27 қаңтар. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 27 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.



ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасынан Еуразия экономикалық комиссия алқасының мүшесі Марат Әпсеметұлы ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1988 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық жоғары мектебін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша оқып бітірді.

Еңбек жолын 1988 жылы Қызылорда қалалық атқару комитетінің аппаратында бөлім нұсқаушысы болып бастады. 1997 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде ақпараттандыру бөлімінде макроэкономикалық талдау және ақпарат секторының консультанты, одан кейін жинақтау талдамалық бөлімінің консультанты болды. 2000 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, директоры лауазымдарын атқарды. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің аппаратында 2002 жылдың желтоқсанынан бастап Департамент директоры лауазымында қызмет істей бастады. 2006 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болып тағайындалды. 2010 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда вице-министрі болып тағайындалды.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың сәуірінен.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін, «Конституцияның 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

35 жыл бұрын (1984) «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Думан Қайырлыұлы ҚОЖАХМЕТОВ дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «қоғаммен байланыс», М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «экономика және БАҚ менеджменті» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қызметкері, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, жеке медиакомпанияларда басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қыркүйегінен.