28 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 28 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Атом саласы қызметкерлерінің күні
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4 бабына сәйкес бекітілді.
Қазақстанда Еңбек күні
Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін бұл күн ел президентінің 2013 жылғы қарашадағы Жарлығымен еңбек мамандықтарын құрметтеу және еңбектің маңыздылығын жастайынан түсіндіру мақсатында белгіленген болатын.
Бұл ретте «Еңбек Ардагері» медалі тағайындалды, ол еңбекте ерекше нәтижелерге қол жеткізген озат қызметкерлерге, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге және бір салада кемінде 10 жыл еңбек еткендерге беріледі.
Қазақстанда машина жасаушылар күні
Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін мереке сонау кеңестік дәуірден бастау алады. Оны Қазақстанда ғана емес, Ресей, Беларусь, Қырғызстанның машина жасаушылары да атап өтеді. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 1 қазандағы №3018 «Мерекелер мен атаулы күндер туралы» Жарлығымен бекітілген.
Халықаралық саңыраулар күні
Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін бұл мереке 1951 жылы Дүниежүзілік саңыраулар федерациясының құрылуымен тұспа-тұс құрылды. Күннің мақсаты – саңырау адамдардың күнделікті кездесетін қиындықтары туралы халықаралық хабардарлықты арттыру.
Халықаралық ақпаратқа қолжетімділік күні
БҰҰ-ның естелік күні ЮНЕСКО-ның 2015 жылғы 17 қарашадағы қарарымен белгіленген. Оның мақсаты-әлемдік қоғамдастықтың назарын ақпаратқа қоғамдық қол жетімділікті қамтамасыз ету және адамның негізгі бостандықтарын қорғау қажеттілігіне аудару.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы республикадағы сайлау туралы Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойылды. Бұл Жарлыққа сәйкес, ел Парламенті 2 палатадан тұратын және кәсіби негізде жұмыс істейтін болып белгіленді.
1996 жылы Алматыдағы Кеңсайда жазушы Оралхан Бөкеевтің зиратына ескерткіш орнатылды.
1999 жылы Ақтау қаласында Алашорда қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш ашылды.
2000 жылы Алматыда Түркістанға 1500 жыл толуы мен Мәдениетті қолдау жылына орай екі күндік «Әл-Фараби мұралары және әлем мәдениеті» атты Халықаралық конгресс өтті. Бұл іс-шараға Ресей, Сирия, Иран, Түркия, Орталық Азия елдері мен Қазақстанның жетекші әл-Фарабитанушы мамандары қатысқан.
2005 жылы Цюрих қаласында Қазақстан-Швейцария қауымдастығы салтанатты түрде ашылды. Қауымдастық екі елдің саясаткерлері мен кәсіпкерлерін біріктіреді, мақсаты - әр түрлі саладағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту.
2006 жылы Вашингтондағы Қазақстан Елшілігінің алдында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік монументі ашылды.
2006 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры тағы бір бірегей жәдігер - Ақсу-Жабағылы қорығында табылған жыл санауға дейінгі VII - IV ғасырларда жасалған металл қазанмен толықты. Тауда омартасы бар Тараз қаласының тұрғыны Сергей Кудриннің көзі жерден шошайып шығып тұрған темір затқа түседі. Сөйтсе ол сыйымдылығы 17 литрлік 15 келі тартатын бірнеше металдардың балқымасынан жасалған қазан болып шықты. Облыстық мұражай мамандарының пайымдауынша, бұл қазан көне заманда Ақсу-Жабағылы қорығының аумағында орналасқан бүтін кешеннің бір бөлшегі болуы мүмкін.
2011 жылы Оңтүстік Кореяның Даеджон қаласында Корея-Қазақстан технологиялық ынтымақтастық орталығының ашылу салтанаты болып өтті. Орталықтың негізгі функциялары - ақпарат тарату, инвесторлар, серіктестер мен технологиялар іздестіру, бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды үйлестіру, инновацияларды құру және басқару саласында кадрларды даярлау және дамыту бойынша бірлескен бағдарламаларды ұйымдастыру арқылы екі елдің компаниялары арасында ынтымақтастық орнату.
2012 жылы Астанадағы Республика даңғылынан Бараев көшесіне дейін созылатын көшеге Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Исмаиловтың атын беру салтанаты өтті. Бұл – елордада суретшінің атымен аталған алғашқы көше. Әубәкір Исмаилов - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, биші, жыршы, режиссер, суретші, қоюшы, кино актері, суырып салма музыкант, фольклор жинақтаушысы. Қазақстан Республикасының халық әртісі 1913 жылы Қарағанды облысындағы Долинки ауылының жанындағы №6 ауылда дүниеге келген. Әубәкір Исмаилов Қазақстанның бейнелеу өнеріне ХХ ғасырдың 30-жылдарында келді. Оның бүкіл шығармашылық өмірі елдің бейнелеу өнерінің пайда болуы мен қалыптасу тарихымен үздіксіз байланыста болды.
2015 жылы Ақсу қаласында әлемдік рекорд орнап, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Жергілікті тұрғындар 4 тонна 250 келі картопты өңдеп, 54 қазандықта 19 мың 254 порция фри картобын қуырды. Дайын болған тағам фестиваль символикасымен порциялық пакеттерге салынып берілді. Оларды 150 ерікті даяшы мерекеге келушілерге таратып берді.
2015 жылы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған Павлодар мектеп-интернатының «Жаңа толқын» балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері Камиль Аллаяров, Махаббат Исаханова, Толғанай Майкенова Калининград облысының Зеленоград қаласында өткен DEAF «Янтарные звезды» IV халықаралық фестивалінде алтын кубок пен жеңімпаз дипломын жеңіп алды. Қазақстандық қатысушылар «Сәлем саған, Қазақстан», «Ән айтайық» және екі күлдіргі «Штангист», «Фотограф» әндерін орындап, қазылар алқасы үздік деп танылды.
2017 жылы «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Марғұлан орталығы» аумағында 18 ғасырдағы көрнекті саясаткер Сұлтанмұхамед Бахадурға арналған салтанатты түрде қайта жөндеуден өткен ғимарат ашылды. Ол ел арасында Сұлтанбет сұлтан деп танылған.
2021 жылы Кембридждегі Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ашылуы өтті, онда Шығыс Қазақстан археологтарының экспозициясы ұсынылды.
2021 жылы Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясына (ТүркПА) төрағалық ету Әзербайжаннан Қазақстанға өтті. Өту рәсімі Түркістанда өткен ТүркПА-ның Х пленарлық отырысы аясында болды.
2022 жылы Қазақстан астанасында Digital Bridge 2022 төртінші халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысы басталды. Форум барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, венчурлық инвесторлар, технологиялық кәсіпкерлер және жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылар, оның ішінде Huawei Technologies Kazakhstan мамандары, заманауи шындық жағдайында цифрлық трансформация және өндірістік процестерді жаңғырту бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
2022 жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толды. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Мұхтар Омарханұлы Әуезов көрнекті ғалым, тарихшы, әдебиет теоретигі болды. Оның негізгі әдеби шығармалары «Әр жылдардағы ойлар» іргелі кітабында жинақталған. Мұхтар Әуезовке Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Мұхтар Әуезов Кеңестік Бейбітшілік комитетінің мүшесі, Лениндік сыйлықтарды беру жөніндегі комитеттің мүшесі, КСРО Жазушылар одағы басқармасы Президиумының мүшесі болды.
2023 жылы Таразда «Тараз – тарих толқынында» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қатысушылар қазіргі Тараздың көркін оның көне сұлбасымен үйлестіріп көрсетуге тырысты. Байқау барысында үздік жұмыстар анықталып, қалың көпшілікке қолжетімді болды. Қазылар алқасы үшінші орынды Түркістан қаласының әуесқой фотографы Нақып Шынтеміровке берсе, екінші орынды шымкенттік Самат Мырзалиевке бұйырды. Ал, сайыста алматылық Ернұр Манапханұлы жеңімпаз атанды.
2024 жылы елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының алдындағы алаңда қазақтың көрнекті жазушысы, драматургі, ғалымы Мұхтар Әуезовке ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен жазушының туысы Диар Қонаев қатысты. Ескерткіштің дизайнын мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған.