26 наурыздан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі іске қосылады

АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - 26 наурыздан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі іске қосылады.

Бұл туралы бүгін Астанада БАҚ өкілдеріне ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, елімізде әкімшілік реформа жүргізу аясында бірқатар маңызды шаралар қабылданады. Олар 2 бағытта атқарылады. Бірінші бағытта мемлекеттік қызмет саласы одан ары жетілдірілсе, екінші бағытта өзін-өзі басқару саласында маңызды қадамдар жасалады.

«26 наурыздан бастап «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар күшіне енуіне байланысты бізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жұмыс істей бастайды. Яғни, мемлекеттік қызмет жаңа жүйеге көшеді»,- деді ол.

Сонымен қатар Ғ.Әбдірахымовтың сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметкерлердің құқығы тұрғысынан алып қарағанда да бірқатар өзгерістер орын алады. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер санатына А корпусы қосылады.

«А корпусына министрліктердегі қазіргі жұмыс жасап жатқан жауапты хатшылар, комитет төрағалары, ал жергілікті басқару органдарынан аудан әкімдері кіретін болады. Барлығы А корпусына 400 лауазымды адам кіреді. Олардың мәселесін Ұлттық кадр комиссиясы қарайды», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытқа А корпуына кіретін лауазымды қызметкерлерге арналған тест бағдарламасын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дайындауда. Олар тест тапсырғаннан кейін Ұлттық кадр комиссиясынан сұхбаттасудан өтеді. Осыдан кейін әрбір үміткердің қандай лауазымды қызметке баратындығы шешіледі.