26 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2014 жылғы 26 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

26 мамыр, ДҮЙСЕНБІ Грузия Республикасының Ұлттық мейрамы - Мемлекет тәуелсіздігінің қалпына келтірілген күні. Грузия Еуропа құрлығының оңтүстік-шығысында, Кавказ тауының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, шығысында Әзербайжанмен, оңтүстігінде Түркиямен, Армениямен шектеседі. Грузияның құрамына Аджар және Абхаз республикалары енеді. Астанасы - Тбилиси қаласы. Ресми тілі - грузин тілі. Ақша бірлігі - лари. Әкімшілік жағынан 65 ауданға бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған Президент басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы екі палаталы парламент. Жоғарғы атқарушы органы - Жоғарғы Кеңес. Қазақстан Республикасы мен Грузия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 23-де орнатылды. Гайана Кооперативтік Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966). Гайана - Оңтүстік Американың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Венесуэламен, оңтүстік-батыс және оңтүстігінде Бразилиямен, шығысында Суринаммен, солтүстік-шығысы Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Джоржтаун қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар үндіс және жергілікті халықтардың да тілдері қолданылады. Ақша бірлігі - гайан доллары. Әкімшілік жағынан 10 округке бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған Президент басқарады. Жоғары заң шығарушы органы бір палаталы - Ұлттық ассамблея. Жоғарғы атқарушы органы - Министрлер Кабинеті. Негізгі сауда серіктестері Канада, АҚШ және Ұлыбритания. Ресей кәсіпкерлерінің күні. Ресей Федерациясы Президентінің 2007 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен бекітілген. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 21 жыл бұрын (1993) Түркияның Ыстамбұл, Бурса және Балакесер қалаларында қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толуына орай поэзия күндері өтті. 19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақ жеріндегі атом қаруының жойылғаны жөніндегі үндеуі баспасөз бетінде жарық көрді. Семей полигонының аумағында соңғы ядролық заряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы көп қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойына дерлік Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуле алған жарты миллионнан астам қазақстандықтардың денсаулығы ядролық жанталаса қаруланудың құрбандығына шалынды. 14 жыл бұрын (2000) Шымкентегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғимараты алдына Мұхтар Әуезовтың ескерткіші орнатылды. 9 жыл бұрын (2005) Елордада Түркия Премьер-министрі Режеп Ердоғанның ресми сапары барысында Түрік Республикасы Елшілігінің жаңа ғимараты құрылысының іргетасын қалау рәсімі болып өтті. 5 жыл бұрын (2009) Алматыда Қазақстан тұрғындары мен басқа ұлт өкілдері арасындағы іскерлік және бейресми қарым-қатынастағы тілдік кедергілерді жеңуге көмектесетін ABBYY Lingvo x3 сөздігінің тұсау кесер рәсімі өтті. ABBYY Lingvo x3 сөздігінің қазақша нұсқасы қолданушылардың кең қауымы - кәсiпкерлер, мемлекеттiк қызметкерлер, оқушылар, саяхатшылар, аудармашыларға бағытталған. Сөздік қазақ тілінен орыс тіліне және керісінше кез-келген тақырыптағы мәтінді тез және сапалы түрде аударуға көмек көрсетеді, сондай-ақ орыс тілінен ағылшын, неміс, француз, итальян және тағы да басқа 10 шет тілдеріне аударады. Жаңа сөздiк қазақстандық нарықта екi нұсқада ұсынылған: «ABBYY Lingvo x3. қазақша нұсқасы. Үш тіл» - ағылшын, қазақ және орыс тілдері үшін 64 сөздік және «ABBYY Lingvo x3. Көп тілді қазақша нұсқасы» - 12 тілдерге арналған 159 сөздік. ЕСІМДЕР 65 жыл бұрын (1949) жазушы-публицист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ӘЛІМГЕРЕЕВ Өтепберген дүниеге келді. Атырау облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. Біраз уақыт Атырау облыстық газетінде қызмет істеген. 1990 жылдан Атырау телерадио компаниясының бас редакторы, телерадиокомитет төрағасының орынбасары болды. Қаламгердің туындылары 1966 жылдан бері түрлі газет-журналдарда жарық көріп келеді. Оның 6 әдеби-публицистикалық кітабы және Махамбет, Асан қайғы, Жиренше шешен, Мұрат, бала Ораз, Мақаш әкім туралы зерттеулері бар. Ол Қазақстан Журналистер одағының, осы одақ пен Орталық табиғат қорғау қоғамының үш дүркін, Атырау облысы әкімі белгілеген Махамбет атыдағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанып, «Егемен Қазақстан» газеті мен «Ара» журналы конкурстарының жүлдегері болған. 64 жыл бұрын (1950) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БЕКТЕМІРОВ Айдос Жұмаділдәұлы дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Алматы эстрада-цирк студиясын, Мәскеу театр институтын, Алматы театр және кино институтын бітірген. «Қазақконцерт» бірлестігінде, республикалық «Гүлдер» ансамблінде, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет атқарған. 2003 жылдан - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Театр сахнасында Мәди (Ә.Әбішевтің «Атыңнан айналайынында»), Мұрат (Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едігінде»), Мылқау, Науан хазірет (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында»), Тұрар (Ш.Мұртазаның «Сталинге хатында»), Орманшы (Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралында»), Абай (Р.Сейтметов «Қалың елім, қазағымда») рөлдерін орындады. Режиссер ретінде 1998 жылы Ә.Сараевтың «Мұңым менің» пьесасын сахналады. «Шоқан Уәлиханов», «Провинциалдық роман» көркем фильмдеріне де түскен. 62 жыл бұрын (1952) ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ЖЕКСЕМБИН Бөрібай Биқожаұлы дүниеге келді. Жамбыл облысның Шу ауданында туған. Алматы зооветеринарлық институтын, Еуразиялық нарық институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры. Бас зоотехник, кеңшар директоры, Приозер аудандық және Жезқазған облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. Жезқазған облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру- бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалған. Жамбыл облысының әкімі болды. 2010 жылдан бері қазіргі қызметінде. 56 жыл бұрын (1958) кинорежиссер ҚИЛЫБАЕВ Бақытжан Саттарбекұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1995-1998 жылдары - «Граждане» телекомпаниясының көркемдік жетекшісі. 1998 жылдан «Таң» телерадио компаниясының президенті, «Қазкоммерцбанк» ашық акционерлік қоғамының атқарушы директоры болған. Ол «Дамир қосу Дина», «Бірге», «Дархан», «Үшеу», «Гонгофер», «Жаңа жылдық оқиға», т.б. фильмдердің сценарийін жазған және режиссері болған. 39 жыл бұрын (1975) ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты басшысының орынбасары БЕКБАНОВА Жанар Рүстемқызы дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қарағанды экономика институтын бітірген, орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы, заң бакалавры. 1996-2006 жылдары - Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясында, «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық филиалында режиссердің ассистенті, тілші, репортер, редактор-тілші, редактор. 2006-2009 жылдары - Қарағанды облыстық әкімі аппаратында бас маман, баспасөз қызметінің жетекшісі. 2009-2012 жылдары - «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратында төрағаның бірінші орынбасарының кеңесшісі, баспасөз қызметінің жетекшісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қаңтардан бері. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 38 жыл бұрын (1976) саясаттанушы КАРИН Ерлан Тынымбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. 1998 жылдан 2000 жылға дейін Қа¬зақстан даму институтының Саяси зерттеу орталығында ғылыми қызметкер болып еңбек етті. 2005 жылдары Орта Азиялық саяси зерттеу агенттігінің директоры, 2005-2006 жылдары террорлыққа қарсы орталық бағдарламасының бағдарлама директоры қызметін атқарды. Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болды. Соңғы кезде Қазақстан Республикасы Пре-зи¬денті Әкім¬шілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2008-2013 жылдары «Нұр Отан» партиясының Хатшысы қызметін атқарды. «Құрмет» орденімен марапатталған. 102 жыл бұрын (1912-1989) Венгрия социалистік партиясының бас хатшысы Янош КАДАР дүниеге келді. 63 жыл бұрын (195) американдық астронавт, тұңғыш американдық ғарышкер-әйел Салли Кристен РАЙД дүниеге келді. 45 жыл бұрын (1969) ресейлік эстрада әншісі, актриса, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Анжелика ВАРУМ (Мария Юрьевна Варум) дүниеге келді.