«26 жастағы жеті баланың анасы қамқорлықтан неге тыс қалып отыр?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 мамыр, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

                                                                                         ***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумының салтанатты ашылуы болып өтті. Осы алқалы жиынға арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Әлем экономикасына Астана төрінен көзқарас» деген тақырыппен берілді. «Қазақстан іс жүзінде өзінің таңдап алған жолының өміршеңдігін көрсетіп отырған ел ретінде біздің гүлденуіміз және басқа да мемлекеттердің гүлденуі тұрақтылық пен бейбітшілік болмайынша мүмкін емес екендігін жақсы түсінеді. Осыған байланысты әлем үздіксіз прогреске қарай дамуы үшін барлық мемлекеттер үшін міндетті болатын ХХІ ғасырдағы әлемдік құрылыстың қағидатты іргетасын қалауы керек. Адамзат өркениетінің даму құрылымы, менің ойымша, мынадай 5 принципке негізделуі керек, оны мен G-GLOBAL қағидаты деп атауды ұсынамын», - дейді Елбасы.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанадағы «Рэдиссон» қонақ үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің және Түрік Республикасының Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен Қазақ-Түрік бизнес форумы болып өтті. Шара барысында Қазақстан Үкіметі басшысы Кәрім Мәсімов құттықтап, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде екі туысқан халықтың достығының тамыры тереңнен басталатындығын атап көрсетті. Одан кейін сөз кезегі Түрік Республикасының Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанға берілді. «Бірінші кезекте мен Түрік Республикасының делегациясын ыстық ықыласпен қарсы алып, жұмысымыздың жемісті жалғасуына жағдай жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті, аса құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс сезімімді білдіремін деді ол. Біз Астанада өзімізді қонақ ретінде емес, туған қаламызда жүргендей сезінудеміз. Туысқан екі халықтың достық сезімінің қуаттылығы да осында. Біз шын мәнінде өзіміздің атамекенімізде жүрген сияқтымыз», - деді Түрік Премьер-Министрі.

 ***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокинмен арадағы сұхбат «Құрылысты Еуропалық базаға көшірудің бірден-бір жолы  саланы техникалық реформалау» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Құрылысты еуропалық базаға көшірудің бірден-бір жолы  саланы техникалық реформалау. Еурокодтарға көшу озық технологиялар мен инновацияларды пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің аумағында инвестициялық жобаларды іске асырған кезде техникалық кедергілерді жояды. Біздің жақын көршілеріміз және серіктестеріміз Ресей, Украина және Беларусь елдері әлдеқашан  осы жолға түсті», - дейді.

«Қазекем бұрындары шарананы шаңырақ шаттығына балайтын еді. Қазір бала санын шектеу әдетке айналып барады. Дегенмен елдің іші емес пе, жастар арасында да көпбалалы ана болуды артық көрмейтін нәзікжандылар да кездеседі. Қызылорда қаласының тұрғыны Нәзира Сабырәлиева сондай әйелдердің бірі болып отыр»,- деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі нөмірдегі «26 жастағы жеті баланың анасы неге қамқорлықтан тыс қалып отыр?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жеті баланы өмірге алып келген Нәзира осы күндері қаланың шеткі бөлігінде пәтер жалдап тұрады. Ол осыдан екі жыл бұрын пәтер кезегіне алынған екен. Арада екі жылдай өтсе де, үй кезегі ілгері жылжитын түрі жоқ. Тасбақа аяңмен алға басар емес.

***

«Түркімен билігі елдің бұқаралық ақпарат құралдарына КСРО мен Германия арасында болған соғысқа қатысты «Ұл Отан соғысы» деп аталатын терминді айтуға тыйым салды. Енді қалай атау қажет?» деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Соғысты айтуға тыйым салды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 8 мамыр күнінің ертеңінде елдің Мәдениет министрлігінен бұл соғыстың жылдарын ғана көрсетіп айту туралы ауызша нұсқау келіп түскен. Сонымен қатар бұл бұйрықты дабыра етпеу жағы да атап көрсетілген. Себебі бұл мәселе Кремль билігіне ұнамауы мүмкін.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев V Астана экономикалық форумы аясында Германия Федеративтік Республикасының экс-президенті Хорст Кёлермен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы мен ГФР-дің бұрынғы президенті форумның күн тәртібін талқылады, жаhандық және аймақтық экономика мәселесін қарастырды, әлемдегі ағымдағы саяси жағдай туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Германия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына жатады. 2010 жылы өзара сауда көлемі 3,6 миллиардқа жуық АҚШ долларын құрады. Ал 2011 жылы аталған көрсеткіш 2,8 пайызға өсіп, 3,7 миллиард долларға жетті.