28 қыркүйек. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 28 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.



ЕСІМДЕР

121 жыл бұрын (1897-1961) қазақ әдебиетінің классигі ӘУЕЗОВ Мұхтар Омарханұлы дүниеге келді.

Филология ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақ КСР ҒА-ның академигі (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).

Бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті. Болашақ жазушы ұлы Абай өз шығармаларында сонша терең әрі жан-жақты суреттеген сол кездегі қазақ қоғамының сипаты мол, қайшылыққа толы өмір-тұрмысын көзімен көрді. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады.

1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Ортаазия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта (қазіргі СанктПетербург) оқыған соңғы жылында екі тамаша повесть жазған: «Қараш Қараш» пен «Көксерек».

Саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде, ол әдебиетшіге де сол саясаттың шырмауынан шығу қиын екенін ұға білді. Ондаған жылдар бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларды жақтаушы деген кінә тағылып келді. Қудалау көріп, 1930-1932 жылдары қамауда болды, тұтқыннан құтылу мақсатымен ашық хат жазды. 

Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. Тұңғыш көркем туындысы «ЕңлікКебек», онан кейін «Хан Кене» мен «Қилы заман», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақты оқиғаларды арқау еткен. 
Әуезов 20-жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме («Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші»), пьесалар («Айман-Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын») жазады. 

30-жылдарда Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, онан кейін де қымқиғаш пікірлер айтылып жүргенде, Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету ол кезде біліктілік, даналық қана емес, үлкен ерлік те болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді.
1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл - болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы, Л.Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды. 

Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бойы «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. 

Көркем тәржіме жұмысына белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды, КСРО жазушыларының ІІ съезінде көркем аударма туралы арнаулы баяндама жасасты.

Үлкен ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.

КСРО Жазушылар одағы Президиумының, Бейбітшілікті қорғау кеңесі комитетінің, Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік университетінің көп жылдар бойы профессоры болған Әуезов 4-5 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де зор қоғамдық міндет атқарды. 

«Абай жолы» эпопеясынан кейін дәуір шындығын суреттейтін кең ауқымды жаңа эпопея жазуға кіріскен еді. Соның «Өскен өркен» атты 1 кітабының нұсқасын салып кетті. Ол 1962 жылы жарияланды.

Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

86 жыл бұрын (1932) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстанның халық ақыны, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты МҰРТАЗА Шерхан Мұртазаұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы. 
Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 
1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.
Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смаиловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. 
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. 
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).

75 жыл бұрын (1943-1993) жазушы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың иегері  БӨКЕЕВ Оралхан дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1968-1983 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі. 1983-1993 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, бас редакторы болған. Қаламгердің «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Үркер ауып барады», «Біздің жақта қыс ұзақ» әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» романы, «Құлыным менің» пьесалар жинағы жарық көрген. «Құлыным менің», «Теке-тірес», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған. Орыс тілінде «Жасынның ізі» әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылған. Жазушының шығармалары бойынша «Кісікиік», «Сайтан көпір» көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль қойылды.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

68 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының мемлекет және саяси қайраткері ИЩАНОВ Қайрат Қыдырбайұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1972-1983 жылдары - кеңшардың құрылысшы-инженері, кеме механигі. 1983-1984 жылдары - Балықшы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1984-1990 жылдары - кеңшардың бас инженері, басқарма төрағасы. 1990-1992 жылдары - Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы, төрағаның бірінші орынбасары. 1992-1994 жылдары - Атырау облысы Балықшы аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-1999 жылдары - Жамбыл атындағы кеңшар басқармасының төрағасы. 1999-2000 жылдары - Атырау облыстық мәслихатының хатшысы. 2000-2001 жылдары - Жамбыл атындағы өндірістік кооперативтің төрағасы. 2001-2005 жылдары - Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2005 жылдан - Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. 2011-2016 жылдары - ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары.

«Құрмет», «Парасат»  ордендерімен және медальдармен марапатталған.

58 жыл бұрын (1960) «Астана-энергия» АҚ басқармасының төрағасы ЕСЕНЖОЛОВ Еркеғали Темірғалиұлы дүниеге келді.

Ақмола (қазіргі Астана) қаласында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген. 1982-1991 жылдары - «Электроуралмонтаж» тресінің реттеуші-инженері, Теңіз аудандық «Ауылшаруашылықэнерго» кәсіпорнының бас инженері, директоры, Теңіз аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігі төрағасының орынбасары, Теңіз аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Вишневский аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1991-1997 жылдары - «Красноозерный» кеңшарының директоры. 1997-1999 жылдары - «Есенжолов және компания» коммандиттік серіктестіктің директоры. 1999-2004 жылдары - Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімі. 2004-2007 жылдары - Ақмола облысы Есіл ауданының әкімі қызеттерін атқарды. Астана қаласындағы «Трест Средаэнергомонтаж» АҚ ТЭЦ-2, ТЭЦ-3 құрылыстарының үйлестіру жөніндегі бас директорының орынбасары; Астана қаласы ТЭЦ-3 құрылыс басқармасы «Центрказэнергомонтаж» АҚ филиалының директоры;  «Центрказэнергомонтаж» АҚ бас директоры (2013-2015); «Астанаэнергосервис» АҚ басқармасының төрағасы (2015-2017).

2017 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

 «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Констуциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының «Құрметті энергетик» белгісімен марапатталған.

51 жыл бұрын (1967) «Бейнеу Бозой Шымкент» ЖШС бас директоры ЕСТАЙ Серік Естайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1992 жылы «Инженер-электрик» мамандығы бойынша Алматы энергетикалық институтын бітірген. 2002 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Техникалық ғылымдардың кандидаты.

Еңбек жолын 1984 жылы «Ауыл шаруашылық химиясы» ӨБ-те жұмысшы болып бастады. 1992-1993 жылдары - «Орда» инвестициялық қоры - бас маман. 1993-1995 жылдары - «Гарант» АҚ коммерциялық вице-президенті. 1995 жылы - Автокөлік кәсіпорны - директордың орынбасары. 1995-1996 жылдары - «Уейкфилд Инспекшен Сервис ЛТД» ЖШС - бас директордың орынбасары. 1996-1998 жылдары - «Шымкентгаз» АҚ - сату бөлімінің бастығы. 1998-1999 жылдары - «Алаугаз» Алматы филиалы - бөлім бастығы. 1999 жылы - ҚР кеден органдарында Энергетикалық кеденнің бас инспекторы болып жұмыс істеді. 1999-2000 жылдары - Салық полициясы - аға инспектор. 2000-2002 жылдары - «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ - бюджет пен сатып алуды бақылау бөлімінің маманы, МТЖ департаментінің 1 санатты маманы. 2002-2003 жылдары - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ - өңірлермен жұмыс істеу жөніндегі басқарманың бастығы, бас директордың орынбасары. 2003 жылы - «ҚазТрансГаз» ЖАҚ - газды тасымалдау және маркетинг департаменті газды тасымалдау және клиринг бөлімінің бас менеджері. 2003-2004 жылдары - «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ «Оңтүстік» магистральдық газ құбырлары басқармасы - директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары. 2004 жылы - «ҚазТрансГаз Дистрибтьюшн» ЖАҚ - бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары. 2004 - 2007 жылдары - «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры. 2007 - 2014 жылдары - «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры. 2014-2016 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары. 2016 жылғы қаңтар - наурыз -«ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының техникалық жұмыс бойынша орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2016 жылғы наурыздан бері.

39 жыл бұрын (1979) Қостанай облысы Лисаковск қаласының әкімі ИСМАҒҰЛОВ Алмат Ерікұлы дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Қостанай ауылшаруашылығы институтын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2001 - 2003 жылдары - Қостанай облысы қаржы департаменті қорғаныс кешені және құқық қорғау органының, басқару аппараты қаржыландыру бөлімінің жетекші, бас маманы. 2003 - 2005 жылдары - Қостанай облысы қаржы департаменті материалдық өндірісін қаржыландыру бөлімінде бас маман, бөлім басшысы. 2005 - 2006 жылдары - Қостанай облысы қаржы департаменті қорғаныс, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік мемлекеттік органында қаржыландыру бөлімінің басшысы. 2006 - 2008 жылдары - Қостанай облысы қаржы департаменті директорының орынбасары. 2008 - 2010 жылдары - Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының орынбасары. 2010 - 2011 жылдары - Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы ортақ экономикалық сұрақтар бойынша басқармасы басшысының орынбасары. 2011 - 2013 жылдары - Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары. 2013 жылы - Лисаков қаласы әкімінің орынбасары, Қарабалық ауданының әкімі, Меңдықара ауданы әкімінің орынбасары. 

Қазіргі қызметінде 2015 жылдың қыркүйегінен бері.

38 жыл бұрын (1980) биатлоннан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері ХРУСТАЛЕВА Елена Владимировна дүниеге келді.

Красноярск қаласында туған. Краснояр мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітірген. 1997 жылдан - Красноярск қаласында БЖСМ биатлон бойынша спортшы-нұсқаушысы. 2001 жылдан - Беларусь Республикасының биатлоннан құрамасының мүшесі. 2002 жылдан - Новосібір қаласы Спортшы-жастар мектебінің биатлоннан спортшы-нұсқаушысы.

Жасөспірімдер арасындағы Еуропаның екі дүркін чемпионы (Польша, 2000), Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері (Австрия, 2000), үш дүркін Еуропа чемпионы (Италия, 2003, Ресей, 2005), Азия ойындарында қола және күміс жүлдегер (ҚХР, 2007), Азия чемпионатында алтын және күміс (ҚР, 2008), Жазғы әлем чемпионатында қола және күміс жүлдегер (Эстония, 2007, Германия, 2010), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (Ванкувер, 2010), Азия жазғы чемпионатының бірнеше мәрте чемпионы, VII Азия ойындарының чемпионы (Астана- Алматы, 2011). Қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы (Солт-Лейк-Сити, 2002; Сочи, 2014).


38 жыл
 бұрын (1980) Өскемен қаласының әкімі ОМАР Жақсылық Мұқашұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бітірген. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші, бас маманы. 2005-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бас маманы. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ ақпараттық және талдау бағдарламалары дирекциясы директорының орынбасары. 2009 жылы -  «Арна медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ бас менеджері. 2009-2010 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі. 2010-2011 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 2011-2013 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы. 2013-2016 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2016-2018 жылдары Алматы облысының әкімі болған. Қазіргі қызметінде 2018 жылғы тамыздан бері.