27 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 27 сәуірге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қыздар» халықаралық күні

Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) бастамасымен сәуір айының төртінші бейсенбісінде атап өтіледі. Оның негізгі міндеті – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білім алу және мансаптық өсу тұрғысынан қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесу.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы Алматыда «Абылай хан» қоры құрылды. Қор төрағасы болып Шота Уәлиханов сайланды.

1996 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Президенттері Каспий теңізі бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда Қазақстанның Каспийдегі мұнай-газ ресурстарын барлау және өндіру жұмыстарын жүргізу бойынша құқығы және Ресейдің осы саладағы ынтымақтастыққа дайындығы көрсетілген.

2000 жылы Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азияның экономикаларына арналған Арнаулы бағдарламасын (СПЕКА) таныстыру рәсімі болды. Оған Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының (ЕЭК), сондай-ақ БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) делегациялары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық даму қарқынын және Еуропа мен Азияның экономикасына кірігуін жеделдету мақсатында олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайта беру. Бағдарламаны таныстыру рәсімінде ұйымдастыру кезеңінің қорытындысы шығарылып, таяу жылдары оны іске асырудың нақты іс-шаралары белгіленді. Басқосуға қатысқандар СПЕКА, ЕЭК және ЭСКАТО-ға қатысушы елдерге Бірлескен мәлімдеме қабылдап, сонымен Бағдарламаның мақсаты мен міндеттеріне ықыластылық қуатталды.

2010 жылы Астанада «Көрме» орталығында ТМД-ға мүше мемлекеттердің ұстаздарының, білім беру жүйесі қызметкерлерінің І съезі өтті. Оған Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның білім беру жүйесіндегі 500 үздік қызметкері қатысты.

2011 жылы Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына төрағалық Әзербайжан Республикасынан Қазақстан Республикасына ресми түрде өтті.

2015 жылы Қазақстанда алғаш рет Халықаралық футбол және достық күні аталып өтті. Осыған орай Алматыдағы Орталық стадионда «Достық үшін футбол» жобасының белгісі - Достық білезігімен алмасу салтанатты рәсімі болды.

2017 жылы Қазақстанда І, ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалі бекітілді. I дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін, әскери қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосқан ҚР Қарулы күштерінің офицерлік құрамы және ҚР азаматтары марапатталады; ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен – ҚР Қарулы күштерінің сержант және сарбаздар құрамындағы әскери қызметшілер марапатталады.

2017 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баспа, радио- және интернет-журналистика саласында «Үркер» алғашқы ұлттық сыйлығы тағайындалатыны туралы жариялады.

2020 жылы Қазақстанда экспорттаушы қазақстандық кәсіпорындарға көмек көрсетудің арнайы бағдарламасы – QAZTRADE іске қосылды. Ол сатып алушыларды іздеуге және келісімшарт жасасуға дейін өткізу нарықтарын іздеуге көмектеседі.

2021 жылы Түркі академиясы татар халқының классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың 135 жылдық мерейтойына арналған «Ғабдолла Тоқай және Түркі әлемі» атты халықаралық конференция өткізді. «Түркі әлемінің көрнекті тұлғалары» жобасына татар халқының Жүсіп Ақшора, Шигабутдин Маржани сынды ұлы перзенттерімен бірге Тұқайдың есімін қостық. «Ғабдолла Тоқайдың мерейтойы - бауырлас Татарстан жұртшылығы үшін ғана емес, бүкіл түркі халықтары үшін де айтулы оқиға», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

2022 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жоғары оқу орнының вымпелі жіберілді.

Ғарышкерлер мен астронавтардың қолтаңбасы бар вымпелде ғарышта болғандығын көрсететін халықаралық ғарыш станциясының арнайы мөрі қойылған. Мөр объектінің шынымен ғарышқа барғандығын дәлелдейді.