28 қыркүйек - қазақтың шоқтығы биік үш жазушысының туған күні

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйек айының 28-жұлдызы қазақтың бір емес, үш жазушысы дүниеге келген күн екенін білесіз бе? Қабдеш Жұмаділовтың сөзімен айтқанда дәл осы күні «қазаққа Мұхтар Әуезовті сыйлаған Құдай Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаны да бере салыпты».

Мұхтар Әуезов (1897-1961 жж.)

Сөзсіз, қазақ әдебиетінде «заңғар жазушы» деген атаққа ие бірден-бір тұлға деп Мұхтар Әуезовті танимыз. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым кайраткері... Тірісінде атақ атаулының бәрін алған Мұхтар Әуезов ең бастысы азаттықтың ақ таңы үшін жанын пида еткен Алаш арыстарының аманатын орындап кетті. Қазаққа, қазақ арқылы әлемге Абайды танытты. Жиырмасыншы жылдардың өзінде жазушы Семей, Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көрген журналдар мен басылымдарда әңгіме-повестерін жарыққа шығарды. 1926 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасымен Қызылорда қаласында қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығын ашқан да Мұхаң еді. Оқу мен әдеби-творчестволық қызметті ұштастыра отырып, қазақ әдебиетінің тарихын, фольклорын жүйелі зерттеу мәселесімен үзбей шұғылданды.

Мұхтар Әуезов театрдың жетекші авторларының бірі ретінде төл пьесаларымен ғана емес («Түнгі сарын», «Тас түлек», «Шекарада», «Айман-Шолпан»), орыс, шетел, советтік классика үлгілерін де аударып, сахна өнерін байытуға айрықша еңбек сіңірді. Шекспирдің «Отелло», Гогольдің «Ревизор», Треневтің «Любовь Яровая», Погодиннің «Ақсүйектер» драмалары қазаққа Әуезовтің қаламы арқылы жол тартқан еді. Қырқыншы жылға дейін Соболевпен бірге жазған «Абай» трагедиясы толыққанды «Абай жолы» эпопеясына барар жолдағы шешуші кезең болатын. Эпопеяның алғашқы қос кітабы «Абай» романдары 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен бағаланса, кейінгі қос томы «Абай жолы» 1952-1956 жылдары жазылып, жалпы эпопеяға 1959 жылы Лениндік сыйлық берілді.

Алаштың ардақтылары түрменің түбінен бір-ақ шыққанда (арасында Әуезов те бар) Ахмет Байтұрсыновтың Әуезовке жазған аманат хаты жазушыны аман алып қалған деседі. Бұған дәлел - алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың Қайым Мұхамедханұлының сөзін келтірген бір сұхбатында «Бірде Ахаң «Біздер айтқанымыздан қайта алмаймыз. Халықты алдауға болмайды. Обалына қаламыз. Сендер жассыңдар. Мына Мұхтар мен Әлімхан ойымыздан қайттық деп кешірім хат жазса болады» деді. Содан кейін біз кешірім хат жазып, Әлімхан екеуіміз босадық» деп, Әуезовтің сөзін келтірген. Осыдан соң Әуезов аман қалды. Алаш арыстары опат болғанымен, олардың идеясын жалғады.

Оралхан Бөкей (1943-1993 жж.)

Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкей 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында өмір есігін ашқан. Туған жері - Алтайдың сұлулығы мен асқақтығын туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда «...жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде...» ел есінде қалды. Еңбек жолын 1965-1968 жылы Үлкен Нарын (Большенарым) ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор болып бастап, облыстық «Коммунизм туында» әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті. Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді.

«Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бірде-бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», - дейді Оралхан жайлы жазушы Дулат Исабеков.

Оралхан көркем шығармасы арқылы заманның шындығын суреттей білгені әсте тамсандырмай қоймайды. Мәселен, жазушының бір ғана «Сайтан көпір» повесін оқысаңыз, қарапайым ғана ауылдың қазағы Аспан шалдың қилы тағдырымен-ақ сол тұстағы жүйенің кемшілігін шебер суреттей білген. Оның «Қар қызы» мен «Атау кересі», «Құлыным менің» мен «Текетіресі», «Үркері» мен біздің бала күніміздің батырына айналған «Тортайы» қазақ прозасының алтын қорын толықтырып қана қоймай, өзгеше тұғырымен шоқтығы асқақ туынды ретінде сақталады.

Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне, атап айтқанда орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Жүздеген туындылары әлі де оқырманның зор сұранысына ие.    

Шерхан Мұртаза (1932 жылы дүниеге келген)

Қара сөздің қарагері, шындықтың шырақшысы атанған, халқы «Шер-аға» деп білетін абыз ақсақалымыз бүгін 85 жасқа толып отыр. 

Жазушының кіндік кескен жері - Жуалы ауданы. Шерхан Мұртаза 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз.

Шер-ағаның бір жылдары Қазақстан Pеспубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болғанын да атап өту керек. Халық қалаулысы атанған кезінде ел көкейіндегі ең өзекті мәселелерді биік мінберлерден жасқанбай айтқан кездері де ел жадында.

Жазушының шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдерінің бірқатарына аударылған. Қазақ тіліне Ганс Христиан Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Шыңғыс Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.

Шерхан Мұртаза «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Жазушының Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы деген атағы бар. Жазушы «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы мен ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).