26 желтоқсан. Жылнама

Фото: Kazinform/Midjourney

Kazinform оқырман назарына 26 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1931 жылы Қазақстанның жоғары әскери-оқу орны – Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі академиясы құрылды. Ол Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне, ҰҚК-нің басқа бөлімшелері мен органдарына офицерлер даярлайды.

1960 жылы Тың өлкесі (Целинный край) құрылды, оның құрамына Ақмола, Көкшетау (қазіргі Ақмола облысының және Солтүстік Қазақстан облысының бөлігі), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді. Әкімшілік орталығы – Целиноград қаласы (1961 жылға дейін – Ақмола). 1965 жылы 19 қазанда таратылды.

1980 жылы орыс-неміс жазушысы Александр Реймгеннің пьесасы желісі бойынша қазақтар мен немістердің өзара қарым-қатынасы туралы «Тұңғыштар» спектаклімен Республикалық неміс драма театры ашылды. Спектакльдің режиссері және труппаның алғашқы жетекшісі – Е.С. Аракелов.

1991 жылы Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1995 жылы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды.

2009 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жаңа редакциядағы «Корсар» балетінің премьерасы болды, оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. «Корсар» балетінде К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлфайрус Құрманғожаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары мен дипломанттары Жандос Әубәкіров, Рүстем Сейітбеков, Тайыр Ғатауов, Ғалия Мажағұлова, Елена Семенова, әртістер Жанәділ Бейсембиев пен Жанат Сәрсембаев ойнады.

2017 жылы Астанадағы кітапханаға беларусь баспагері Франциск Скоринаның қолжазба басылымдар жинағы сыйға тартылды. Ағартушының дүние жүзі бойынша жиыны 520-ға жуық басылымы Ұлыбритания, Германия, Дания, Литва, Польша, Словения, Ресей, АҚШ және Украинаның кітапхана, музей мен мұрағаттарында жинақталған.

2018 жылы Қазақстанның Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет бітімгерлер қатарына әскери қызметкер әйел, майор Шолпан Тауышова қосылды. Бір жыл бойы 30 елдің әскери қызметкерлерімен бірге майор Шолпан Таушева Батыс Сахарадағы бітімгершілік миссиясына әскери бақылаушы ретінде қатысады.

2018 жылы Түркияның Болу қаласына түркі жұртына ортақ тұлға Көроғлының ескерткіші орнатылды. Қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұровтың туындысы ескерткіштің атымен аттас халықаралық саябаққа қойылды. салмағы 500 тонна, биіктігі 70 метр болатын алып мүсін Түркияға бөлшектеліп жеткізілді. Жобаның аннотациясын белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменов жазды. «Көроғлы» – XVII ғасырда Орта Азия мен Таяу Шығыста кең таралған түркі халықтарының фольклорлық-эпикалық ескерткіші.

2019 жылы бокс туралы ең көне басылым болып саналатын британиялық Boxing News журналы (1909 жылдан бастап шығады) 2019 жылғы кәсіпқой бокстың үздік он айқасын жариялады. Геннадий Головкиннің жекпе-жегі жылдың үздік бестігіне енді.

2019 жылы әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдағы жылдың үздік әртісі атанды.

2024 жылы Астанада Қазақстан мұсылмандарының Х құрылтайы өтті. Төраға және Жоғарғы мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды. Съезге жиналған шамамен 300 делегат бұл кандидатураны бірауыздан қолдап дауыс беріп, Наурызбай қажы Тағанұлын Жоғарғы мүфти лауазымына қайта сайлады.