26 шілде. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 26 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
68 жыл бұрын (1957) қазақтың мемлекет қайраткері, Зырян ауданының құрметті азаматы Ермак Бидахметұлы СӘЛІМОВ дүниеге келді.
1981 жылы Қазақ политехникалық институтын, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 1985-1987 жылдары бас инженердің қауіпсіздік жөніндегі орынбасары, «Ертіс» кенішінің № 3 жерасты тау-кен учаскесінің бастығы, 1987-1989 жылдары «Ертіс» кеніші партия бюросының хатшысы, 1989-1994 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы Ертіс полиметалл комбинаты Ертіс кенішінің No3 жерасты тау-кен учаскесінің бастығы, 1994-1996 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубоково әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, 1996-1997 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы «Ертіс полиметалл комбинаты» акционерлік қоғамының сенімді басқарушысы, 1997-1999 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы әкімінің орынбасары, 1999-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы «Ертіс мыс қорыту зауыты» ЖШС, «Ертіс тау-кен байыту комбинаты» ЖШС банкроттық жөніндегі менеджері, 2001-2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының әкімі, 2010-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданының әкімі, 2015-2021 жылдары Семей қаласының әкімі болды.
40 жыл бұрын (1985) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Кеңесқызы СҮЙІНДІК дүниеге келді.
Қостанай облысы Рудный қаласында туған. 2007 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, 2009 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін, 2015 жылы Ұлыбританияның Шеффилд университетін (магистратура) бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылыАстана қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің сарапшысы болып бастаған. 2008-2010 жылдары ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің бас сарапшысы, 2010-2016 жылдары ҚР Ақпарат және байланыс министрлігі Ақпарат және мұрағаттар комитеті электрондық БАҚ басқармасының бастығы, 2016-2019 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ақпарат комитетінің төрайымы, 2021-2022 жылдары «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметінде болды. 2022-2024 жылдары бизнес-құрылымдарда жұмыс істеді.
Қазіргі қызметін 2024 жылғы қарашадан бастап атқарып келеді.
89 жыл бұрын (1936-2021) белгілі ғалым, еңбек сіңірген офтальмолог, Қазақстан офтальмологиялық мектебінің негізін салушылардың бірі Жанар Ғабиденқызы МҰСТАФИНА дүниеге келді.
Новосибирск қаласында туған. 1960 жылы Молотов атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген, дәрігер-офтальмолог.
Еңбек жолы: Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары (1960-2003); Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры, Алматы мемлекеттік медицина институтының көз аурулары кафедрасының меңгерушісі, ТМД-дағы тұңғыш «Офтальмология» оқу-әдістемелік, ғылыми-өндірістік бірлестігінің меңгерушісі (1987-2001); Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, ректордың кеңесшісі, профессор (2003 жылдан); бас офтальмолог, Республикалық офтальмологтар ғылыми қоғамының төрайымы, диссертациялық кеңестің төрайымы болған.
300-ден астам ғылыми мақаланың, оның ішінде алты монографияның, әдістемелік ұсыныстар, оқулықтар, сөздіктер, Қазақстан мен Ресейдегі 50-ден астам өнертабыс пен патенттердің авторы. Мұстафина жетекшілігімен 20 кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды.
«Құрмет белгісі» (1976), «Парасат» (1998), Аве Витае ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» (КСРО), «Еңбек ардагері» (КСРО) медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен (1966, 1983); «КСРО денсаулық сақтау үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілерімен марапатталған.
75 жыл бұрын (1950-2023) «Дос-Мұқасан» тобының әншісі Ақжол Нұсқабекұлы МЕЙІРБЕКОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы, Арыс қаласында туған. Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепті бітірген; Өзбекстанның Наманган қаласындағы музыка мектебі; Ташкент ауылшаруашылық институтында агроном мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1978 жылы атақты «Досмұқасан» ансамбліне қабылданды. 1979 жылы «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігінің мүшесі, 1978-1985 жылдары «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі болды, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде ән шырқады. 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі және жетекшісі болды, 2001 жылы «Ақжол» ән театрын құрды, 2010 жылы «Досмұқасан» ансамблінің солисі болды.
2023 жылдың 25 қарашасында ұзаққа созылған аурудан кейін дүниеден өтті.
72 жыл бұрын (1953-2025) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, боксшы Геннадий Головкиннің тәлімгері Виктор Константинович ДМИТРИЕВ дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қарағанды тау-кен колледжін, Қарағанды педагогикалық институтын «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Костенко атындағы шахтада кенші; «Еңбек резервтері» қоғамында, Қарағанды қаласының әртүрлі спорт ұйымдарында жұмыс істеген; бокстан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушысы.
Ол кәсіпқой боксшы, IBF, WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 10 спорт шеберін, 20 спорт шеберіне үміткерді, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпаздарын дайындады.