28 ақпан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 28 ақпанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
«Невада – Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыс күні
Ядролық қаруға қарсы қозғалыстың тарихы 1989 жылы 25 ақпанда басталды. Бұл күні КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттығына кандидат болып түскен Олжас Сүлейменовтің сайлауалды сөзі белгіленген болатын. Бірақ ақын сайлауалды бағдарлама туралы емес, осыдан бірнеше күн бұрын Семей ядролық полигонында болған оқиға, радиоактивті газдардың ағуы, Семейдегі жарылыстың Қазақстан халқына, бүкіл елге қауіп төндіретіні туралы айтты. Ол ядролық сынақ полигондарын жабу керектігін айтып, алматылықтарды наразылық шеруіне шығуға шақырды.
Ал 28 ақпанда мыңдаған адам Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына келді. Осылайша, азап шеккен Қазақстан жерінде Семей полигонындағы ядролық сынақтарға жаппай наразылық білдірген нағыз ұлттық ядроға қарсы «Невада-Семей» қозғалысы дүниеге келді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстанның Байланыс министрлігі мен «Қазтелеком» республикалық кәсіпорны аустралиялық OTS компаниясымен Алматы қаласында Intelsat жүйесінің халықаралық спутниктік телефон станциясын салу туралы келісімге келді. Көктөбе тауында спутниктік телефон станциясының салтанатты ашылуы өтті. Қазақстан Аустралия арқылы бүкіл әлеммен байланыс орнату үшін 10 халықаралық шығыс арнасын алды.
2002 жылы Алматыда Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы шартқа қол қойылды. Шартқа Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы қол қойды.
Ұйымның мақсаты мен міндеті: саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ қауіпсіздік пен тұрақтылық саласында тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру; мүше мемлекеттердің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына төнетін қатерлердің алдын алуда өзара қолдау көрсету.
2006 жылы аймақтың бес елінде түсірілген кеңестік кезеңдегі де, тәуелсіздік дәуіріндегі де үздік фильмдерді ұсынатын Орталық Азия фильмдерінің DVD жинағы шығарылды.
Қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік және түрікмен режиссерлерінің фильмдері қамтылған және 10 DVD дискіден тұратын жинақ Орталық Азия өңірі киногерлерінің фильмдері туралы кең түсінік береді.
2007 жылы Иерусалимде Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі туралы екіжақты хаттамаға қол қойылды.
Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасында қалыптасқан достық пен өзара түсіністік қатынастары конструктивті сауда келіссөздеріне негіз болды, оның нәтижесінде Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы екіжақты хаттамаға қол қойылды.
2011 жылы Астанада Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис Алматыдан көшірілген Литва елшілігін ресми түрде ашты.
Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 15 маусымда орнатылды. 1993 жылы 7 қарашада Қазақстанда Литва елшілігі ашылды. 1995 жылдың шілдесінде Литвада Қазақстанның Елшілігі ашылды.
2012 жылы Женевада БҰҰ Ұлттар сарайында «Қазақстан» көпфункционалды залының тұсаукесері өтті. «Қазақстан» залы ілеспе аудармаға, фильмдерді көрсетуге және концерттік бағдарламаларға арналған соңғы технологиямен жабдықталған.
2013 жылы Қазақстан Президенті Кишинев қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығын ашу туралы Жарлыққа қол қойды. Бас консул – Игорь Муслимов.
Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 16 қыркүйекте орнатылды.
2017 жылы Дубайда 33 елден мүмкіндігі шектеулі 190 спортшы қатысқан Әлем кубогында отандық паралимпиадашылар екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Жасөспірімдер Захар Бұйлов 49 және 59 келі салмақ дәрежесінде Ақжол Жарылғапов жоғары стандартты медальді жеңіп алды. «Күміс» ересектер арасында 50 келі салмақта Кабир Асқаровқа бұйырды.
2019 жылы Астана білім беру саласындағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру келісім-шартына отырған алғашқы қазақстандық қала болды: бизнесмендер жобаны 100% қаржыландыруды қамтамасыз етеді, ал қала билігі құрылыс алаңын 2019 жылы нысан түрінде берді. Елордада мың орындық SABIS халықаралық мектебін, оған қоса 250 орындық балабақша салу туралы келісімге қол қойылды.
2020 жылы Нью-Йорктегі «Barclays Arena» жұлдыздар галереясында Бейонсе, Элтон Джон, Джастин Тимберлейк, Рианна сынды стадионда өнер көрсеткен әлем әртістерінің арасында әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің суреті пайда болды.
2022 жылы Франция астанасында 14 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Tennis Europe сериясының бірінші санатты супертурнирі жас қазақстандық Заңғар Нұрланұлының жеңісімен аяқталды.
Теннис Еуропа сериясындағы төртінші жүлдеге жету жолында ол Австрия, Ресей және Францияның мықты ойыншыларын жеңді.
2022 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі жұмысын бастады, бұл Қазақстан тарапының 2022-2024 жылдар аралығындағы Кеңеске мүшелік шеңберінде жалпыға бірдей құқықты дамыту және қорғау мақсатында басқа мемлекеттермен тиімді өзара іс-қимыл жасау ниетін растады.
Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі кеңеске қосылу туралы шешімі ұлттық және халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғау және ілгерілету жөніндегі міндеттемеге негізделген.
2022 жылы қазақстандық теннисші Анна Данилина өзінің рекордын жаңартып, Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) ТОП-20 рейтингіне енді.
2024 жылы Мемлекет басшысы телекөпір арқылы Сиань қаласында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы аясында салынған көлік-логистикалық терминалды пайдалануға берді. Бұл шараның алдында Қазақстан мен Қытай басшыларының Сиань құрғақ портында Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын логистикалық орталық салу туралы келісім жасалды. Сиань Қытайдағы негізгі транзиттік орталық, ал құрғақ порт елдегі ең үлкен порт болып табылады. Қытай мен ЕО арасындағы контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінің 40%-ға дейіні осында қалыптасады. Сиань құрғақ портындағы қазақстандық терминалдың жобалық қуаты жылына 66,5 мың ТЭУ (жиырма фут эквивалентті бірлік) астам. Терминал экспорттаушылар үшін жаңа нарықтарға жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімдерін айтарлықтай қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтады.
2024 жылы Қазақстан Президенті «ҚТЖ» ҰК» АҚ қытайлық Huawei компаниясымен бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты. Бұл орталық Smart Railway жобасын жүзеге асыру үшін құрылған. Мемлекет басшысына теміржол көлігінің тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер ұсынылды. Жобалар IT және телекоммуникация саласындағы әлемдік көшбасшыларды тарту арқылы жүзеге асырылады.