АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік мейірім күні
Атаулы күн жыл сайын аталып өтеді. Бұл ізгілік мерекесін ұйымдастыру бастамасын үндістандық ақын, журналист әрі қоғам қайраткері Притиш Нанди көтерген.
Мерекенің басты мақсаты – ахимса қағидатына негізделген өмір салтын насихаттау. Ахимса – тіршілік иелерінің ешқайсысына зиян келтірмеуді көздейтін зорлық-зомбылықсыз өмір сүру ұстанымы. Ол адамға, жануарлар мен өсімдіктерге оймен де, сөзбен де, іспен де қиянат жасамауды, ешбір тіршілік иесіне азап шектірмеуді білдіреді.
Бұл күн алғаш рет 2012 жылы Үндістанның Мумбай қаласында аталып өтті. Сол жылы мереке жануарлардың тағдырына, ғаламшардағы барлық тіршілік иесіне мейіріммен қараудың және вегетариандықты насихаттаудың маңызына арналды.
Палестина халқымен халықаралық ынтымақ күні
1947 жылғы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаны араб және еврей мемлекеттеріне бөлу туралы қарар қабылдады. Отыз жылдан кейін, 1977 жылғы 2 желтоқсанда, Бас Ассамблея арнайы қарар қабылдап, 29 қарашаны жыл сайын Палестина халқымен халықаралық ынтымақ күні ретінде атап өтуді бекітті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1985 жылы Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры ашылды. Театрдың барлық қойылымы қазақ және орыс тілдерінде сахналанады. 2001 жылдан бері театр ұжымы халықаралық қуыршақ театрлары фестивальдерінде талай мәрте жүлдегер атанып, дипломдармен марапатталды. 2007 жылы «Ең кәсіби театр» атағын иеленсе, 2008 жылы «XXI ғасыр театры» деген мәртебеге ие болды.
2007 жылы Мадридте өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Қазақстанға 2010 жылы ұйымға төрағалық ету құқығын беру туралы шешім қабылданды.
2010 жылы елордада Қазақстанның ағылшын тіліндегі алғашқы газеті – The Astana Times басылымының тұңғыш нөмірі жарық көрді. Газет елдің қоғамдық-экономикалық өмірін жан-жақты қамтып, Қазақстан туралы ақпарат тарату арқылы оның халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
2010 жылы Астанада 2009 жылғы Қазақстан халқы санағының қорытындысына арналған жинақ жарық көрді. Онда 1959 жылғы алғашқы санақтан бастап 2009 жылғы соңғы санаққа дейінгі кезеңде еліміздегі тұрақты халық санының өзгеруі туралы деректер қамтылған.
2011 жылы Түркияның Невшехир провинциясындағы төрт туристік ауданның түйіскен тұсында «Қазақстан» бульвары ашылды. Оның ұзындығы – 8,5 шақырым.
2013 жылы Астана ТМД қалаларының «ТМД және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» VI халықаралық байқауында «Өмір сүруге қолайлы қала – 2013» аталымы бойынша дипломға ие болды. Қазылар алқасы елорданың экологиялық ортаны жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, соның ішінде қала нысандарын гүлмен безендіру бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалады.
2013 жылы Павлодар қаласындағы №1 балалар көркемсурет мектебінің оқушысы Арина Кузнецова Гонконгте өткен «Туған өлкенің дәстүрі мен аңызы» атты халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Оның «Жел әуені» атты суреті арнайы медальмен марапатталып, үздік жұмыстар топтастырылған қорытынды каталогқа енді. Байқауға әлемнің 52 елінен 12 мың жас суретші өз туындыларын жолдаған.
2016 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында робототехникадан Дүниежүзілік олимпиада (World Robot Olympiad-2016) өтті. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы ең креативті әрі инновациялық жоба үшін берілетін беделді LEGO Education Creativity Award сыйлығын иеленді.
2017 жылы Польшаның Румя қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында армрестлингтен әлем кубогы өтті. Жарыста Шығыс Қазақстан облысының тумасы Зарина Примак абсолютті салмақ дәрежесінде бірінші орын иеленді.
Зарина Примак ШҚО Жарма ауданының Шар қаласында тұрады. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы және Азия чемпионы.
2018 жылы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде «Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің антологиясы» атты суретті каталогтың электронды нұсқасы жасалды.
Бұл жоба Қазақстан өнері өкілдерінің жоғары талаптарға сай үздік туындыларын танытып, отандық өнерді халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған мемлекеттік имидждік бастама болды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында болашақ термоядролық энергетикаға арналған функционалдық және конструкциялық материалдарды сынауға бағытталған әлемдегі тұңғыш мамандандырылған «Токамак» реакторын физикалық іске қосудың соңғы кезеңі жүзеге асырылды.
Реакторды физикалық іске қосу – маңызды оқиға әрі жауапты кезең. Бұл қондырғыны толық жобалық қуатына шығару жұмыстарын бастауға жол ашты.
2019 жылы Қазақстанда энергия үнемдеу саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғаш рет арнайы марапат тағайындалды. Ол энергия үнемдеу саласының қызметкерлеріне, осы бағыттың дамуына және энергия тиімділігін арттыруға елеулі жеке үлес қосқан азаматтарға, сондай-ақ энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану саласындағы үздік әзірлемелердің авторларына беріледі.
«Энергия үнемдеу саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 2019 жылғы 8 қарашада ведомстволық наградалар тізбесіне енгізілді.
2020 жылы Тараз қаласында «Biz birgemiz» атты бірегей монумент ашылды. Композиция Жер шары пішінінде жасалып, оны дәрігерлер, полицейлер, еріктілер, құтқарушылар мен әскери қызметшілер бейнеленген мүсіндер айнала қоршап, қол ұстасып тұр. Олар коронавирус пандемиясымен күресте алдыңғы шептен табылған мамандар еді. Монументтің төбесіне бейбітшілік пен келісімнің нышаны саналатын қарлығаштар қоршаған шаңырақ орнатылған.
2021 жылы «Көшпенділердің тотемдік жануарлары» сериясын жалғастырған күмістен жасалған номиналы 5 000 және 500 теңгелік, сондай-ақ мельхиордан жасалған номиналы 200 және 100 теңгелік AQQÝ коллекциялық монеталары айналымға шығарылды. Сериядағы монеталардың дизайнында жануардың табиғи бейнесі мен трафареттік үлгісі ұштастырылып, оған сақтардың аң стиліне тән аллегориялық сипат берілген.
2023 жылы Ақмола облысындағы «Жасыл ел» жастар және студенттер еңбек жасақтарының еңбек маусымы салтанатты түрде қорытындыланды. Ұлттық жобаның жүзеге асуы «Жасыл елді» бұқаралық жастар қозғалысына айналдырды. 2023 жылы бағдарлама аясында Ақмола облысында 1 200-ден астам жас еңбек етті. XIX еңбек маусымының қорытындысы бойынша «Үздік жауынгер» және «Үздік штаб» аталымдарының иегерлері дипломдармен және 50 мың теңгелік тауар сертификаттарымен марапатталды. Сонымен қатар 50 жас алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
2024 жылы «Самұрық-Қазына» қоры мен Қытайдың SANY Renewable Energy компаниясының басшылары, сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында зауыттың іргетасын қалады. Жамбыл облысында жүзеге асырылатын жоба жел генераторларына арналған бөлшектер өндірісін жергіліктендіруге бағытталған. Кәсіпорында гондолалар, күпшектер, мұнаралар және басқару жүйелері, түрлендіргіштер, суды салқындату жүйелері, гондола корпустары мен қалақтардың көлбеу бұрышын реттеу жүйелері сияқты бес негізгі компонент өндіріледі. Жобаны іске асыруға 114 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды.
2025 жылы Астанада «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық науқанын қолдау мақсатында қаланың бірқатар көрнекті нысаны жылы қызғылт сары түспен жарықтандырылды. Қызғылт сары түс жылылықтың, үміт пен ынтымақтастықтың белгісі саналады. Ол әр адамның құқығын қорғаудың маңызын және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлде төзбеу керек екенін еске салады.