27 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 27 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

64 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірәшит Төлегенұлы ЖҮКЕНОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. 1985 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1985-1988 жылдары ҚазКСР Жоғарғы сотында сот отырысының хатшысы, кеңесші, аға кеңесші, 1988-1995 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, төраға орынбасары, 1995-2001 жылдары ҚР Жоғарғы соты пленумының судьясы, хатшы, 2001-2005 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары, 2005-2010 жылдары ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша алқа төрағасы қызметтерін атқарды. 2010-2014 жылдары ҚР Жоғарғы сотының судьясы, ҚР Экономикалық қылмыс және Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары, 2014-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы болды.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың шілде айынан бастап атқарып келеді.

62 жыл бұрын (1961) ҚР Жоғарғы сотының судьясы Қамбар Жұмабайұлы НҰРЫШЕВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. 1983 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

1983-1987 жылдары Гурьев қалалық халық сотының консультанты, 1987-1991 жылдары Балықшы аудандық және Гурьев қалалық соттарының халық судьясы, 1991-1996 жылдары Балықшы аудандық сотының төрағасы, 1996-2007 жылдары Атырау облыстық сотының судьясы, сот алқасының төрағасы, 2007-2011 жылдары Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстық соттары алқаларының төрағасы қызметтерін атқарды. 2011-2014 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 2014-2016 жылдары Атырау облыстық сотының сот алқасының төрағасы, 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, 2017-2022 жылдары Қызылорда облыстық сотының төрағасы болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың маусымынан атқарып келеді.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медалімен марапатталған.

61 жыл бұрын (1962) М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Юрий Александрович ЯКУШЕВ дүниеге келген.

Қарағанды облысының Саран қаласында дүниеге келген. Алматы театр және өнер институтын, Халықаралық бизнес академиясының магистратурасын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1993-1999 жылдары М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік театр және өнер институтының актері болып жұмыс істеген, коммерциялық фирмалардың бірін басқарған.

1999 жылдан бері қазіргі қызметін атқарып келеді.

58 жыл бұрын (1965) Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Қайратұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. 1990 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын «өндірістік және азаматтық құрылыс», «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, 2001 жылы Еуразия гуманитарлық институтын «қаржы және несие», «экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1990 жылы тас қалаушысы, құрылыс учаскесінің шебері, «Петропавловсксельстрой» тресінде аға жұмыс өндірушісі ретінде бастады. 1993-1996 жылдары Ақмола қаласындағы «Ғимарат» өндірістік-сауда фирмасының коммерциялық директоры болып қызмет атқарды. 1997 жылы Ақмола Арнайы Экономикалық Аймағы әкімшілік кеңесі Ғылыми-техникалық даму, аумақ құрылысы және байланыс бөлімінің 1 дәрежелі маманы болды. 1997-1998 жылдары «Ақмола - жылжымайтын мүлік» капиталдық құрылыс басқармасының техникалық қадағалау инженері болып жұмыс істеді. 1998-2002 жылдары жетекші маман, бас маман, экономикалық реформалар бөлімінің консультанты, Астана қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі, туризмді дамыту және сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің меңгерушісі, Астана қаласы әкімінің аппараты экономикалық сараптау және сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2002 жылғы сәуірден қарашаға дейін Астана қаласының Сыртқы экономикалық байланыс комитетінің төрағасы, 2002-2004 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, 2004-2007 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі, 2007-2008 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2008-2012 жылдары Астана қаласы Алматы ауданының әкімі, 2013-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2013 жылы Астана қаласы мәслихатының бесінші шақырылым депутаты болып сайланды. 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Экономикалық реформа комитетінің мүшесі болды.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың ақпан айынан атқарып келеді.

«Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана» мерейтойлық медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған.

36 жыл бұрын (1987) «Qazsport» телеарнасының директоры Нағи Қалтайұлы БАҚЫТБЕКОВ дүниеге келді.

Еңбек жолы: 2005-2006 жылдары «Қазақстан студенттер альянсы» Қызылорда облыстық филиалының директоры, 2006-2008 жылдары «Қазақстан студенттер альянсы» қозғалысының республикалық көшбасшысы, 2008-2011 жылдары «Қазақстан КТК (КВН) Одағы» атқарушы директоры, 2011-2015 жылдары «Астана қаласының көңілді тапқырлар театры» әкімшісі, продюсері болып еңбек етті. 2015-2018 жылдары «KazFootball» ақпараттық футбол порталының директоры, 2018-2020 жылдары Қазақстан футбол федерациясының маркетинг және PR департаментінің директоры болды.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың маусымынан атқарып келеді.