26 маусым, СЕЙСЕНБІ
Мадагаскар Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Бұл ел Үнді мұхитындағы Мадагаскар мен оған жақын ұсақ аралдарда орналасқан. Әкімшілік жағынан 6 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Антананариву қаласы. Ресми тілдері малагасий және француз тілдері. Ақша бірлігі - малагасий франкі. 1993 жылы қабылданған Конституциясы бойынша елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Ұлтық жиналыс пен Сенат.
Қазақстан Республикасы мен Мадагаскар Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-да орнатылды.
Нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымымен күрестің халықаралық күні. Нашақорлыққа қарсы күрестің он жылдығы аясында, 1987 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі бойынша өткізіліп келеді.
Өткен жылы Қазақстанда нашақорлыққа байланысты 9 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, 20 тоннадан астам есірткі айналымнан алынған. Жалпы өткен жылы сондай-ақ есірткіні мөлшерден артық қолданған 211 адамның көз жұмғаны да анықталып отыр. Қазақстанда нашақорлық дертіне шалдыққан 52 мыңнан астам адамның 60 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтардан тұрады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптау құрбандарына қолдау көрсетудің халықаралық күні. 1997 жылғы маусымның 26-да азаптау және басқа да адамшылыққа жат жазалау түрлеріне қарсы Конвенция күшіне енді.
Оңтүстік Африканың бостандық үшін күрес күні.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Халықаралық қаржы қорына, Халықаралық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына және Халықаралық даму ассоциациясына мүшелігі туралы заң қабылданды.
20 жыл бұрын (1992) «Қазақстан» газетінің ағылшын тіліндегі бірінші саны жарық көрді. Бас редакторы - Нұрмахан Оразбеков.
16 жыл бұрын (1996) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты Әнуар Әлімжановтың Алматы қаласында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
16 жыл бұрын (1996) Тегранда Иран радиосының Қазақ редакциясы ресми түрде жұмыс істей бастады.
14 жыл бұрын (1998) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «ҚР Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда «Ардагер» клубының жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсімі өтті.
Клуб екі жыл бұрын Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері үшін құрылған. «Ардагер» өзінің бірінші күнгі қызметінен бастап жастарды әскери-патриоттық сезімге тәрбиелеу, әскери оқиғалар мерекелеріне, оқу орындарындағы кездесулерге арналған шараларды өткізеді.
6 жыл бұрын (2006) Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті германдық «Нибелунгтар туралы жыр» эпикалық туындысын қазақ тілінде басып шығарды. Кітап 2004 жылдан бері университет қолға алған «Дала даналары» жобасы аясында жарық көріп отыр. Университет ғалымдары есімдері дала халықтарының тарихында сақталған атақты көшпелілер туралы құжаттар мен аңыз-жырларды жинаумен айналысады. Ежелгі германдық «Нибелунгтар туралы жыр» аңызының кейіпкерлерінің бірі - ежелгі түркі мәдениетінің өкілі, ғұндардың көшбасшысы Аттила. Ғұн көшбасшысының өмірі мен қазасы туралы баян ететін бұл жырда ежелгі түркі тайпаларының әдет-ғұрыптары, діни рәсімдері, салт-дәстүрлері жарқын көрсетілген. Ортағасырлық эпосты неміс тілінен қазақ тіліне Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Айжан Қалиева мен мәдениетаралық коммуникациялар ғылыми-тәжірибелік орталығының ғылыми қызметкері Хабдыхалел Мағзұмов аударып шықты.
ЕСІМДЕР
88 жыл бұрын (1924-2010) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы ДАЛЬЯН Иван Борисович дүниеге келді.
Украинада туған. А.Горький атындағы Пермь мемлекеттік университетін бітірген. 1953 жылдан «Ақтөбе мұнай-газ геология» бірлестігі Ақтөбе мұнай мен газ геологиялық барлау экспедицциясының бөлім бастығы болып істеген. 1964 жылдан «Ақтөбе мұнай барлау» тресінің бөлім бастығы, «Дүние» университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мұнай мен газ геологиясы, каспий маңы ойысының мұнайлылығы мен газдылығына арналған. Ол Ақжар, Жаңажол, Кеңқияқ, Бозой, Қожасай газ кендерін ашушылардың бірі. И.Дальянның 230-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 4 монографиясы жарық көрген.
«Құрмет» белгісі орденімен, медальдармен марапатталған.
78 жыл бұрын (1934) милиция генерал-майоры, ішкі істер саласының еңбек сіңірген қызметкері ИСАБАЕВ Әбдіқайым Нұрқаұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясын бітірген. 1960-1985 жылдары - Алматы облыстық ішкі істер басқамрасында, облыстық еңбекпен тәрбиелеу мекемесінде жауапты қызметтер атқарған. 1985-1989 жылдары - Семей облыстық ішкі істер басқамрасының бастығы. 1989-1992 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары болған. 1992 жылы зейнет демалысна шыққан.
«Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған.
43 жыл бұрын (1969) Павлодар облысы әкімінің орынбасары ӘШІМБЕТОВ Нұржан Кемерұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Алматы экономика және статистика институтын бітірген. 1993-1995 жылдары - Павлодар мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитетінің маманы, бас маманы. 1995-1996 жылдары - «Carana» корпорациясының консультанты. 1996-1997 жылдары - «Remek» консалтингтік фирмасының директоры. 1998-1999 жылдар - «Кемер» агрофирмасының директоры. 1999-2001 жылдары - Павлодар облысының Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары. 2001-2006 жылдары - Павлодар облысы Лебяжі ауданының әкімі. 2006 жылдан бастап Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің директоры болған. 2008 жылдан -Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. Қазіргі қызметінде 2012 жылдың ақпанынан.
188 жыл бұрын (1824-1907) ағылшынның аса көрнекті физигі, термодинамиканың негізін қалаушылардың бірі ТОМСОН Уильям дүниеге келді.
Ол 1892 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін лорд Кельвин лауазымына ие болды.
82 жыл бұрын (1930-2010) Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, прокуратура қызметкері САПАРҒАЛИЕВ Ғайрат Сапарғалиұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Саратов заң институтын бітірген.
1956-1992 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің кіші ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, Философия және құқық институты директорының орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты заң факультетінің деканы. 1995-2008 жылдары - Қазақ гуманитарлық заң университеті Мемлекет және құқық институтының директоры қызметтерін атқарған.
Ғайрат Сапарғалиев 1978 жылғы Қазақ КСР Конституцияның, 1993 және 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциялардың жобаларын жасаушылардың бірі, Қазақстан Республикасының көптеген маңызды заңдарын жазуға қатысқан. 2007 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасы Парламентімен қабылданған «1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер және толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындау жұмыс тобының мүшесі.
6 заң ғылымдарының докторы мен 40 астам заң ғылымдарының кандидатын дайындаған. 450 аса ғылыми еңбектердің авторы.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
62 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі Ғылымдары Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрметті профессоры СЕРІКБАЕВ Аманқұл Серікбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында туған. П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін бітірген.
Қазақ КСР Ғылым Академиясы Физика-математика ғылымдары бөлімінің ғылыми хатшысы, Қазақ КСР Ғылым Академиясы Алқасы бас ғылыми хатшысының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК Идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты мен Министрлер Кабинеті Ғылым және жаңа технологиялар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Ғылым мен техника жөніндегі жоғары консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының ректоры, Қазақстан Республикасының Парламенті Аппараты ақпараттық-талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Аппараты ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты директорының орынбасары.
Ол мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы түрлі мәселелерге арналған 50-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. 200-ден аса ғылыми, ақпараттық және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
106 жыл бұрын (1906-1980) химик-органик, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ШОМБАЛОВ Тайыр Көкешұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында туған. Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1933-1934 жылдары - Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының оқытушысы. 1934-1979 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті органикалық химия кафедрасының доценті, меңгерушісі, табиғи қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі болған.
Негізгі ғылыми еңбектері табиғи қосылыстар химиясына арналған. Ол органикалық химияда жаңа ғылыми бағыт - өсімдіктер химиясын қалыптастырған. Қазақстанның 300-ден астам өсімдігінің полифенолдық құрамын зерттеп, көптеген биологиялық активті заттар, жаңа емдік дәрілер алған және оларды медицинаға енгізген. Ғалымның 10 авторлық куәлігі бар.
106 жыл бұрын (1906-1983) геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕСПАЛОВ Вениамин Федорович дүниеге келді.
Ресейдің Сызрань қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетінің және Қазақ политехника институтының доценті, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының Геология ғылымдары институты тектоника секторының меңгерушісі қызметін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері аймақтық геология мен тектоника мәселелеріне арналған. Қазақстанның көптеген тау-кен аймақтарының, көрші республикалардың геологиялық карталарының авторы және редакторы болған.
Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926) Қазақстанның халық мұғалімі, КСРО-ның және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы БАЛАХМЕТОВ Қожахмет Балахметұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. 1960-1968 жылдары - Көкшетау облыстық партия комитеті мектеп бөлімінің меңгерушісі, қалалық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, облыстық партия комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі. 1968-1970 жылдары - Көкшетау облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі. 1970-1974 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-інің ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1974-1987 жылдары - Қазақ КСР-інің Білім министрі. 1988-1998 жылдары - Ленин атындағы Кеңестік балалар қоры Қазақ республикалық бөлімшесінің (1992 жылдан бастап Қазақстан балалар қоры) басқарма төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы. 1999-2000 жылдары - Халықаралық балалар қорлары қауымдастығының вице-президенті. 1998 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі болған.
«Парасат», үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Ы.Алтынсарин, Н.Крупская, К.Ушинский атындағы медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
81 жыл бұрын (1931) тоқыма суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЯРЕМА Ирина Зиновьевна дүниеге келді.
Украинаның Львов облысында туған. Львов Мемлекеттік қолданбалы және декоративтік өнер институтын бітірген. Самарқанд жібек-мата фабрикасында, Алматы қаласындағы Қазақстан Жергілікті өнеркәсіп министрлігі жанындағы экспериментальды институтында еңбек еткен.
Ол шығыс тақырыбына арналған «Ескі Самарқанд», «Әлішер Науаи», «Регистан» атты гобелендер топтамасының, Қазақстандағы жартастарға салынған суреттер желісі бойынша салынған «Алатау», «Ежелгі аңшылық», т.б. суреттердің, сондай-ақ табиғат көріністеріне, индустрияға арналған көптеген өнер туындыларының авторы.
76 жыл бұрын (1936-2007) ғалым, техника ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының корреспондент мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы, Қазақстан өнеркәсібіне еңбек сіңірген қызметкер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері МҰҚАНОВ Дымкеш дүниеге келді.
Қарағанды облысы Тельман (қазіргі Бұқар жырау) ауданында туған. Ленинград (Санкт-Петербург) электротехника институтын бітірген. 1971-1980 жылдары - Бүкілодақтық автоматика ғылыми-зерттеу институтында директор, 1980-1992 жылдары «Черметавтоматика» ғылыми-өндірістік бірлестігінде бас директор, 1992-1999 жылдары «Казчерметавтоматика» АҚ-ының директоры, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Шикізатты кешенді өңдеу ұлттық орталығында директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері қара металлургия мәселелеріне арналған. 200-ден аса ғылыми еңбектің авторы. 40-қа жуық авторлық куәлік пен патенттің иегері.
«Халықтар достығы» орденімен марапатталған.
66 жыл бұрын (1946) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты МАНСҰРОВ Зұлхайыр Аймұхаметұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Сарқанд қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1968-2001 жылдары осы университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2001 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры болған. Сонымен қатар ҚазҰУ жанындағы докторлық диссертация қорғау диссертациялық кеңесінің төрағасы.
Ғалымның 250 ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 монографиясы, 3 оқу құралы және 20 авторлық куәлігі бар. 21 ғылым кандидатын және 3 докторын даярлаған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты көмірсутектер жануының кинетикасы мен механизмін, суық және күйе түзгіш жалындардың құрылымын, көмірсутектің түзілуі мен оның қолданбалы аспектілерін зерттеуге арналған. Ол табиғи минералды және өсімдік шикізаттарын ауыспалы металл қатысында көміртектендіру арқылы нано-өлшемді талшықты көміртегін алып, оның морфологиясы мен құрылымын терең зерттеді және оларды сорбент, катализатор түрінде қолдануды енгізді. Сонымен қатар мұнаймен ластанған топырақты термикалық әдіспен өңдеу үшін арнайы қондырғы құрастырды. Осы қондырғы арқылы мұнайды топырақтан бөліп алу және мұнаймен ластанған топырақты жол құрылысында суық асфальтты бетон дайындау үшін қолдану әдістерін ұсынды.
«Eurasian Chemico-Technological Journal» және «Жану және Плазмохимия» журналдарының бас редакторы, «Жоғары білім берудегі ақпараттық технологиялар» журналы бас редакторының орынбасары, «Жарылыс және жану физикасы» (Ресей) журналы редакциялық кеңесінің мүшесі, «Қазақстан ғылымдарының жаңалықтары», «ҚазҰУ жаршысы» (химия сериясы), т.б. журналдар редакциялық алқасының мүшесі.
«Құрмет» орденімен, РФ Жоғары мектеп ғылым академиясының медалімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1967) ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары АХМЕТЖАНОВ Саян Қылышұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітірген. 1986-1988 жылдары Кеңес Одағының Қарулы күштері қатарында әскери қызмет өткерген.1991-1996 жылдары аралығында Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында көмекші, аса маңызды істер бойынша тергеуші, жалпы қадағалау бөлімінің бас прокуроры қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары және 2002 жылғы желтоқсан 2003 жылғы желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Құқықтық сараптама бөлімінің консультанты, Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1999 жылғы сәуір - 2002 жылғы желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Бөлім, Басқарма бастығы, Мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2003 жылғы желтоқсан - 2005 жылғы қазан аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі қауіпсіздік департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2005 жылғы қараша - 2011 жылғы қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, Құқық қорғау бөлімінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2007 жылғы ақпан - 2011 жылғы қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның Хатшысы және мүшесі болған. 2011 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.