26-шы сәуірде Чернобыль апатына 23 жыл толады

АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Сәуірдің 26-да адамзат тарихындағы ең ірі атом апаты - Чернобыль оқиғасына 23 жыл толады.

Бүгін осыған орай Алматыда «Чернобыль ардагерлерінің одағы» арнайы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Хиросима мен Нагасакидегі жарылыстан 350 есе қауіпті апатты ауыздықтауға 30 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Тек Алматы қаласы бойынша 16 мың адам апатты ауыздықтауға күш салды», дейді Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы Халел Төреғалиев. «Бүгінде Алматы қаласынан қатысқандардың арасынан 3 мыңдай адам ғана қалды. Олардың көпшілігінің тұрмыс-жағдайы, денсаулығы нашар. Чернобль апатын ауыздықтауға қатысқандар еліміздің 1995 жылғы 28-ші сәуірдегі заңына сәйкес Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген. Ал 1997 жылдан бастап, олар әлеуметтік жеңілдіктер, арнайы көмекке ауыстырылды. Мүгедек болғандарға берілетін сақтандыру алынып тасталды. Қазір олардың көпшілігі жұмысқа да жарамсыз», дейді Алматы қаласы бойынша Чернобыль апаты ардагерлері одағының төрағасы Игорь Кан. Сәуірдің 26-сы күні Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Чернобыль құрбандары еске алынып, ескерткішке гүл қою шарасы өтеді.