27 наурыздағы ауа райы болжамы - Қазгидромет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннның батыс және шығыс бөлігі антициклон ықпалында болуымен байланысты күн райы ашық болады. Республиканың қалған аумағында атмосфералық ағындар жүруімен кей жерлерде жауын-шашынды болып, жел күшейеді, кей аудандарда тұман түсіп, көктайғақ болуы күтіледі, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.

Қостанай облысында кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ болады, таңертең және күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Солтүстік Қазақстан, күндіз Қарағанды облыстарында кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ болады, желдің күші 15-20 м/с. Ақмола облысында кей жерлерде тұман түседі, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Маңғыстау облысында кей жерлерде тұман түседі, шаңды дауыл араласқан желдің күші 17-22 м/с-қа жетеді. Жамбыл облысында кей жерлерде тұман түсуі, күндіз кей жерлерде желдің 15-20 м/с-қа дейін күшеюі күтіледі. Ақтөбе облысында - түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі, күндіз желдің 18 м/с-қа дейін күшеюі байқалады. Павлодар, түнде Оңтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің екпіні 15-22 м/с-қа жетеді. Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, түнде және таңертең Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түсуі күтіледі.

Таяудағы тәуліктерде Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының өзендерінде, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарының кейбір өзендерінде көктемгі тасқын су тоқлындарының дамуы күтіледі. Сырдария, Жайық өзендерінде, Алматы облысының өзендерінде мұз қабаттарының одан әрі әлсіреуі, су деңгейінің құбылуы күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының өзендерінде ауа райының жоғарылауы мен жауын-шашынға байланысты мұз қабаты бұзылып, сең жүруі, су деңгейінің көтерілуі жалғасады, кейбір еңіс жерлерді су басуы ықтимал. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының аласа таулы өзендерінде судың көбеюі байқалады.