«Қоғамдық тыныштықты сақтауға барлығы 7 700 ішк істер органдарының қызметкері тартылады. Олардың 5 300-і Алматы және Алматы облысы ІІД-нің қызметкерлері болса, Ұлттық ұланнан 1 мың жауынгер, Қорғаныс министрлігінен 1 мың сарбаз сапта тұрады. Сондай-ақ, өзге аймақтық Ішкі істер департаменттерінен 150 қызметкер жұмылдырылады», - деді ҚР ІІМ орынбасары Ерлан Тұрғымбаев ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин өткізген кеңесте.
Бұдан бөлек, тексеру, бақылау орындарында иісшіл иттермен 46 кинолог пен 16 жарылғыш техниктері жұмыс атқарады. Одан бөлек, Универсиада нысандарында металл анықтау детекторлары қойылған 96 арна жүйесі болады. Универсиада нысандарында кедергі 100 бетон блок қойылса, екі мыңға жуық бейнебақылау камералары үздіксіз жұмыс істейтін болады.
«28 қаңтар мен 9 ақпан аралығында Алматы және Алматы облыстарының ІІД-лері, Төтенше жағдайлар департаменттері, Ұлттық ұланның аймақтық құрамы күшейтілген түрде қызмет атқарады», - деді министрдің орынбасары.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Универсиада нысандары: «Халық арена», спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплині, «Алматы арена» спорт кешені және Атлетика ауылының дайындығын тексерді.