АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанның атом саласы қызметкерлері күні
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті 2008 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңның 4-бабына сәйкес Атом өнеркәсібі қызметкерлері күнін белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды.
Қазақстанның мерекелер күнтізбесіне атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің енгізілуі елдің экономикалық дамуында атом өнеркәсібінің алатын орны айрықша екенін көрсетеді. Бүгінде атом өнеркәсібі — еліміздегі технологиялық тұрғыдан ең озық, ғылымды көп қажет ететін әрі экономикалық жағынан тиімді салалардың бірі.
Бүкіләлемдік құтыру ауруына қарсы күрес күні
Дүниежүзілік құтыру ауруына қарсы күрес күні алғаш рет 2007 жылы аталып өтті. Бұл күннің 28 қыркүйекке белгіленуінің өзіндік себебі бар. 1895 жылғы 28 қыркүйекте құтыруға қарсы вакцинаны әріптестерімен бірге жасап шығарған француз микробиологы Луи Пастер қайтыс болды.
Халықаралық ақпаратқа қолжетімділік күні
Бұл атаулы күнді ЮНЕСКО 2015 жылы белгіледі. Ал 2019 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 28 қыркүйекті халықаралық күндер қатарына енгізді.
ЮНЕСКО 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында ақпараттың қоғамға ашық әрі қолжетімді болуының маңызына ерекше назар аударды. Себебі ақпаратқа еркін қол жеткізу — қазіргі қоғамның демократиялық негіздерінің бірі. Адамның ақпаратты іздеуге, алуға және таратуға құқығы сонау Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген. Декларацияның 19-бабында әр адамның ақпарат пен пікірді еркін іздеуге, алуға және таратуға құқығы бар екені көрсетілген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстан Республикасы Президентін, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарын, мәслихаттар депутаттарын және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзге де мүшелерін сайлауға дайындық пен оны өткізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейді. Сондай-ақ заң азаматтардың өз еркін білдіру бостандығын қамтамасыз ететін кепілдіктерді белгілейді.
1996 жылы Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жазушы Оралхан Бөкейге (1943–1993) ескерткіш орнатылды.
Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының, Н.Островский атындағы әдеби сыйлықтың, «Жалын» және «Молодая гвардия» баспаларының сыйлықтарының лауреаты Оралхан Бөкей бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды. Атап айтқанда, ол «Құрмет белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Жазушының шығармалары неміс, словак, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон тілдеріне, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың тілдеріне аударылып, жарық көрді.
1999 жылы Ақтау қаласында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды.
Мұстафа Шоқай (1890–1941) — қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, біртұтас Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен тұлға. Кеңес өкіметі орнай бастағаннан кейін ол Францияға кетіп, өмірінің соңына дейін эмиграцияда болды.
2000 жылы Алматы қаласында мәдениетті қолдау жылы аясында және Түркістанның 1500 жылдығына орай екі күнге созылған «Әл-Фараби мұрасы және әлем мәдениеті» атты халықаралық конгресс өтті. Жиынға Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, Түркия, Иран, Сирия және Ресейден Әл-Фараби мұрасын зерттеп жүрген жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты.
2005 жылы Цюрих қаласында екі ел арасындағы кәсіпкерлер мен саясаткерлерді біріктіретін Қазақстан–Швейцария қауымдастығының ашылу рәсімі өтті. Қауымдастықтың негізгі мақсаты — Қазақстан мен Швейцария арасындағы әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту.
2006 жылы АҚШ-та, Вашингтон қаласындағы Қазақстан елшілігінің алдында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік монументі ашылды. Монумент сақ жауынгерінің бейнесінде жасалған.
2006 жылы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығынан сақ дәуіріне, яғни б. з. б. VII–IV ғасырларға жататын бірегей археологиялық жәдігер — металдан жасалған қазан табылды.
Тараз қаласының тұрғыны Сергей Кудрин тауда ара өсірумен айналысып жүрген кезінде жерден шығып тұрған металл бұйымды байқайды. Қазып қарағанда, оның салмағы 15 келі, сыйымдылығы 17 литр болатын, бірнеше металдың қоспасынан жасалған өрнекті қазан екені анықталды. Табылған қазан — ерте заманда Ақсу-Жабағылының қазіргі қорық аумағында болған көне жәдігерлер кешенінің бір бөлігі. Бұл өңір асау таулы өзендері, мұздай суы мен биік таудағы шалғынды жайылымдарымен ерекшеленеді.
2011 жылы Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында Корей–Қазақстан технологиялық ынтымақтастық орталығы ашылды.
2012 жылы Астанада Республика даңғылынан Бараев көшесіне дейін созылатын Әубәкір Ысмайылов атындағы көше салтанатты түрде ашылды. Бұл — елордада есімі көшеге берілген алғашқы суретші.
Әубәкір Ысмайылов — Қазақстанның халық суретшісі, өнер қайраткері, режиссер, биші, актер, музыкант және фольклор жинаушы. Оның шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасу тарихымен тығыз байланысты.
2015 жылы Ақсу қаласында Гиннестік рекордтар кітабына енген әлемдік рекорд орнатылды. Жергілікті тұрғындар 4 тонна 250 келі картоп өңдеп, 54 қазанда 19 254 порция фри картобын дайындады. Дайын тағам мерекенің арнайы белгісі бейнеленген қаптамаларға салынып, 150 ерікті даяшы мерекеге келген жұртқа таратып берді.
2015 жылы Павлодардағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың «Жаңа толқын» шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері Камиль Аллаяров, Махаббат Исаханова және Толғанай Майкенова Ресейдің Калининград облысындағы Зеленоградск қаласында өткен IV халықаралық DEAF «Янтарные звезды» фестивалінде алтын кубок пен жеңімпаз дипломын иеленді. Қазақстандық өнерпаздар «Сәлем саған, Қазақстан», «Давайте петь» әндерін орындап, «Штангист» және «Фотограф» атты екі клоунада көрсетті. Қазылар алқасы олардың өнерін жоғары бағалап, үздік деп таныды.
2017 жылы «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Марғұлан» орталығының аумағында XVIII ғасырдың көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанмұхамед Баһадүрдің, халық арасында Сұлтанбет сұлтан атанған тұлғаның қайта қалпына келтірілген қонысы ашылды. Абылай ханның немере інісі Сұлтанбет сұлтан көреген саясаткер болған. Ол туралы көптеген тарихи құжат сақталған. Павлодарда XVIII ғасырдағы осы қоныс қайта қалпына келтіріліп, оның аумағында Археология орталығы ашылды.
2021 жылы Кембридждегі Фицуильям музейінде «Ұлы даланың алтыны» көрмесі ашылды. Көрмеде Шығыс Қазақстан археологтарының зерттеулері негізінде жасалған жәдігерлер топтамасы ұсынылды.
2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына (ТүркПА) төрағалық ету міндеті Әзербайжаннан Қазақстанға берілді. Бұл рәсім Түркістан қаласында өткен ТүркПА-ның X пленарлық отырысы аясында ұйымдастырылды.
2022 жылы Қазақстан астанасында төртінші халықаралық Digital Bridge 2022 технологиялық форумы өз жұмысын бастады. Форум аясында мемлекеттік органдардың өкілдері, венчурлік инвесторлар, технологиялық кәсіпкерлер және қазақстандық әрі шетелдік жетекші сарапшылар, соның ішінде Huawei Technologies Kazakhstan мамандары цифрлық трансформация мен өндірістік үдерістерді жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылады7
2024 жылы елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының алдындағы алаңда көрнекті қазақ жазушысы, драматург әрі ғалым Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Ескерткішті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен жазушының туысы Диар Қонаев ашты. Ескерткіштің авторлары — мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұханов.
2025 жылы Қазақстанның спорттық гимнастикадан ұлттық құрамасының көшбасшысы Милад Карими Мажарстанның Сомбатхей қаласында өткен Challenge Cup кезеңінде алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық гимнаст кермедегі жаттығуда 14,750 ұпай жинап, финалда бірінші орынға ие болды.