28-29 мамырда Ресей Үкіметінің төрағасы Д.Медведевтің Қазақстанға сапары өтеді

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Қазақстанға сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі.

Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

«28-29 мамырда Қазақстанға РФ Үкіметінің төрағасы Д. Медведев келеді. Бұл жаңа Ресей Премьер-Министрінің біздің елге және жалпы ресейлік Үкімет басшысының президенттік сайлаудан кейінгі алғашқы сапары екенін атап өткен жөн», - деді ол.

А. Әбибуллаевтың атап өтуінше, сапар аясында Д. Медведев Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевпен және өзінің әріптесі Кәрім Мәсімовпен екіжақты кездесулерді жоспарлап отыр.

«Кездесулер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің ахуалы мен әлеуеті жан-жақты талқыланады. Біздің елдеріміздің арасында шынайы достық әрі стратегиялық әріптестік дамуда»,-деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, 25 маусымда тараптар 1992 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара көмек, ынтымақтастық, достық жөніндегі келісімнің 20 жылдығын атап өтеді.