-2013); Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаихин аудан әкімі орынбасары (2013-2014), Семей қаласы әкімі орынбасары, Алматы қаласындаға ҚР ҰҚП «Атамекен» филиалы директорының орынбасары (2014-2015); Орал қаласы әкімі аппаратының ақпараттық-талдау қызметі бөлімі басшысының міндетін атқарушы, кейіннен басшысы (2015-2016). Орал әкімі аппаратының басшысы (2016-2018).

Қазіргі лауазымын 2018 жылдың шілдесінен атқарып келеді.

169 жыл бұрын (1849-1936) орыстың физиолог-ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты, жоғарғы жүйке қызметі туралы ілімді жасаушы ПАВЛОВ Иван Петрович дүниеге келді.

144жыл бұрын (1874-1940) американ фотографы ХАЙН Льюис дүниеге келді.

131жыл бұрын (1887-1979) ағылшын ғалымы, инженер және өнертапқыш Барнс УОЛЛЕС дүниеге келді.