27 маусымда республиканың төрт облысында бұршақ жаууы мүмкін

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде циклон және сонымен байланысты атмосфералық ағындар өз ықпалын сақтайды, сондықтан ауа райының тұрақсыздығы күтілуде, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, бұршақ жаууы мүмкін, ұйытқыған жел соғып, кей жерлерде шаң көтеріліп, дауыл тұрады.

Тек елдің батысы жауын-шашынсыз болады, деп хабарлайды Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарынынң кей жерлерінде 15-20 м/с-қа дейін жел көтеріліп, күндіз кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін, Қызылорда облысының кей жерлерінде шаңды дауыл тұрады.

Оңтүстік Қазақстан, күндіз Алматы облысында кей жерлерде 15-20 м/с жел соғады, шаң көтеріліп, дауыл тұрады. Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, күндіз Атырау, Жамбыл облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с жел соғады деп күтілуде, Қостанай облысында түнде кей жерлерде тұман түседі.

Маңғыстау облысында кей жерлерде тұман сақталады. Алматы, Атырау облыстарында кей жерлерде қатты ыстық болады деп күтілуде.

Республиканың батысында, солтүстік-шығысында, солтүстік-батысында, оңтүстігінде және орталығында кей жерлерде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Жақын тәуліктерде Алматы облысының жекелеген таулы өзендерінде су шығынының көтерілуі күтілуде. Республиканың оңтүстігінің және шығысының жекелеген таулы өзендерінде су деңгейінің тұрақсыздығы күтілуде. Қазақстанның басқа сулы нысандарында гидрологиялық тәртіпте айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.