27 сәуір. ҚазАқпарат: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 27 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒЛАР

1913 жылы «Қазақ» апталық газеті шыға бастады. Оның редакторлық алқасында қазақ ұлтының белгілі тұлғалары, ұлттық-азат ету қозғалысының өкілдері   - Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов болды. Бірінші күннен-ақ газетте мақсаттары мен міндеттері көрініс тапты.

1994 жылы Алматыда «Абылай хан» қоры құрылды. Қор төрағасы болып Шота Уәлиханов сайланды.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттік құрылды.

2000 жылы Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азияның экономикаларына арналған Арнаулы бағдарламасын (СПЕКА) таныстыру рәсімі болды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының (ЕЭК), сондай-ақ БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) делегациялары қатысты. Президент Н. Назарбаев бастамашы болған бұл іс-шараның басты мақсаты - Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық даму қарқынын және Еуропа мен Азияның экономикасына кірігуін жеделдету мақсатында олардың арасындағы  ынтымақтастықты нығайта беру. Бағдарламаны таныстыру рәсімінде ұйымдастыру кезеңінің қорытындысы шығарылып, таяудағы жылдары оны іске асырудың нақтылы іс-шаралары белгіленді. Басқосуға қатысқандар СПЕКА, ЕЭК және ЭСКАТО-ға қатысушы елдерге Бірлескен мәлімдеме қабылдап, сонымен Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне ықыластылық қуатталды.

2006 жылы «Райффайзен Лизинг Қазақстан» компаниясы арналған «Ақтау» мұнай құю танкері Каспий теңізіне жіберілді.  Танкерді «Выборгский құрылыс зауыты» ААҚ құрды.

2006 жылы «Қазпошта» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының аумағында «Өсімдіктер дүниесі» сериясымен «Қара сексеуіл» атты кезекті маркасын айналымға енгізді. Сексеуіл - биіктігі 10 метрге дейін жететін, бұжырлы, қалың, жуан, бұтақтары көп діңді, жапырақтары толығымен ширатылмаған ағаш. Тақырлы сор жерлерде, құмның арасында, сұр топырақта өседі. Торғай, Арал, Қызылорда, Бетпақдала, Мойынқұм, Балқаш және Алакөл өлкелерінде кездеседі.

2007 жылы Алматыда Қазақстанның танымал ғалымы, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтің «Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы: нарықтық реформалардың тарихы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.  

Кітапта социалистік жүйенің, КСРО құлдырауының маңызды себептері ашылған, нарықтық экономикаға өткен кезең туралы ашып айтылған. Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңі және ұлттық валютаны енгізген жағдайлары жазылған.

2011 жылы Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына төрағалық Әзербайжан Республикасынан Қазақстан Республикасына ресми түрде өтті. 

2015 жылы Республикалық «Сарыарқа» велотрегінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жеңімпаздар форумы өтті.

2017 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев І, ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалін тағайындады.

2017 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев  баспа, радио- және интернет-журналистика саласында «Үркер» алғашқы ұлттық сыйлығын бекітетіні туралы жариялады.

1978 жылы Ауғанстанда Сәуір революциясы атауымен тарихқа енген мемлекеттік төңкеріс болды. Оның нәтижесінде елде марксистік үкімет орнатылып, Ауғанстан Демократиялық Республикасы  жарияланды.


ЕСІМДЕР

143 жыл бұрын (1875-1962) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері БЕЗСОНОВ Андрей Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласында туған. Санкт-Петербор университетін бітірген.

1938-1951 жылдары КСРО Ғылым Академиясы Топырақтану институтының Қазақ филиалының сектор меңгерушісі, Қазақстан Ғылым Академиясы Топырақтану институты директорның ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

Негізгі еңбектері топырақтану мәселелеріне арналған. Орталық Қазақстан, Ертіс аймағы, Сырдария, Тянь-Шань, Алтай аймақтарының топырақ жамылғысын зерттеуге қатысты. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы бір шың мен мұздық Андрей Безсонов есімімен аталады.


80 жыл 
бұрын (1938) жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері ШАВАЕВ Шайым дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны, Алматы өнер институтын  бітірген. Республикалық мемлекеттік ұйғыр театрында актер, кейін режиссер болып істеген.  1978-1982 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, ұйғыр әдебиеті  секциясының меңгерушісі. 1983-1990 жылдары - Қазақ театр қоғамының аға кеңесшісі, «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы. 1990 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1977 жылы «Кестелі тақия» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрген.  Республикалық ұйғыр театры сахнасында «Сенің қара көздерің» атты музыкалық драмасы, «Ағам үйленді» комедиясы, «Билал Назим», «Күнәсізге бес айып» драмасы қойылған. Көркем аударма саласында М.Әуезовтың «Қилы заман» романын, «Айман-Шолпан» драмасын, С.Мұқанов «Аққан жұлдыз» романын,  Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібегін», Ш.Айтматовтың «Ақ кемесін», Шекспир, Мольер, М.Горький, Шолохов, Шукшин, Р.Ибрагимбеков, С.Шәймерденов, Қ.Тұрсынқұлов, Иран-Ғайып, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын ұйғыр тіліне тәржімалаған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.


71 жыл
бұрын (1947)   Қазақстан ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті ИСИН Нұрлан Құрманғалиұлы дүниеге келді.

1970 жылы «радиоинженер» мамандығы бойынша инженерлердің азаматтық авиациясы Рига институтының радиотехникалық факультетін бітірді. 1971-1974 жылдары Азаматтық авиацияның Орталық ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді (Рига қ.). 1988 жылы Алматы қаласының халық шаруашылығы институтын бітірді. Онда «несие» мамандығы бойынша «қаржы және несие» факультетінде оқыған болатын. 1992-1996 жылдары ҚР Ұлттық банкінің МБ ақпараттандыру департаментінің директоры қызметін атқарды. 1996-1998 жылдары Алматы қаласында Республикалық бюджеттік банкінің Басқарма төрағасы ретінде жұмыс істеді. 1999 жылдың наурызынан 2003 жылдың қыркүйегіне дейін - ҚР Қаржы Министрлігінің РГП ЦИФС бас директоры. 2003 жылдың қыркүйегінен 2006 жылдың ақпан айына дейін - Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ Басқарма төрағасы, Астана қаласы 2006 жылдың сәуір-қараша айларында - Алматы қаласында Қазинформтелеком АҚ Президенті, 2006 жылдан бастап - Қазақстан ІТ компаниялар қауымдастығының президенті

Ақпараттық технологияларды меңгеру және енгізу - негізгі қызмет аясы болып табылады. Банк және қаржы жүйелеріне ақпараттық технологияларды енгізу бойынша тәжірибесі бар. ҚР төлем жүйесін қалыптастырумен және банк қызметін автоматизациялауды ұйымдастырумен айналысқан болатын. Банк жүйесіне SWIFT жүйесін енгізуін жүзеге асырған, сондай-ақ Ұлттық банкінің есеп айырысу қассалық орталықтары мен мемлекеттік бюджеттің кассалық орындау функцияларын Қаржы Министрлігінің қарауына тапсырысын ұйымдастырумен айналысқан. ҚР Қаржы министрлігінің ақпараттандыру бөлімшелерінде белсенді қызмет атқарды. 2005-2007 жылдары ҚР е-үкіметінің негізгі инфрақұрылымның мемлекеттік қалыптастыру бағдарламасын дайындауға белсене қатысқан.

63 жыл бұрын (1955) философия ғылымдарының кандидаты, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры ОМАРОВ Жанай Сейітжанұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

1980-1986 жылдары - Қазақ политехникалық институтының оқытушысы, аға оқытушы, доцент. 1986-1989 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін арттыру институты кафедрасының меңгерушісі. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Білім беру министрлігі қоғамдық ғылымдарды оқыту бас басқармасының бастығы. 1991-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы Біліктілікті арттыру институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1993-1998 жылдары - «Трейдинг Сервис» компаниясының бас директоры, «Емшан» акционерлік қоғамының бас директоры. 1998-1999 жылдары - Алматы қалалық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, «Имидж-Успех» ақпараттық-талдау орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары департаментінің директоры.

2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі, Жұртшылықпен және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі. 2004-2007 жылдары - «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті. 2007 - 2008 жылдары -«Kazakhstan today» агенттігі» ЖШС баспа үйінің бас директоры, «Мы выбираем Караван - Караван выбирает нас» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2014 жылғы қаңтар-мамыр айларында - ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2014 жылғы мамыр айынан тамыз айына дейін ҚР Мәдениет  вице-министрі болды. 2014 жылғы қыркүйек айынан қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтой медалімен марапатталған.


60 жыл
 бұрын (1958) ақын ЖҰБАТОВА Шәмшия дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Атырау облысы, Новобогат аудандық «Нарын таңы» газетінде, «Ана тілі» газетінде, «Жалын» альманахында қызмет еткен. 1977-1985 жж. «Бастау», «Балауса», «Жетіген» («Жалын») ұжымдық жинақтарына өлеңдері енген.  1995 жылы осы баспадан «Махаббат кітабы» атты жеке жинағы жарық көрген.




65 жыл
(1953) Қазақстанның құрметті сәулетшісі, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, Америка архитекторлар институтының мүшесі (AIA) ЮСУПОВ Шухрат Зайнитдинұлы дүниеге келді.

Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. 1976 жылы В.И. Ленин атындағы қазақ политехникалық институтын «сәулетші мамандығымен» тәмамдаған.

Еңбек жолын 1970 жылы «Таулы Гигант» мәдениет үйінде суретші-безендіруші болып бастаған. Түрлі жылдары сәулет саласында әртүрлі қызметтерді атқарған. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Сәтбаев, Жезқазған, Түркістан қалаларының бой көтеруіне және көркеюіне үлес қосқан. 


52  жыл
 бұрын (1966) суретші, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты СМАҒҰЛОВА Ақтоты дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік көркем-театр институтын (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. Оның қолынан шыққан өнер туындылары АҚШ, ТМД, Германия, Швейцария, Франция, Түркия, Корея, т.б. мемлекеттердің жеке коллекционерлерінің қолында. Сондай-ақ республикалық, халықаралық және шетелдік көрмелерге қатысқан. «Томирис», «Түс», «Айсұлу», «Суқұйғыш», т.б. шығармалардың авторы.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясын иеленген.



227 жыл 
бұрын (1791-1872) американдық суретші және өнертапқыш Сэмюэл МОРЗЕ дүниеге келді.