26 жыл трактор жүргізген кейуана: Бірінші күні батпаққа батырдым

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Қазиза Кеңесбаева биыл 80 жасқа толды. Ол 26 жыл трактор жүргізіп, еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі арқасында абырой-құрметке бөленді. Ол ілуде біреуге ғана берілген сол кездегі жоғары марапат – КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері. ҚазАқпарат тілшісі Қазиза Қожанқызын әңгімеге тартқан еді.

- Қазиза Қожанқызы, тракторшы ерлерге тән мамандық деп білеміз, бұл кәсіпке қалай келіп жүрсіз?

- Тайынша ауданы Теңдік ауылының тумасымын. Әкеден жастай қалдық, бес баланы шешеміз жалғыз өсірді. Анама аз да болса көмектесейін деп еңбекке 14-15 жасымда араластым. Көрші кеңшарларға барып түрлі жұмыста істедім.

1962 жылы біздің ауылда тракторшыларды даярлайтын 6 айлық курс ашылды. Мен анама осы оқуға барайын, қолымнан келмесе қоярмын дедім. Сол курсты оқып, күзде тракторшы куәлігін қолыма алдым.





- Тракторшы ретіндегі алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?

- Ия, әрине. Сол жылы тракторшы куәлігін алғаныммен, анам «ойбай ұят болады, қазақ қызысың, тракторды жүргізгенің дұрыс болмас» деп жібермеді. Тек келесі жылы ғана жазда шөп шабу үшін тракторға отырмақ болдым. Кішкентай ғана қызбын, маған қай жақсы техниканы берсін, кабинасы жоқ ескі трактор бұйырды. Шөп тырмалау үшін қасыма бір баланы қосып берді көмектеседі деп. Екеуіміз шөп шауып жатқан шабындыққа жету үшін тракторға отырып кеттік. Жолда әлгі техникамыз сөніп қалды. Екеуіміз де дұрыс білмейміз, әупірімдеп қайта жүргізіп алдық.


Шабындық басына барып, тырнауышты тіркеп іске кірістік. Ол кезде қамысты шабады. Бригадир анадайдан қолын бұлғап, бізге келме дейді, біз оны керісінше түсініп, қамыстың ішіне кірдік те кеттік. Су трактордың ортасына жетті, одан жаңбыр келе жатыр. Екеуіміз де жеңіл киінгенбіз. Ал отырып алып жыла. Жаңбыр аралас бұршақ құйып жауып жатыр. Содан бізді тракторымызбен жауын басылғасын сүйреп шығарып, үйге әкелді.

Содан бастап кеттім. Күзде Т-40 тракторын берді. Ол кезде кеңшардың малы болатын, қыста малда жұмыс істедім. Кейін МТЗ-50, МТЗ-80 тракторларын жүргіздім. К-700-де істедім.


- КСРО-ның мемлекеттік сыйлық иегері екенсіз. Бұл үлкен марапаттардың бірі ғой сол кезде... Сыйақыны қайда жұмсадыңыз?

- Еңбек ер атандырады ғой. Ол кезде Красноармеец аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің механизаторымын. 1986 жылы жүгері жинайтын жаңа КСК комбайнын берді. Үш адам - Тастан Ахметов, Владимир Коваленко бар - топ құрып жүгері шабуға шықтық. Пішендемені гектарынан 120 центнер алуымыз керек еді жоспар бойынша, ал біз гектарынан 220 центнерден алдық. Алқаптан фермаға 31 мың центнерге жуық жүгері балаусасын және 5 мың центнерден астам пішендемені жеткіздім. Сондықтан маған КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын берді. Ал берген қомақты сыйақыны Әлемдік қайырымдылық қорына, Африка балаларының мұқтажына жібердім.




- Теңдік ауылында Сізден үлгі алып, тракторда істеген тағы қыз-келіншектер болды ма?

- Ия, әрине. 1977 жылы менің жолымды қуып қыздар маған тракторға мінеміз деп келді. Олар: Айман Тоғаева, Күлбайра Ерғалиева, Нәсипа Ақмерова, Валентина Тупитина, Юлия Пьянчук, Балқия Қасқұлақовалар. Кейін тракторда Балқия 5 жыл, Юлия 15 жыл істеді.

- Қандай қиындықтар болды? Сізге әйел адам деп, жеңілдік жасаған жоқ па? Басқа жұмысқа кету ойыңызда болмады ма?

- Екі қызымды өмірге әкелдім, үйдің шаруасы бар. Жас інілерім, сіңлілерім бар. Ерлермен қатар механизатор болдым, сен әйелсің, бұл саған қиын болады деп жеңілдік жасалған емес. Қыста малда, жазда алқапта жүретінмін. Көктемде жерді бораналаймыз, егін себеміз. Оңай болған жоқ. Бірақ өзіме ұнағаннан кейін 26 жыл осы тракторды жүргіздім, басқа жұмыс іздеген жоқпын.



- Басыңыздан өткен қызықты оқиғалармен бөлісіңізші..

- Бір жылы бізде сабан болмай қалды. Содан екі К-700 екі тіркемеден жалғап алып, сабан әкелуге шықтық. Соколов кеңшарына барып, солардың алқабынан тасыдық. Екінші күні келе жатқанда электр пойызының жолына шығып кетіппіз. Енді бұрылып шығайық десек, шыға алмаймыз. Содан милиция келді жүгіріп. Қасымдағы ер адамға «сен еркексің ғой, айналайын, сен түсіп айтсайшы, түсіндірсейші жағдайды десем, жоқ, сен бар» дейді. Сөйтіп, сөйлесіп, малдың аш тұрғанын, тракторды бұрыннан жүргізетінімді айтып едім, олар біздің алдымызға түсіп, жолдың басына апарып, шығарып жіберді де, қайтадан тоқтаған жерімізге әкеліп, жол көрсетіп жіберді.


Қызығы, тағы да сол сабанды тасып жүргенде қараңғы түсіп кетті. Қасымдағы әріптесім грейдермен кетіп қалған, мен астына түсіп кеткенмін. Бір қарасам, КАМАЗ-дың артынан келе жатырмын. Содан тоқтап, екінші тракторды тауып, соңына ілестім.

Қар тоқтатып жүріп, боран тұрып кетіп, адасқан кездерім де болды. Жолды таба алмайтын болғандықтан тракторда қонып, таң атысымен ауылға оралғам.

Бұрын қар қалың жауатын, жолды қар алып қалады. Сол кезде К-700-ге мініп, жол ашуға шығам. Грейдерде машиналар батып тұрады, оларды шығарып, жол ашып жіберем, ол кезде көп бидай тасиды. Аудан орталығына келіп, ауылға жете алмай тұрған кісілерді ала кетем. Ауылдың фельдшері «Қазиза Қожанқызы, әйелдердің босанатын мерзімі жақындап қалды, жолыңды ашып қой» дейді.




- Еңбегіңіз еленді ғой?

- Әрине, жалпы, өмірге өкпем жоқ. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерімін. КСРО-ның халық депутаты, Кеңес әйелдері комитетінде болдым, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға бардым. Алматыда күнара болатынбыз. Ұлы Октябрьдің 69 жылдығын тойлауға Мәскеуге салтанатты жиынға шақырды.

Маған үй де берді, оны соғыс ардагері деп Боржанов деген адамға бердім, қазір туыстары тұрып жатыр. Өз үйім болғаннан кейін алмадым. Қазір Тайынша ауданының Құрметті азаматымын. Екі қызымнан 5 немере, 6 шөберем бар.

- Рахмет!

Ақерке Дәуренбекқызы