27 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 27 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстандағы Еңбек күні

Қазақстанда Еңбек күні қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы қарашадағы Жарлығымен еңбек адамын құрметтеу дәстүрін жаңғырту, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында еңбектің маңыздылығын ерте жастан қалыптастыру мақсатында белгіленді.

Сол Жарлыққа сәйкес «Еңбек ардагері» медалі де тағайындалды. Медаль өндірісте жоғары нәтижелерге қол жеткізген озат еңбеккерлерге, сондай-ақ еңбек өтілі 40 жылдан асқан және бір салада кемінде 10 жыл еңбек еткен азаматтарға табысталады.

Қазақстандағы Машина жасаушылар күні

Елімізде Машина жасаушылар күні жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл мерекенің тарихы Кеңес дәуірінен басталған. Оны Қазақстанмен қатар, Ресей, Беларусь және Қырғызстанның машина жасау саласының мамандары да атап өтеді.

Мереке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 1 қазандағы №3018-Х «Мерекелік және атаулы күндер туралы» Жарлығымен белгіленген.

Машина жасаушылар күні Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізіміне енгізілген 46 атаулы күннің қатарына кірді. Бұл тізімді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі 2017 жылғы 31 қазанда қол қойған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №689 «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулысымен бекітті.

Дүниежүзілік өзендер күні

Дүниежүзілік өзендер күні қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл мереке өзендердің табиғи жағдайын сақтау және жақсарту мақсатында 2005 жылы белгіленді. Сол жылы БҰҰ «Өмір үшін су» атты Халықаралық іс-қимыл онжылдығын жариялады.

Аталған науқанның мақсаты – қоғамның назарын ғаламшардағы барлық су ресурстарына ұқыпты қарауға және оларды тиімді пайдалануға аудару.

Халықаралық саңыраулар күні

Халықаралық саңыраулар күні жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күн 1951 жылы Дүниежүзілік саңыраулар федерациясының құрылуына орай белгіленді.

Бұл күннің басты мақсаты – есту қабілеті бұзылған адамдардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелері туралы халықаралық қоғамдастықтың хабардарлығын арттыру.

Дүниежүзілік туризм күні

Дүниежүзілік туризм күні жыл сайын 27 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күнді Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас Ассамблеясы 1979 жылы Испанияның Торремолинос қаласында белгіледі. 27 қыркүйектің таңдалу себебі – 1970 жылы дәл осы күні Дүниежүзілік туристік ұйымның Жарғысы қабылданған.

Мерекенің негізгі мақсаты – туризмді насихаттау, оның әлемдік экономикаға қосатын үлесін көрсету, сондай-ақ елдер арасындағы өзара байланыстарды нығайтудағы рөлін таныту.

Google компаниясының туған күні

Google-дың google.com домендік атауы 1997 жылғы 15 қыркүйекте тіркелді, ал Google Inc. компаниясы 1998 жылғы 4 қыркүйекте ресми тіркеуден өтті. Алайда 2005 жылдан бастап 27 қыркүйек компанияның туған күні ретінде белгіленді.

Бұл күннің таңдалуына Google іздеу жүйесі индекстеген веб-парақшалар санының рекордтық көрсеткішке жеткені туралы хабарламаның дәл осы күнге сәйкес келуі себеп болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Сырдария округіне қараған Бостандық ауданының тұрғындары (қазіргі Өзбекстан аумағы) астық дайындау науқандары кезінде жүргізілген ауыр салық саясаты мен кеңес өкіметінің күштеу әрекеттеріне қарсылық білдірді. Шамамен 500 адам қатысқан Бостандық көтерілісін Т.Мұсабаев пен У.Майлыбаев ұйымдастырды. Көтеріліс Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (БМСБ) жасағымен басып-жаншылды. 50 көтерілісші қаза тапты, 2 адам ату жазасына кесілді, 36 адам 10 жылға түзеу лагерлеріне жіберілді, 7 адам 5 жылға жер аударылды.

1931 жылы Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Газет алғашында «Ленин туы» деп аталды. Басылымға Баянауылдың белгілі перзенті, этнограф, философ әрі қаламгер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы батасын берді. Газеттің алғашқы редакторы Ғалым Малдыбаев болды. Осы басылымда Қазақстанның халық жазушысы Дихан Әбілевтің, талантты журналист әрі жазушы Сүлеймен Баязитовтың, Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі Қырықбай Алдабергеновтің шығармашылық жолы басталды.

2006 жылы Германияның Баден-Вюртемберг жеріндегі Вальдбрунн-Мюльбене қаласында Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі кымыз өндіретін шаруашылықпен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан қоныс аударған азаматтардың белсенді қатысуымен «Хоффест – Қымыз күні» мерекесін өткізді. Келушілер қазақтың киіз үйінің ішкі жабдықтарымен танысып, ұлттық аспап – домбыра туралы мағлұмат алды, ұлттық тағамдардан дәм татты және қымыз өндірісінің тарихымен танысты.

2007 жылы «Абай жолы» романының орыс тіліндегі жаңа аудармасы жарық көрді. Романның бұл нұсқасын Қазақстанда туған, қазақтың ұлттық әдебиетін жақсы білетін әрі аударма саласында мол тәжірибесі бар белгілі қаламгер Анатолий Ким тәржімалады. Бұған дейінгі аудармалармен салыстырғанда, жаңа нұсқа көлемдірек әрі мазмұнының ұлттық сипаты айқынырақ. Бұған аудармашының шығармадағы ұлттық болмысты, салт-дәстүр мен тұрмыс ерекшеліктерін түпнұсқаға барынша жақын жеткізуіне кең мүмкіндік берілгені әсер етті.

Жаңа аудармада ұлттық болмысты айшықтайтын көптеген эпизодтар мен детальдар қамтылған. Мұндай ерекшеліктер кеңестік кезеңде жасалған аудармаларда кездеспейді.

2007 жылы Семей қаласында «СемАЗ» ЖШС өндірістік алаңында Daewoo автобустарын шығаратын зауыттың ашылу рәсімі өтті. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы толық циклді алғашқы автокөлік құрастыру өндірісі болды. Мұнда сырттан әкелінетін машина жиынтықтарынан бөлшектер мен агрегаттарды құрастырумен қатар, автобус кузовтарын жинау, дәнекерлеу және бояу жұмыстары да жүргізілді.

2010 жылы Қазақстанда еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз балаларға арналған Balapan телеарнасы өз жұмысын бастады. Содан бері ол әр баланың сырлас досына, рухани бағыт-бағдар берер жақынына айналып, оқу-танымдық, спорттық, ойын-сауық, анимациялық және зияткерлік бағдарламаларды көрерменге ұсынып келеді. Balapan-ды тек түрлі бағдарламаларды көрсететін телеарна ғана емес, жас ұрпақтың танымын кеңейтіп, тәрбиесіне ықпал ететін маңызды құрал деуге болады.

2013 жылы Өскемен қаласында ашылған «Мәдениеттер үндестігі» көрмесінде алғаш рет 1897 жылы Ресей империясында өткен соңғы халық санағы кезінде түсірілген, Жетісу облысының Лепсі уезіндегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін бірегей көне фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Фотосуреттердің авторы — Константин де Лазари. Бұл 36 фотосуретті Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының елшісі Яцек Ключковский музей қорына табыстады.

2014 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы білім беру тарихы музейі ашылды. Музей қорында көрнекті ағартушыларға тиесілі бірегей құжаттар мен бұйымдар, сондай-ақ фотосуреттер, латын қарпімен жарық көрген басылымдар және араб тіліндегі қолжазба кітаптар жинақталған. Барлық жәдігер музейге өтеусіз негізде табысталған. Экспонаттар Қазақстан жеріндегі ағарту ісінің орта ғасырлардан бүгінге дейінгі қалыптасу және даму тарихынан сыр шертеді.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ХХ ғасырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалардың куәсі, фотосуретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Иосиф Будневичтің шығармашылығына арналған көрме ашылды.

2018 жылы Түркістан облысында Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловқа арналған жаңа ескерткіштің ашылды.

2019 жылы қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Еуразиялық сыйлықтың лауреаты атанып, «Вокал» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. 13 жастағы әнші өнер, әдебиет, ғылым, спорт және қоғам үшін маңызды жетістіктер салаларындағы халықаралық Еуразия шығармашылық одағының марапатына ие болған алғашқы бала болды. Еуразиялық сыйлықты 2013 жылы Қазақстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Ресей және Тәжікстан өкілдері құрған Еуразиялық шығармашылық одақ тағайындады.

2021 жылы ғылыми зерттеулер жарияланатын Frontiers платформасының микробиология бөліміне қазақстандық COVID-19 вакцинасының тиімділігі туралы ғылыми мақала жарияланды. Вакцинаны дайындау үшін Vero жасушаларында өсірілген вирус қолданылды. Алдымен вирус формальдегидтің көмегімен залалсыздандырылды. Кейін ол бөгде қоспалардан тазартылып, қажетті деңгейге дейін шоғырландырылды және сүзгі арқылы зарарсыздандырылды. Одан соң вирус бөлшектері алюминий гидроксиді гелінің бөлшектеріне бекітілді. Осылай дайындалған вирус пен иммундық жауапты күшейтетін адъювант буферлік физиологиялық ерітіндімен араластырылып, вакцина ретінде пайдаланылды. Мақалада вакцинаны әзірлеушілер атжалманға жүргізілген зерттеу нәтижелерін келтіреді. Тәжірибе барысында QazCovid-In (QazVac) вакцинасының қауіпсіздігі және организмді инфекциядан қорғау қабілеті жоғары екені көрсетілді.

2021 жылы елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында 12-18 жас аралығындағы балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған TANYM балаларға арналған креативті технологиялар орталығы жұмысын бастады. Орталық арнайы дайындықтан өткен балаларға әлемнің көптеген елінде мойындалатын кәсіби сертификат алуға мүмкіндік береді.

2024 жылы Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің кезектен тыс Бас ассамблеясы өтті. Жиында ұйымның жаңа бас хатшысы қызметіне ұсынылған кандидатура мақұлданды. Бұл қызметке Әлімжан Ақаев тағайындалды.

2025 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы New York Film Academy-дің алғашқы филиалы ашылды. Академияның ашылу салтанаты Қаскелең қаласында өтті. Жаңа кампус Energo University базасында, Dala Edge креативті паркінің аумағында орналасты.

– Біз New York Film Academy-дің Қазақстанда ашылғанын мақтан тұтамыз. Бұл – жай ғана білім беру жобасы емес, аймақтағы таланттарды бір арнаға тоғыстырып, олардың әлемдік киноиндустрияға жол ашуына мүмкіндік беретін шығармашылық алаң, – деді NYFA президенті Майкл Янг.

2025 жылы ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығы» ЖШС-ның сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 852 шақырым жерде орналасқан. Семей қаласында жер сілкінісінің дүмпу күші 2 балл болды. Зардап шеккендер мен ғимараттардың қирағаны туралы ақпарат түскен жоқ.