28 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 28 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

28 маусым, БЕЙСЕНБІ

Украинаның Конституция күні. 1996 жылы тәуелсіз Украина мемлекетінің Жоғарғы Радасы елдің бірінші жаңа Конституциясын қабылдады. Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-де орнатылды. Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Жұмабаев Амангелді. Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Николай Селивон.

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Әуелде тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы күні 10 мамырда атап өтіліп келді. Себебі, 1870 жылы дәл осы күні қазақ тіліндегі алғашқы басылым - «Түркістан уәлаяты газетінің» алғашқы саны жарық көрді.

1997 жылы бұл дата өзгертіліп, журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан 28 маусымға белгіленді. Ол «Баспа және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚазКСР Заңы деп аталды. Осы жылдан бастап тілшілер мерекесі маусымның соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді.

Былтыр журналистер мерекесінің датасы қайта өзгерді. 2011 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Оған сәйкес, 28 маусым - Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді.

ТМД елдерінің жастар күні.
Маусым айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.

Мұсылмандар күнтізбесі бойынша - Миғраж түні. Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (сейсенбіден сәрсенбіге қараған түн) (2011 жылғы маусымның 28-нен 29-ына қараған түн - 1432 хижра жылының 26- 27-ші ережебі) - мұсылман мерекесі.

Һижраттан бір жарым жыл бұрын ережеп айының жиырма жетінші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) - миғраж мұғжизасы берілді. Алла тағаланың құдыретімен, қалауымен ғана болатын кереметтерді, аянды мұғжиза деп атайды. Адамзатқа екі дүниеде шапағатшы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) теңдесі жоқ ірі-ірі ғажайып мұғжизалар берілді. Оның бастысы - Құран. Одан кейінгісі - миғраж мұғжизасы. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді: біріншісі - бес уақыт намаз. Екіншісі - Аллаға шерік қоспаған жанның жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші хабар. Үшіншісі - Бақара сүресінің соңғы екі аяты (Амәна-расулу). Исра және Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде, Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болып еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды. Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам меші­тінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда "исра" деп аталады). Одан миғражға - жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі - аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза - Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Алла тағала жеті пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

17 жыл бұрын (1995) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мұнай туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.

17 жыл бұрын (1995) Алматыдағы Чапаев көшесі Манас көшесі болып өзгертілді.

8 жыл бұрын (2002) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының Лениногорск қаласының атауын Риддер деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

78 жыл бұрын (1934) Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тұқымдық инспекция құрылды.

258 жыл бұрын (1754) Петербордағы Қысқы сарай құрылысы басталды. Жобаның авторы - итальяндық сәулетші Бартоломео Растрелли.

93 жыл бұрын (1919) бірінші дүниежүзілік соғыстың (1914-1918) аяқталғанын айқындайтын аса маңызды құжат - Версаль бейбіт бітіміне қол қойылды. Бұл құжаттың ең басты шешімдерінің бірі - Ұлттар Лигасын құрғандығы. Ол кейін Біріккен Ұлттар  Ұйымына негіз болды.

7 жыл бұрын (2005) «Хабар» агенттігі, «Дегдар» қайырымдылық қоры мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару жоғары мектебі түлектерінің бастамашы тобы қазақстандық жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеті студенттері арасында «Хабардың» бас директоры болған, марқұм Жанар Әбділдинаны еске алуға арналған байқау жариялау туралы шешім қабылдады.

Байқаудың мақсаты болашақ жас журналистерге қолдау көрсету, олардың белсенділігін арттыру болмақ.

Жанар Әбділдина (1969-2005) Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс институтын және мемлекеттік басқару жоғары мектебін бітіргеніне қарамастан 500-ден астам адам қызмет ететін, басым көпшілігін журналистер құрайтын шығармашылық ұжымды шебер басқарды және оның қызметін жаңа деңгейге көтерді.

7 жыл бұрын (2005) Өскеменде «АгромашХолдинг» АҚ сервистік орталығының тұсау кесер рәсімі өтті.

«АгромашХолдинг» АҚ сервистік орталығы комбайндарді, тракторларды, жаткаларды, запас бөлшектерді, пестицидтерді тікелей және лизинг арқылы сатады, техниканы кепілдіктен кейін кешенді және кепілдік қызмет көрсету, механизаторларды оқыту және қайта мамандандыруды іске асырады. Сервис орталығы қызметінің басты идеясы әрқашан кез-келген техниканы шығарушы-зауыттың бағасымен алуға болатын «Агромаркет» желісін құру.

«АгромашХолдинг» АҚ-ның 9 сервистік орталығы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында орналасқан. Олардың орналасқан жері Қазақстанның ең ірі егінді алқаптары болып табылады.

7 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақстандық «The Choice» серіктестігі Қазақстан Республикасында іскер әдебиетінің бірінші баспаханасының ашылуын жариялады. Жоба «Манн, Иванов және Фербер» ресейлік баспаханасымен бірге жұмыс істей бастады. Қазақстандық баспахана шығарған бірінші кітап тайм-менеджмент саласындағы танымал ресейлік консультант Глеб Архангельскийдің «Тайм-драйв: как успеть жить и работать» атты жұмысы болды.

2 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

ЕСІМДЕР

73 жыл бұрын (1939) медицина ғылымының докторы, профессор ҚАСЕНОВ Қожантай Оразұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Ақтөбе медицина институтын бітірген. 1964 жылдан Ақтөбе медицина институтының ассистенті, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі болған.

Ғалым жылан уының организмде иммунитет қалыптасуына  тигізетін әсерін зерттеді. Бір және екі зиготадан (ұрықтан, аналық жыныс жасушасынан) дамыған эмбрионның серпіліс күшін салыстырып, оған сипаттама берді. Медицина ғылымының 12-і кандидатын және 2 докторын даярлаған.

53 жыл бұрын (1959) танымал суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі НАЗАРҚҰЛ Аманат дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет  институтын бтірген. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы қызметін атқарған. 

Қылқылам шеберінің «Қорқыттың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау», т.б. туындылары бар. Оның өнер туындылары Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың, Мәскеу мэрі Ю.Лужковтың жеке коллекциясында сақтаулы.

57 жыл бұрын (1955) техника ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы спортының құрметті қайраткері НЫҒМАТУЛИН Арғын Зайроллаұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

1977-1996 жылдары Қарағанды көмiр бассейні шахталарында басшылық қызметтер атқарған. 1996-2007 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жылжымайтын мүлік орталығының директоры. 2007 жылдан - «Сарыарқа» хоккей клубының директоры, Қазақстан Республикасы Хоккей федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, медальдермен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

86 жыл бұрын (1926-1994) гидротехника мамандығын меңгерген алғашқы қазақ әйелдерінің бірі, техника ғылымының кандидаты ЖАМАНМҰРЫНОВА Бибі Телқызы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының гидромелиорация факультетін Сталиндік стипендиямен үздік бітірген. Сол институттың су энергетикасы мен гидравликасы кафедрасында ассистент, Шымкент ауыл шаруашылығы техникумында, Шымкент технологиялық институтында оқытушы болған. 1960-1967 жылдары Алматыдағы Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен. 1968-1981 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында оқытушы, гидротехникалық құрылыстар кафедрасының доценті, кәсіпті жетілдіру жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

Ғалым Амудария өзеніндегі аса ірі Қызылаяқ гидроторабын жобалауға қатысқан. Ондаған ғылыми жұмыстың авторы.

56 жыл бұрын (1956) философия ғылымының кандидаты, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі КАН Георгий Васильевич дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1980-1988 жылдары осы институттың оқытушысы, аға оқытушысы болған. 1988-1991 жылдары - Алматы жоғары партия мектебінің доценті. 1991-1998 жылдары Қазақ КСР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті басқармасының бастығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, аға ғылыми қызметкері, тарих факультетінің деканы, шығыстану кафедрасының меңгерушісі, профессоры. 1998 жылдан - «Әділет» жоғары құқық мектебінің саясаттану және экономика пәні кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан тарихы, философия және әлеуметтану пәні кафедрасының меңгерушісі, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі. Қазақстан корейлері ассоциациясының вице-президенті, сондай-ақ Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшесі болып табылады.

Ол 100-ден астам ғылыми еңбектің және «Қазақстан корейлері: тарихи очерктер», «Қазақстандағы корейлердің тарихи» және «Қазақстан тарихы» кітаптарының авторы. Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1957) ҚР Қаржы министрі  ЖӘМІШЕВ Болат Бидахметұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Гвардия ауданының Алтынемел ауылында туған. 1981 жылы Қазақ Ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты. 1974 жылдан бастап Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы болып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметті 1993 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде бастады. Зерттеулер және статистика департаменті директорының орынбасары, Перспективалық зерттеулер орталығының директоры болып қызмет атқарды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық зейнетақы агенттігінің төрағасы етіп тағайындалды. 1997 жылдан бастап 1999 жылды қоса алғанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 1999-2001 жылдары, сондай-ақ 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі және бірінші қаржы вице-министрі болып жұмыс істеді. 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі. 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары. 2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - Еуразия Даму Банкі басқарма төрағасының орынбасары - Жобалау қызметі жөніндегі басқарушы директор. 2007 жылғы 13 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы министрі. Арнайы және мерзімді басылымдарда экономикалық мәселелер жөніндегі ғылыми жарияланымдары жарық көрді.
«Құрмет» орденімен, мерейтойлық медальдармен марапатталды.