28 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 28 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

28 мамыр, ДҮЙСЕНБІ

Әзірбайжанда Республика күні. 1918 жылғы мамырдың 28-де Демократиялық Әзірбайжан Республикасы шығыстағы мұсылман елдер арасындағы 1920 жылдың сәуіріне дейін болып келген алғашқы парламенттік республика болып жарияланды.

Әзірбайжан Республикасы Кавказ тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армениямен және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен шекараласып жатыр. Шығысы Каспий теңізімен қоршалған. Астанасы - Баку. Мемлекет басшысы - президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - парламент (мәжіліс). Ресми тілі - әзірбайжан. Ақша бірлігі - манат.

Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнатылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» қаулысы шықты.

13 жыл бұрын (1999) Алматыда қазақстандық қаржыгерлердің бірінші конгресі болды.

7 жыл бұрын (2005) Алматыда Жеңістің 60-жылдық мерекесіне орай «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстаг дауылы» деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.

Режиссері Әділ Медетбаев. 40-минуттық фильм Халықаралық мәдени құндылықтарды сақтайтын және қолдау көрсететін қордың көмегімен «Amanat studio» студиясында түсірілген.

5 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азия Олимпиялық Кеңесінің (АОК) орденімен марапатталды. Кеңестің жоғарғы наградасын Н.Назарбаевқа Азия Олимпиялық Кеңесінің президенті, Кувейт мемлекетінің ұлттық қауіпсіздік министрі Шейх Ахмад әл-Фахад ас-Сабах табыс етті.

3 жыл бұрын (2009) Румынияның Яссы уезіндегі Струнга коммунасынның Братулешть ауылында 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгер Шернияз Аяғановқа арналған ескерткіштің ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.

Қатардағы Шернияз Аяғанов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келдi және соғысқа Семей облысының Аягөз әскери комиссариатынан шақырылды. Мотоатқыштар батальонының 56-бригадасының 23-танк корпусының құрамында қызмет етті.

Бұл шара Қазақстан Республикасының дипломатиялық миссиясы мен Румынияның батырларды еске алу ұлттық агентствосы және «Ромпетрол» серіктестік тобының бірлескен көмегімен ұйымдастырылды.

3 жыл бұрын (2009) «БТА банкінің» «Столичное» бөлімшесінде автоматтандырылған сейфтік депозитарий жүйесі ашылды. Орталық Азия аймағында ол алғаш рет ашылып отыр.

460 адамға лайықталып жасалған жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі, банк клиенттері депозитарий қызметін тәулік бойы және банк қызметкерінің көмегінсіз пайдалана алады.

Аталмыш жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Банк клиенттері осы жүйе негізінде қаржы, құжат, құнды бұйымдар немесе өзге де дүниелерін сақтау үшін арнайы дайындалған кәртішке мен ПИН-кодты пайдаланады.

ЕСІМДЕР

138 жыл бұрын (1874-1946) композитор әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі БЕРКІМБАЙҰЛЫ Естай дүниеге келді.

Павлодар облысының Екібастұз ауданында туған. Ақындық, әншілік қабілет Естайға ана сүтімен дарыған. Естайдың анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым ауыл арасында ғана емес, кезінде бүкіл Кереку өңіріне аттары әйгілі әншілер болған. Естай ат жалын тартып мінуге жарағаннан бастап қолына домбырасын алып, ән айтуға талаптанады. Жиын-тойларға жиі барып, ақындар мен әнші-жыршылардың өнерлерін бойына сіңіріп өседі. Ол мұнымен қоса ауылдағы Жақып деген молдадан арабша сауатын ашып, ара-тұра өлең жаттап, құрбы-құрдастарының арасында айтып жүреді. 16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмтылмастай әсер алады. Сондай-ақ, ол Жарылғапберді, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда ән салып, халыққа танымал болады. Естай ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде те белгілі. Оның «Майда қоңыр», «Жүректе», «Мәлике», «Өмір», «Қоңыр жел», «Дүние», «Шоққара ағаш» сияқты  әндері көп. Ал классикалық «Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері оның есімін аңызға айналдырды.

Естай әндерін А.Затаевич тұңғыш рет нотаға түсірген. Әнші 1939 жылы Алматыға келіп, музыка зерттеушісі әрі композитор Б.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртеді. 1945 жылы ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толу тойына қатысып, Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартай ақындармен өнер сайысына түседі.

А.Жұбанов пен Б.Ерзакович  Естайдың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. Ақын М.Әлімбаев «Естай - Хорлан» поэмасын, И.Оразбаев «Естайдың Хорланы» драмасын әнші өміріне арнады.  

122 жыл бұрын (1890-1949) геолог, КСРО Ғылым Академиясының академигі ГРИГОРЬЕВ Иосиф Федорович дүниеге келді.

Санкт-Петербор қаласында туған. Петроградтың тау-кен институтын бітірген.

Кен институтында алғаш рет минераграфиядан, Мәскеу кен академиясында кен орындары жөнінде дәріс оқыған.

Ұлы Отан соғысы жылдары табиғи қорларды Отан қорғау мұқтажына жұмылдыру жөніндегі комиссияның мүшесі. Оның алғашқы ғылыми еңбектері Оңтүстік Қазақстан геологиясына арналған. Кенді Алтайдың полиметал кен орындарында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстар Григорьевтың ғылыми қағидаларына негізделді және нәтижелі болды. Ол кенді минераграфиялық зерттеу әдісін ұсынды және кен құрылымының түрлерін анықтады.

Екі орденмен және медальдармен марапатталған.

111 жыл бұрын (1901-1980) суретші, плакатшы ЧЕКАЛИН Борис Алексеевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Самара қаласында туған. Соғысқа дейінгі жылдары Куйбышев, Воронеж, Магнитагорск қалалары газеттерінің редакциясында істеген. 1937 жылы Алматыға келіп қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының суретшісі болған. Ол Жамбыл Жабаевтың суретін бірнеше мәрте салып, 200-ден астам суретін жасаған. Соғыс жылдары майдан газеттерінде еңбек еткен.

Екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталған.

106 жыл бұрын (1906-1964) қоғам қайраткері ШЕРЕНГИН Иван Григорьевич дүниеге келді.

Ресейдің Ростов облысында туған. М.Фрунзе атындағы Әскери академия жанындағы атқыштар дивизиясы командирлері курсын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1938-1941 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің және Петропавл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ өнеркәсіп кеңесінің басқарма төрағасының орынбасары болған. Ұлты Отан соғысы майданынан келгеннен кейін түрлі лауазымды қызметтер атқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылымына депутат болып сайланған.

Үш мәрте Қызыл Ту, Ленин, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) «Құрманғазы» оркестрінің жеке орындаушысы, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Бүкілодақтық байқаудың жүлдегері ТӘЖІБАЕВ Рахым дүниеге келді.

Алматы облысының Ақсу ауданында туған. Мемлекеттік эстрада студиясын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1967-1993 жылдары аралығында «Қазақконцертте» қызмет істеген. Қазіргі қызметінде 1993 жылдан бастап істейді.

66 жыл бұрын (1946) ветеринария ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі ТҰРСЫНҚҰЛОВ Шахайдар Жорабекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, осы институттың студенттер қалашығының директоры, кіші ғылыми қызметкері, аспиранты, аға ғылыми қызметкері, зертхана жетекшісі болған. 1984-1990 жылдары - Алматы қалалық ветеринарлық қызметінің бастығы. 1990-1997 жылдары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас ветеринарлық дәрігері, бөлім бастығы, Ветеринария басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, Мемлекеттік ветеринарлық инспекцияның бастығы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария комитетінің төрағасы, Ветеринарлық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария департаментінің директоры. 2002 жылдың сәуірінен - Республикалық ветеринарлық зертхананың директоры, Ұлттық мониторинг орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариядағы зертханалық диагностика және методология директоры болып қызметтер атқарған.

61 жыл бұрын (1951)  С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы (1994 ), профессор (1994 ), ҚР Валеология академиясының академигі , Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.АҚАНОВ Айқан Ақанұлы дүниеге келді.

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы , Көкпекті ауданы , Үлгілі малшы ауылы нда туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (1972 , қазіргі Қазақ ұлттық медицина универститеті ) және Алматы шет тілдері институтын (1984, қазіргі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті ) бітірген. Алматы облысы Текелі қаласында, Кеген ауданында дәрігер (1972-78), Кардиология ғылыми-зерттеу инститында кіші, аға ғылыми қызметкер, бөлім жетекшісі (1978-94), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ғылымы орталығының директорының орынбасары (1994-95), басқарма бастығы (1995-96), бөлім меңгерушісінің орынбасары (1996-97), т.б., сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі (1997, 2004 жылдан), 2008 жылдан Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры қызметтерін атқарады. «Эпидемиология, профилактика основных хронических инфекционных заболеваний среди сельских жителей Казахстана» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. А. 250-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.