26.06.2026: Атырауда ерекше күні неке қиюға өтініш 7 есе көбейді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Күнтізбедегі ерекше үйлесіммен есте қалатын 2026 жылдың 26 маусымында Атырау облысында заңды некесін қиюға 152 жұп өтініш берді. Бұл көрсеткіш әдеттегі күндермен салыстырғанда жеті есе көп.

Фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Еліміз бойынша осы күнге 4 мыңнан астам жұп неке қиюға өтініш тапсырған. Оның 152-сі Атырау облысына тиесілі. Өтініштердің 91 пайызы Атырау қаласының АХАТ бөлімі арқылы қабылданған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының АХАТ басқармасының басшысы Алмагүл Төремұратованың айтуынша, символикалық күнге қызығушылықтың жоғары болуына байланысты неке қиюға өтініштер саны күрт көбейген.

– Осыған байланысты неке қию рәсімдерін сапалы ұйымдастыру үшін қосымша іс-шаралар қабылданды. Барлық өтініш алдын ала зерделеніп, жас жұбайлардың келу уақыты кезең-кезеңімен белгіленді. Бұл келушілердің көп шоғырлануына жол бермей, рәсімдердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік берді, – деді Алмагүл Төремұратова.

Жалпы жыл басынан бері Атырау облысында 1329 жұп заңды некесін қиған.

Бұған дейін Алматы қаласында бүгін 830 жұп неке қиюға өтініш білдіргенін жазған едік.