26 мамырдан бастап жолаушылар пойыздары жазғы қозғалыс кестесіне ауысады

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2013 жылдың 26 мамырынан бастап жолаушылар пойыздарының жазғы қозғалыс кестесіне ауысатыны туралы хабарлайды.

«Жаңа кестені жасау кезінде жолаушылардың барлық талап-тілектері ескерілді. Кестеге еңбек демалысы мен шәкірттер демалысы кезінде сапарлайтын жолаушылардың сұраныстарына орай маусымдық бағыттар енгізілген. Оған №483/484 «Астана - Адлер» бағыты секілді жаңа бағыттар мен қосымша вагондар қосылып, №151/152 «Алматы-Петропавл» бағытындағы жаңа жүрдек пойызы белгіленді»,-делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметте. Сонымен қатар, кестеге күнара жүретін «Алматы-Атырау» қатынасындағы «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған жаңа жүрдек маршрут секілді жаңашылдықтар да енді.