267 жолаушысы бар ұшақ Анталья әуежайындағы радар діңгегіне соқтығысты

АСТАНА. KAZINFORM — Turkish Airlines әуе компаниясының ұшағы Анталья әуежайына қонғаннан кейін жүру жолағында радар діңгегімен соқтығысу салдарынан зақымданды, деп хабарлайды Hurriyet .

Фото: Antalya Haber

Boeing 777 ұшағы Ыстанбұл — Анталья бағыты бойынша рейс орындаған.

Анталья әуежайына қонғаннан кейін әуе кемесі жүру жолағымен тұрақ орнына қарай бет алған. Алайда ұшақ қате жүру жолағына түсіп кеткен. Соның салдарынан әуе қозғалысын басқару жүйесіне тиесілі радиолокациялық діңгекпен соқтығысқан.

Turkish Airlines компаниясының мәліметінше, ұшақ бортында 267 жолаушы болған. Олардың барлығы эвакуацияланды. Оқиға салдарынан бір жолаушы жеңіл жарақат алған.

Сондай-ақ ұшақ пен радиолокациялық діңгек зақымданған.

Оқиғадан кейін Анталья әуежайы штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Ұлыбританияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, үш адам қаза тапқаны хабарланған болатын.

Назерке Жұмабек