28 ағаш құлап, 3 шатыр ұшты: Алматыда дауыл салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда дауыл салдарын жоюға 376 арнайы техника жұмылдырылды.
7 сәуір күні сағат 19:30-дан бастап Алматы қаласында қатты жел соғып, найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауа бастады. Жаңбыр түнгі уақытқа дейін жалғасты.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дауыл салдарынан қалада 28 ағаш құлады. 3 жағдайда ағаш тұрғын үйлерге зақым келтірген. Сонымен қатар 3 тұрғын үйдің шатыры ұшып, 1 құрылыс қоршауы құлаған.
- Түнгі уақытта 376 арнайы техника жұмылдырылды, оның ішінде «Алматы Тазалық» мекемесінің 255 техникасы, жеке мердігер ұйымдардың 121 техникасы. Сондай-ақ 395 қызметкер жұмысқа шықты. Оқиға орындарында аудан әкімдіктері мен ТЖД кезекші бригадалары жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салайық, Алматыда күн күркіреп, найзағай ойнап, нөсер жауды.
Одан кейін Алматыдағы дауыл салдарының бейнежазбалары тарады.