26 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2022 жылғы 26 тамызға арналған күнтізбені ұсынады.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет шығарды. Астанасы ретінде Орынбор қаласы бекітілді. Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің бірінші төрағасы болды.

Автономиялық Республика Ресей Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасының бөлігі ретінде құрылды. Құрамына Пав­лодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездерінен тұратын Семей облысы, Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездерінен және Омбы уезінің бір бөлігінен тұратын Ақмола облысы берілді. Омбы уезінің Қазақ және Сі­бір бөліктерін дәл межелеуді Қаз­ревком мен Сібіревком өзара ке­лісіп жүзеге асырады деп ескер­тілді. Республикаға, сондай-ақ Торғай (Қостанай, Ақтөбе, Ыр­ғыз, Торғай уездерімен), Орал (Орал, Ілбішін, Темір, Гу­рьев уездерімен) облыстары, Каспий сырты облысының Маң­ғыстау уезі, осы облыстағы Крас­новодск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губер­ния­сынан Синеморская болысы, Бө­кей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жер­лерінің аумағы берілді. Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары Қазревкомға қаратылды. Түркістан Республика­сының құрамында тұрған қа­зақ территорияларын Қазақ Рес­публикасы құрамына қосу сондағы халықтың ерік-жігері нәтижесінде жүзеге асырылады деп белгіленді. 1924 жылы құрамына Жетісу және Сырдария облыстары кірді.

1998 жылы Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдына ұлы тарихшы, шығыстанушы, ойшыл, ақын, қолбасшы Мұхамед Хайдар Дулатиге ескерткіш орнатылды.

1999 жылы Қазақ ұлттық университеті ғимаратында академик Өмірбек Жолдасбековке ескерткіш тақта орнатылды.

2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдық мерейтойына арналған жаңа көркем пошта маркаларының таныстырылымы болып өтті. Пошта маркасында Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығын тойлау рәсімі бейнеленген. Марка офсет әдісін қолданылып төрт түрлі бояумен орындалған, өлшемі 33 х 27,5 мм. Ресімдеуші – Р. Жапалова. ҚХР байланыс және ақпараттандыру министрлігі жанындағы Қытай пошта маркаларының типографиясында жасалған.

2010 жылы Өскеменде қаладағы ең үлкен сағат орнатылды. Металдан жасалған жаңа құрылыстың биіктігі 10 метр, сағат бауының ені – 1 метр, 20 сантиметр, циферблатының диаметрі – 3 метр.

2011 жылы Астанадағы Ұлттық теннис орталығына Азия теннис орталығы дәрежесі берілді. Енді әлемде екі Азия теннис орталығы бар: біреуі Бангкокта, екіншісі Астанада.

2011 жылы Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының сахнасында ұлы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов пен белгілі қазақ драматургі Қалтай Мұхамеджановтың әлемге әйгілі «Көктөбедегі кездесу» спектаклі қойылды. Пьеса 30 жылдан бері әлем театрлары сахнасынан түспей келеді. Кезінде ол Вашингтонда, Лондонда, Токиода да қойылған болатын.

2013 жылы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ІІ халықаралық форум аясында ғылыми-техникалық конференция өткен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Алтайтану» орталығы ашылды.

Оның жұмысына Моңғолия, Қытай, РФ Алтай өлкесі, басқа да шет елдер қатысты.

2014 жылы Лондонда Қазақстанның бейбітшілік және келісім орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталықтың ашылуы этносаралық толеранттық және қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін танытуға, мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуға, саяси, сауда-экономикалық және білім беру, мәдени ынтымақтастықтың басым секторларында екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуге бағытталған.

2015 жылы Сеулде (Оңтүстік Корея) Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі Айман Мұсақожаеваға Данкук университетінің (Оңтүстік Корея) Құрметті PhD ғылым докторы атағы берілді. Бұл дипломды әлемге әйгілі қазақстандық скрипкашы университет президенті Хо-сунг Чангтың қолынан алды.

2016 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының аумағында Төмен байытылған уран банкі ғимаратының құрылысы басталды. МАГАТЭ-нің Қазақстанды таңдауын елдің халықаралық аренадағы жоғары беделі мен әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанға деген жоғары сенімінің айғағы болды.

2017 жылы Қарағандыда рок жұлдызы Виктор Цойға ескерткіш қойылды. Трафарет түрінде жасалған ескерткіште Күннің тұтылуы өрнектеліп, Күннің ішіне Виктор Цойдың кескіні түсірілді.

2019 жылы «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясы жарыққа шықты. Аталған топтамаға 13 ақынның туындысы енген. Нақтырақ айтқанда, «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясында Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтың өлеңдері жинақталған. 13 кітаптың әрбіріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі алғы сөзін жазды. Мемлекет басшысы төл әдебиетімізді ұлықтап, жауһар поэзиямызды ұрпақтың игілігіне айналдыру керектігін атап өткен.

2019 жылы 398 спортшы қатысқан «Vienna Open» халықаралық турнирінде қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік әйелдер арасындағы сайыста бірінші орынға ие болды. Қыздар арасындағы үздік нәтижесі үшін аты аңызға айналған Нана Александрияның қолынан арнайы сыйлық алды.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін «Жанұя» орталығы ашылды. Орталық «Бір терезе» қағидатымен барлық қажетті қызметтерді біріктіреді. Атап айтқанда, астана тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту, балабақшаға кезекке қою туралы және мемлекеттік бағдарламалар бойынша толық ақпарат түсіндіріледі. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында 12 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жұмыс істейді, олар 70-ке жуық қызмет түрін көрсетеді.

2020 жылы АҚИҰҒО орталық референттік зертханасы зертханалық биологиялық қауіптерді басқарудың жаңа халықаралық стандарты бойынша аккредиттелген Орталық Азиядағы және әлемдегі ең алғашқы зертханалардың бірі атанды. Аталмыш стандарт қауіпті биологиялық агенттер және материалдармен жұмыс істеу талаптары мен ұсыныстарын белгілейді. М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында ISO 35001 «Зертханалардағы биоқауіптердің менеджменті» халықаралық сертификаттарын табыстау салтатаны өтті.

2021 жылы Семей қаласындағы музейде Абайдың 1885 жылы жазылған Қарамола жарғысы көптің назарына ұсынылды. Заңдар жинағы 2018 жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы қызметкерлерінің Қазан қаласына жасаған сапары барысында табылған. Кодекс 1885 жылы Қарамола елді мекеніндегі съезде, Абай жоғарғы би болып сайланғанда қабылданған. Содан кейін Семей әскери губернаторының бұйрығымен құжат Қазан университетінің баспасында араб әліпбиімен шығарылды. Қарамола жарғысы – бұл адам құқығы мен бостандығын қорғау туралы ережелер жинағы.

2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 1918-1919 жылдары Петропавлда басылып шыққан «Жас Азамат» газетінің барлық шығарылымы бір кітапқа жинақталды. Кітапта осы газеттің барлық басылымдары жүйеленген, олардың араб графикасындағы көшірмелері қоса берілген. Онда алашордалықтардың мақалалары жарияланды.

2021 жылы Германияның Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жерінде Қазақстан Республикасының құрметті консулының бюросы ашылды. Құрметті консул лауазымына «WILO SE» компаниясының басқарма төрағасы және президенті, Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Оливер Гермес тағайындалды. Жаңа Құрметті консулға консулдық патентті ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов ресми түрде табыс етті.