27 жастағы қазақстандық ғалым жаңа өлшеу құрылғысын ойлап тапты

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде алғаш рет ауа ылғалдылығын өлшеу технологиясы жасалды. Оны дайындап шығарған небәрі 27 жастағы жас ғалым Асылбек Жұмағали. «ҚазСтандарт» РМК бас маманы «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып, өзінің жаңа технологиясы туралы баяндады. 

— Біздің мекемеде ең жоғарғы дәлдіктегі эталондар жұмыс істейді. Біздегі жетілдірілген эталон - шық пен қырау нүктесінің температурасы бойынша эталон болып есептеледі. Оның негізгі өлшеу үрдісі фундаменталды әдісте жасалған. Эталонның негізгі элементі — қанықтырғыш. Қанықтырғыш шағын көлемді, 4 литрлік сұйық термостатқа орналастырылады. Термостаттың температурасын қанықтырғыштың температурасымен бірдей қылып, жоғарғы дәлдікте нәтижесін аламыз, — дейді ғалым.

Асылбек Жұмағали өзі жасап шығарған ауа ылғалдылығын өлшеу технологиясын патенттеп те үлгеріпті.

— Қанықтырғыштың пайдалы модель патентін өткен жылы алдық. Бірақ патент алғанымен, оның дәлдік көрсеткіштерін дәлелдеу үшін халықаралық салыстыру жүргізу керек. Ал оның нәтижесі бір ай бұрын ғана шықты, — дейді ол.

Айта кетейік, жуырда Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ғылым және технология мектебі ашылмақ.