13:30, 15 Маусым 2009
284 грамм героин салынған 45 құтыны жұтып алған жолаушы ауруханада көз жұмды - апталық брифинг
АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚаАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада елдегі қылмыстық ахуал тұрақты болды.
Маусымның 6-сы мен 12-сі аралығында республикада 1 мың 928 қылмыс тіркелді. Оның 29-ы кісі өлтіру, 15-і қарақшылық, 142-і тонау әрекеттері. Сондай-ақ 906 рет ұрлық жасалған. Бұл деректерді бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментің бастығы Қуанышбек Жұманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, аталған мерзімде 1 мың 573 қылмыстың беті ашылып, оның 469-ын бұрын жасалған қылмыстар құраған. Сондай-ақ соңғы аптада ұйымдасқан қылмыспен күрес бойынша 18 қылмыстық іс қозғалған. Тәртіп сақшылары ұйымдасқан қылмыстық топтың 2 басшысы мен 2 мүшесін және қылмыстық әлемнің 1 беделдісін құрықтаған. «Қостанай облысының полицейлері 2006 жылы мемлекеттен оралмандарға деп бөлінген бюджет қаржысын ұрлаған 7 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін ұстады. Сондай-ақ осы облыста 22 жасар әйел азаматшаны үйіне қамап қойып, оны жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеп келген қылмыскер қолға түсті», - деді департамент бастығы. Оның айтуынша, елімізде соңғы аптада есірткімен байланысты
233 қылмыс тіркелсе, оның 55 фактісі есірткіні тасымалдаумен байланысты болған. Маусымның 8-і күні Жамбыл облысының Қордай ауданында Қырғызстан азаматы ұсталып, одан 1 килә 25 грамм героин табылды. Ал маусымның 3-і күні Жамбыл облысының Шу стансысында «Бішкек-Новокузнецк» бағытында кетіп бара жатқан пойыздан Қырғызстан азаматы ұсталып, оның асқазанынан 284 грамм героин салынған 45 құты табылды. Аталған азамат денсаулығы күрт нашарлаған соң аурханаға жеткізіліп, сол жерде көз жұмған.