АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық бокс күні
Спорттың бұл түріне арналған мереке 2018 жылы Халықаралық бокс федерациясының (International Boxing Association, AIBA) бастамасымен бекітілді. 2018 жылдан бастап жыл сайын 22 шілдеде аталып өтілетін, бірақ 2021 жылы Халықаралық бокс федерациясының президенті Омар Кремлевтің шешімімен 27 тамызға ауыстырылды.
Бокс — спортшылар арнайы қолғап киіп, жекпе-жекте бір-біріне соққы жасайтын спорт түрі. Айқас бірнеше раундқа созылады, оны рингте рефери бақылайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы және Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
1999 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет республиканың ғалым-заңгерлер тобы ордендермен марапатталды. Олардың ішінде Г. С. Сапарғалиев, Н.А.Шәйкенов, Ю. Г. Басин және К. А. Колпаков бар.
2001 жылы Алматы-Бішкек тасжолының бойында жоңғарлармен болған соғыстағы қазақ халқының жеңісіне арналған тарихи ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтой медалі бекітілді. Медальмен Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастыруға және оның егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтар және шетелдіктер марапатталады.
2007 жылы Ақтауда сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды. Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық-2 тұрақтары орналасқан.
Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды.
2010 жылы бір топ адам Аблакет тауына шығып, шыңға еліміздің Мемлекеттік туын тікті. Теңіз деңгейінен 522 метр биіктегі тудың алдында үлкен әріптермен «Қазақстан» деп жазылды.
2012 жылы Қарағанды облысының Кіші Саран кентінде Шешен Республикасының тұңғыш президенті, Ресей Қаһарманы Ахмад Қажы Қадыровқа ескерткіш белгісі қойылды. Ескерткіш тақтаға А. Қадыровтың аты, туған жылы және «Халықты сүю — Құдайдан қорқу» деген сөзі жазылған. Ескерткіш белгіні жергілікті шешен-ингуш диаспорасы қаржыландырды.
Қазақ жерінде туған А. Қадыров екі халықтың достығына, бауырластығына көп мән берген еді.
2013 жылы ұлттық валютаның енгізілуіне 20 жыл толуына орай ҚР Ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік естелік монетаны айналымға шығарды.
Монета 925 сынамалы күмістен жасалды, номиналы 500 теңге, салмағы -31,1 грамм, диаметрі -38,61 мм, дайындау сапасы — «proof», таралымы — 5 мың дана.
2015 жылы Астанада Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) арасында Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды. Салтанатты шараға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер — Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай және Франция өкілдері, сонымен бірге жобаның донор-елдері — ЕО, Норвегия, БАӘ және Кувейт өкілдері қатысты.
2015 жылы Астананың халықаралық әуежайы аумағында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жаңа авиация базасының іргесі қаланды. Нысанда аэродром және әкімшілік-шаруашылық аймақтар болады.
2016 жылы Семей полигоны қасіретінің дүйім жұртқа жария етілмеген тұстары туралы сыр шертетін кеңес кезеңінің жасырын құжаттары Астанадағы көрмеге қойылды.
Елорда тұрғындары алғаш рет Лаврентий Берияның Иосиф Сталинге кеңес атом бомбасының жасалғаны туралы мәлімдеген хаты, полигон тарихындағы аса қуатты жарылыс болған сутек бомбасын сынақтан өткізу туралы үкімет хабарламасы сияқты құжаттарды, сынақ алаңдарының суреттерін алғаш рет көрді. Ондаған жыл бойы «Аса құпия» грифімен сақталған құжаттар мен фотосуреттер Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған экспедиция барысында Шығыс Қазақстан облысының архивтерінен алынды.
2016 жылы Ақмола облысының Бурабай кентінде өткізілген қайырымдылық аукционында боксшы Геннадий Головкиннің былғары қолғабы сегіз миллион теңгеге, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің жейдесі 1 млн 450 мың теңгеге сатылды. Одан түскен қаражат Көкшетаудағы Ақмола облыстық балалар ауруханасына қажетті жабдықтар алуға жұмсалды.
2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Бейжіңде өткен 2017 Fresh Asia music Festival жаңа әндер фестивалінде «Жылдың үздік шетелдік шығармашылық тұлғасы» аталымының жеңімпазы атанды.
2017 жылы Хорватияның Корчула аралында өткен «Марко Поло» кинофестивалінде «Анаға апарар жол» фильмі басты «Үздік фильм» аталымын жеңіп алды. Салтанатты шарада қазақстандық делегацияға дипломдар мен марапаттар табысталды. Фестивальға Әзербайжан, Болгария, Индонезия, Иран, Корея, Қазақстан, Түркия, Үндістан, Хорватия және басқа елдердің кинематографистері қатысты. Қазақстан делегациясының құрамында «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлдерді сомдаған Әділ Ахметов пен Алтынай Нөгербек, сондай-ақ ҚР Хорватиядағы елшілігінің қызметкерлері болды.
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Іріктеуге әр саланың өкілдері, түрлі мамандық иелері қатыса алады. Бұл квазимемлекеттік сектор, жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдері болуы мүмкін. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар — Қазақстан Республикасының азаматы болу, жасы 35-ке дейін, жоғары білімнің болуы және жалпы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл.
2019 жылы Сауд Арабиясында Ислам Ынтымақтастық Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу үшін құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы өтті.
Мұсылман елдерінің ауыл шаруашылығы министрлері осы ұйымға мүше мемлекеттердің алдында тұрған азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты негізгі проблемаларды талқылады, өз елінде барлық қолжетімді ресурстарды жұмылдыру арқылы ұзақ мерзімді негізде азық-түлік қауіпсіздігін ілгерілету және дамыту үшін ұжымдық платформа құру бойынша нақты шаралар қабылдады, тәжірибе алмасты.
Қазіргі уақытта бұл ұйымның штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан.
2021 жылы Қазақстан өнеркәсіп және экспорт орталығы (QazIndustry) мен Бразилия ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы (CNI) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту, бірлескен кәсіпорындардың көбеюі, сауда айналымының артуы және Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жалпы серпін беру сияқты нақты нәтижелерге әкеледі.
2023 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде пара пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтті. 54 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы Давид Дегтярев бірінші орын алып, әлем чемпионы атанды.
2024 жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған естелік пошта маркасы таныстырылды. Серік Буксиков жасаған маркада «Бүркітші» (Беркутчи) бейнеленген және мәдени дәстүрмен байланысты білдіреді. Әрбір марканың бағасы 500 теңге тұратын 5000 дана тиражбен шығарылды.
2024 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының сайланған академиктеріне дипломдар мен төсбелгілерді тапсыру рәсімі өтті. Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өтінімдерін үш кезеңнен тұратын қарау процесіне сәйкес жүргізілді.
2025 жылы Қазақстанда аңшы төсбелгісінің және балық шаруашылығы қызметкерлеріне арналған төсбелгісі бар арнайы киімнің дизайнын ресми түрде бекітті. Аңшы төсбелгісі 72×56 мм өлшемді қалқан түрінде жасалған және мырыш, алюминий және мыс қорытпасынан жасалған, алтын жалатылған рельефті контуры бар. Жоғарғы бөлігінде алтын түсті «ҚОРЫҚШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ» жазуы бар. Төменгі бөлігінде жеке сәйкестендіру нөміріне арналған орын бар. Ортасында Қазақстан картасының жасыл контуры, алтын күн және картаға қарсы бекіре бейнеленген. Фоны ел туының түсі бар көк эмальмен қапталған. Төсбелгі орманшы киімінің сол жақ кеудесіне бекітілген. Орманшылар қорғаныш (хаки) түсті жазғы және қысқы киім киюі керек. Күртешелерде түйме ойықтары мен айырым белгілері бар жаға бар.