26 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 26 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

26 желтоқсан. СЕЙСЕНБІ.

Словенияның тәуелсіздігі мен ынтымақтастығы күні

1990 жылғы 26 желтоқсандағы референдумның қорытындыларын жариялайды. Референдум 1990 жылғы 23 желтоқсанда өткізілген болатын.

Британияда сыйлықтар күні

Ұлыбритания және Британ ұлттар достастығының бірқатар елдері: Австралия, Жаңа Зеландия, Канадада Рождестводан кейін келесі күні атап өтілетін мереке.

Болгарияда әкелер күні

Бұл күнді батыс христиандары Рождестводан кейін атап өтеді. Осы күні барша бала әкесіне өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тарту етеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Қазақстанның жоғары әскери-оқу орны - Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі академиясы құрылды. Ол Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне, ҰҚК-нің басқа бөлімшелері мен органдарына офицерлер даярлайды.

1975 жылы Мәскеу-Алматы тас жолы бойынша  әлемде алғаш рет «ТУ-144» дыбыстан ұшқыр ұшағы коммерциялық жүкпен  ұша бастады.

1960 жылы Тың өлкесі құрылды. Оның құрамына Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді. Тың өлкесі 1965 жылғы 19 қазанда таратылды. Әкімшілік орталығы - Целиноград (бүгінгі Астана) қаласы болды.

1980 жылы Республикалық неміс драма театры ашылды. Оның алғашқы қойылымы ресейлік неміс жазушысы Александр Раймгеннің қазақтардың немістермен өзара қарым-қатынасы туралы пьесасына жазылған «Первые» спектаклі еді.

1991 жылы Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1995 жылы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік» туралы Заңы қабылданды.

2005 жылы жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» атты жаңа кітабы таныстырылды. Ондағы басты кейіпкер - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл Қазақстандағы аса маңызды тарихи оқиғаларды, оның ішінде Астананың көшуін арқау еткен роман. Шығармада Президенттің ел өміріндегі алатын орны ой елегінен өткізілген. Кітаптың таралымы - 2 мың дана.

2005 жылы Ақтөбе облысының Алға ауданында Мұхамбетқазы хазірет Меңдіғұлов атындағы мешіт ашылды. Осыдан екі ғасыр бұрын Алғаның маңындағы Ақкемер кентінде ғұмыр кешкен хазірет Меккеге бірнеше рет барып қайтқан исламның адал да беделді қызметшісі болуымен бірге, өлке тарихында ағартушылық еңбегімен аты қалған өз заманының сауатты азаматы. Ол Ресей патшасының қабылдауында болып, Ақкемерде мектеп ашуға рұқсат алған болатын.

2005 жылы Семейде жаңа медресе ашылды. Діни оқу мекемесі Әнет баба атындағы Орталық мешіттің жанында орналасқан. Кеңес дәуірінде Семей өңірінде 14 мешіт болған екен. Абай шығармаларында да ХІХ ғасырдың соңында өңірде 8 мешіт, 8 медресе болғандығы айтылады.

2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

2006 жылы Павлодарда Чернобыль атом электр стансасы апатында құтқаруға қатысқан павлодарлықтарға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.

2008 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қаракөл ауылында Қазақстан Республикасының композиторы, еңбек сіңірген ұстазы Нәсекен Сүлейменовтің мұражайы ашылды.

2009 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылдық қуаты 50 миллион кірпішті құрайтын жаңа зауыт іске қосылды. Керамикалық кірпіш шығаратын кәсіпорынды «Вершина» ЖШС салып шықты.

2009 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жаңа редакциядағы «Корсар» балетінің премьерасы болды, оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.

«Корсар» балетінде К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлфайрус Құрманғожаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары мен дипломанттары Жандос Әубәкіров, Рүстем Сейітбеков, Тайыр Ғатауов, Ғалия Мажағұлова, Елена Семенова, әртістер Жанәділ Бейсембиев пен Жанат Сәрсембаев ойнады.

2011 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңына қол қойды.

2011 жылы Екібастұздың минералдық бұйымдар зауытында республикада тұңғыш рет базальтты жылу өткізбейтін материалдар шығару игерілді.

2012 жылы Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестіруші кеңесінің отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны ШЫҰ қызметінің мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі, СІМ ерекше тапсырма бойынша елшісі Шахрат Нұрышев басқарды.

2012 жылы Алматыда «Қазақстан-2050 стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағамы» атты Президенттің Жолдауын талқылауға қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық жиыны өтті.

Мәжіліс барысында «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі ережелері талқыланды, Мемлекет басшысының Жолдауын ақпараттық-насихаттау және ғылыми-талмадамалық сүйемелдеу бойынша Ассамблеяның жұмыс бағыттары қаралды.

2012 жылы Үкімет үйінде «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық мәселелеріне қатысты жиын өтті.

Мәжіліс қатысушылары 2013-2018 жылдарға арналған «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық жоспардың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, көрменің тіркеу құжаттамасының жобасын әзірлеу, Халықаралық көрме бюросының кеңсесімен өзара іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік корпорация құру мен оның қызметінің мәселелері қаралды.

2012 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты «Шын жүректен» қайырымдылық акциясын өткізді.

Акцияның мақсаты - көп балалы отбасыларға жәрдемдесу. Акцияға бастамашылық еткен - Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров. Желтоқсанның басында ол  Жоғарғы сот судьялары мен аппарат қызметкерлеріне Астана аумағында тұрып жатқан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді ұсынды.

2012 жылы Талдықорғанда жаңа сүт зауыты ашылды.

2012 жылы Астанада «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакциясында «Олжалы отызыншы Олимпидада» кітабының таныстырылымы болды, онда Қазақстан ұлттық олимпиадалық құрамасының Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы жарқын жеңістері баяндалған.

2013 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қазақстандағы Халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне арналған «дөңгелек үстел» өтті.

2013 жылы Алматыда Ұлы Шыңғысхан күніне арналған екінші Жалпытүрік құрылтай-конференциясы өтті. Ірі ғалымдар мен Шыңғысханның өмірін зерттеушілер ашқан жаңалықтарымен, белгісіз болып келген қызықты тарихи фактілермен бөлісті. Осы конференция аясында Қазақстанның жас ұрпағы өз отаны мен ұлы бабалары жайлы көптеген мағлұматтар алды.

2014 жылы Ақмола облысының Целиноград ауданында мемлекеттік тілді оқыту бойынша орталық ашылды.

2014 жылы Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасында екіжақты ынтымақтастық бойынша Бірлескен үкіметаралық комиссияның 14-ші отырысы болып өтті. Оның қорытындылары бойынша бірлескен Хаттамаға қол қою рәсімі өтті.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары аясында Санкт-Петербургте «Байқоңыр» кешеніндегі келешектегі ынтымақтастық тұжырымдамасына қол қойылды . Тұжырымдама Қазақстан мен Ресей президенттерінің «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастықтың перспективаларын пысықтау туралы уағдаластықтарына сәйкес әзірленді және 2050 жылға дейін есептелінген. Тұжырымдама жалға алу қатынастарын жалғастыру аясында Тараптардың бірлесіп Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының инфрақұрылымын дамыту (жетілдіру), инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй салу, туризмді дамыту туралы уағдаластығын бекітеді. Бірақ бастысы - бұл ғарыш айлағының қолданыстағы инфрақұрылымының негізінде жаңа бірлескен ғарыштық жобаларды және ең алдымен «Бәйтерек» жобасын іске асыру.

ЕСІМДЕР

123 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі РЫСҚҰЛОВ Тұрар дүниеге келді.

1907-1910 жылдары Тұрар Меркідегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркіде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Меркі ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды.

Рысқұловтың саяси, мемлекеттік қызметкер ретіндегі есімі Мұсылман бюросындағы қызметімен байланысты кеңінен белгілі болды. Оның басшылығымен Мұсбюро Орталықтың қысымы мен диктатына қарсы үнемі күрес жүргізді. Түркі Республикасы мен Түркі компартиясын құру жөніндегі Рысқұлов көзқарастары Мұсбюроның ІІ конференциясында қолдау тапты. Бірақ орталық араласып, түркістандықтардың ұлттық бағдарлануға деген еркіндігін басып тастады. Тұрарға пантюркизм мен ұлттық ауытқу жөнінде айып тағылып, өмірінің соңына дейін қамалды. Т.Рысқұлов 1920 жылы Бакудегі Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысты. 1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары, 1922 жылы Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі ретінде жіберілді. 1925 жылы Қазрайком БКП (б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары. Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден астам мақала шықты. 1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшыраған. Алматыда ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады.

109 жыл бұрын (1908-1992) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ИБРАГИМОВА Тәмті Зәріпқызы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Ол 1931 жылы Қазақ радиосы комитетінің республикадағы тұңғыш дикторы болған. Мұхит әндерін алғашқы орындаушылардың бірі. Ибрагимова орындаған әндерді өнер маманы Б.Ерзакович нотаға түсірген. 1932-1935 жылдары Қазақ драма театрында өнер көрсеткен. «Майдангер композиторлар әндері», «Жас қазақ», «Мәңгілік алау», «Песня, рожденная  в битвах» атты кітаптардың авторы.

46 жыл бұрын (1971) Жамбыл облысы жер қатынастары басқармасының басшысы ЖАЙЛЫБАЕВ Бейбітбек Шыңдалыұлы дүниеге келді.

Білімі жоғары, 1994 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын зооинженер және 2009 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1997 жылы Т.Рысқұлов ауданында «Ақбұлақ» АҚ-да зоотехник-селекционер болып бастаған.

1999-2004 жылдары Т.Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 2004-2005 жылдары Т.Рысқұлов аудандық шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау комитетінің төрағасы,  2005 жылы 01-10 Т.Рысқұлов ауданы әкімінің бас инспекторы, 2005-2006 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, 2006-2011 жылдары Т.Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, 2011-2012 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, 2012-2015 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары. 2015 жылдың мамыры мен шілдесі аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2015-2016 жылдары - Сарысу ауданының әкімі. 2016 жылдың қараша айынан бері қазіргі қызметінде.

41 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрінің орынбасары ЖҰМАҒҰЛОВ Айбатыр Нышанбайұлы дүниеге келді.

1997 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітіріп, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясынан экономика магистрі дәрежесін алып шыққан.

Еңбек жолы: ҚР Ұлттық банкі экономикалық зерттеулер басқармасының жетекші аналитигі (1999-2002); «Банк Центр Кредит» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры (2002-2004); «BCC-Invest» АҚ («Банк Центр Кредит» ААҚ Еншілес инвестициялық бөлімшесі) Басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2004-2009); ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде Базалық салалар департаментінің директоры (2009-2010); «Baur Kazakhstan» компаниялар тобында Директорлар кеңесінің мүшесі (2010-2013); «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры (2013); «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы (2013-2017).

Қазіргі лауазымын 2017 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.

35 жыл бұрын (1982) Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі ДУДОВ Владимир Сергеевич дүниеге келді.

Көкшетау облысы (қазiргi Ақмола) Чистопол ауданының Тахтаброд ауылында туған. А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетiн аяқтаған (заңгер). Еңбек жолын коммерциялық салада бастап, түрлi қызметтерде iстеген. 2005-2009 жылдар аралығында Солтүстiк Қазақстан облысы Ғабит Мүсiрепов атындағы аудан әкiмi аппаратының бас маманы, ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмысы жөнiндегi бөлiмiнiң бастығы болып жұмыс iстедi. 2009 жылдан Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi аппаратының бас инспекторы, басшының орынбасары - ұйымдастыру-инспекторлық бөлiмнiң меңгерушiсi, аппарат басшысы қызметiн атқарды. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлiмiнiң инспекторы, мемлекеттiк инспекторы болды. 2014 жылғы қазаннан бастап Солтүстiк Қазақстан облысы Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның әкiмi болып тағайындалды.



124 жыл
 бұрын (1893-1976) ХХ ғасырдағы қытай мемлекеттік және саяси қайраткері Мао ЦЗЭДУН дүниеге келді.













89 жыл
 бұрын (1928) америкалық инженер және физик, ұялы телефонмен алғашқы қоңырау шалған адам ретінде белгілі Мартин КУПЕР дүниеге келді.












68 жыл 
бұрын (1949) Шығыс Тимордың 2007-2012 жылдардағы президенті Жозе Мануэл РАМУШ-ОРТА дүниеге келді.













64 жыл 
бұрын (1953) Эстонияның КСРО-ның құрамынан шыққаннан кейінгі үшінші мемлекет басшысы және эстон мемлекеті тарихындағы төртінші мемлекет басшысы, дипломат, журналист Тоомас Хендрик ИЛЬВЕС дүниеге келді.












64 жыл
 бұрын (1953) доминикан саясаткері, 1996-2012 жылдары Доминикан Республикасының президенті  Леонель ФЕРНАНДЕС (толық аты-жөні - Леонель Антонио Фернандес Рейна) дүниеге келді.