29 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 29 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

29 қазан. СӘРСЕНБІ АТАУЛЫ КҮНДЕР Түркия Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика жарияланған күні (1923). Түркия - Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Болгария, Грекиямен, солтүстік-шығысында Грузия, Армениямен, шығысында Иранмен, оңтүстігінде Ирак, Сириямен, сондай-ақ солтүстігінде Қара теңізбен, солтүстік-батысында Мрамор теңізімен, оңтүстігінде Жерорта теңізімен, батысында Эгей теңізімен шектеседі. Астанасы - Анкара қаласы. Мемлекеттік тілі - түрік тілі. Ақша бірлігі - түрік лирасы.

ОҚИҒАЛАР

95 жыл бұрын (1919) қазанның 29-31-і аралығында 5-Қызыл Армияның бөлімдері Петропавл қаласын Колчак әскерінен азат ету үшін «Петропавл» операциясын жүргізді. 65 жыл бұрын (1949) Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауыты құрылды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының құрамында басты кәсіпорын ретінде атом стансалары үшін ядролық отын өндіреді, бериллий, тантал, осы металдар мен олардың қосындыларынан ондаған бұйым атауларын шығарады. 22 жыл (1992) бұрын Алматыда Қазақстан немістерінің алғашқы конгресі өтті. 17 жыл бұрын (1997) София қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болгар тілінде шыққан «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі болды. 15 жыл бұрын (1999) Польшаның Президенті Александр Квасьневскидің Қазақстан Республикасына бірінші ресми сапары болды. Сапар барысында поляктар мемлекеті басшысының ресми сапары салтанаты, сосын біріккен мәлімдемеге қол қоюмен аяқталған Н.Назарбаев пен А.Квасьневскидің келіссөздері өтті. 14 жыл бұрын (2000) 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Кубогын иеленіп, астаналық «Жеңіс» футбол клубы еліміздің чемпионы атанды. 7 жыл бұрын (2007) Елордада Есіл өзені бойымен Ақордадан бастап Тельман кенті бағытында жалпы ауданы 200 гектарды құрайтын саябақтың құрылысы басталды. 7 жыл бұрын (2007) Алматыда жаңа «Жеңіс мұрагерлері аллеясында» ескерткіш тасының іргесін қалау рәсімі салтанатты түрде өтті. Стелла орналасқан жерде 50 жас көшеттер отырғызылған аллеяның ашылуы оңтүстік паркте «Біз - Жеңіс мұрагерлеріміз» атты ірі халықаралық акцияға қатысу үшін бүкіл ТМД және гитлерге қарсы коалиция мемлекеттерінен келген қонақтардың, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен «Жасыл ел» қазақстандық жастар экологиялық қозғалысы мүшелерінің қатысуымен болып өтті. 7 жыл (2007) бұрын Қазақстан басқарушы партиясының парламентаризм Институты жұмысын бастады. Институт жұмыс істеген жылдары 200-ден астам партиялық жоба мен құжат әзірлеген.

4 жыл (2010) бұрын белігілі тарихшы, археолог және этнограф, академик Әлкей Марғұланның жеке мұрағатын ғалымның қызы Дәнел Марғұлан Павлодар мемлекеттік университетіне сыйға тартты.

4 жыл (2010) бұрын Талдықорғанда «Мәдени мұра» президенттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында халық ақыны Сүйінбай Аронұлына ескерткіш ашылды. Биіктігі шамамен он метр болатын монумент таза қоладан құйылған, авторлары - танымал қазақстандық сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов. 2 жыл (2012) бұрын еуродепутаттардың Қазақстанға келген сапары аясында Астанада «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 11-отырысы өтті. 1 жыл (2013) бұрын ҚР Ұлттық банкі номиналы 100 теңгелік «Бокстан әлем чемпионаты. Алматы-2013» атты естелік күміс монетасын айналымға шығарды. 69 жыл бұрын (1945) ең алғашқы шарикті қаламсаптар сатуға түсті. «Су астында да жазуға қабілетті ең алғашқы қаламсап» атты сәтті жарнамасының арқасында алғашқы күні-ақ 10 000 данасы сатылған.

45 жыл (1969) бұрын ARPANET - ғаламтордың пайда болуы жобасы аясында желі арқылы екі компьютер арасында алғаш рет мәлімет алысу үрдісі жүзеге асты.

ЕСІМДЕР

98 жыл бұрын (1916-1994) Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы БӨЛТЕКҰЛЫ Шоқыр дүниеге келді. 1946 жылы Шоқыр Бөлтекұлы «Спартак» қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi дәрежесіне жеткен. 200 рет рингке шығып, оның 185-інде жеңіс тұғырына көтерілген. 91 жыл бұрын (1923) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘЛІМБАЕВ Мұзафар дүниеге келді. Павлодар облысының Шарбақты ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-1986 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Ақынның 52 кітабы шыққан. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жолдар - жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Өлеңдер мен поэмалар», т.б. өлең кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы. Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған, бірнеше ән кітаптары шыққан. Ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың», т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді: «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз», «Нақылдар», «Батамен ер көгерер». «Халық - ғажап тәлімгер», «Нақылдың төркіннамасы», т.б.жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын-зерттеу саласында «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі», «Көргендерім көңілде» еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған. Бірнеше ордендермен марапатталған.

90 жыл бұрын (1924-2002) жазушы, аудармашы МЫҢЖАСАРОВА Роза дүниеге келген. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Қара Шоқат елді мекенінде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтын, Республикалық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген. Оқу-ағарту саласының жауапты қызметтері, Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы, Талдықорған, Алматы облыстық және «Семиреченская правда» газеттерінде қызметтер атқарған. 1971-1973 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған. «Қыр қыздары», «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдарының, «Өмір көріністері» әңгімелер мен повестер жинағының, бірнеше очерктер кітабының авторы. Көркем аударма саласында қазақ тіліне тәржімалаған бірқатар роман, повестері мен әңгімелері жарық көрген.

89 жыл бұрын (1925-1988) педагог, КСРО-ның халық мұғалімі, КСРО-ның халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған «Қазақстан Республикасының кәсіби әулеттер кітабының» бірінші бетіне енгізілген педагогикалық әулеттің негізін қалаушысы НҰРҒАЛИЕВ Құмаш дүниеге келді. Дүниежүзілік Отан соғысына қатысқан. Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданынында туған. Абай атындағы Алматы педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. 1946-1957 жылдары - Марқакөл аудандағы Сорвенка ұжымдық мектебінің мұғалімі, директоры. 1947 жылы - ауылдастарының күшімен бірге өзінің алғашқы мектебінің құрлысын бастайды. 1955-1957 жылдары - Алексеевск орта мектеп директорының бірінші орынбасары. 1957 жылдың тамыз айында Боран орта мектебінің директоры болып тағайындалады, ол сол жылы қазақ тілінде оқитын сыныпты ашуға өзінің зор үлесін қосады. 1957-1969 жылдары - ол мұғалімдер мен оқушылардың күшімен тұрғылықты жердің материалынан бес оқу орнының және 150 орындық интернаттың құрлысын бастайды. 1969 жылы оқушылардың саны 1300 адамға жетеді. Ол 1957 жылдан бастап Қазақстан Компартиясының Марқакөл аудандық комитетінің мүшесі болып сайланған. Жауынгерлік Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Ленин, І-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, және екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Боран аудандағы орта мектепке Нұрғалиевтің есімі берілген (1988). 60 жыл бұрын (1954) генерал-лейтенант, Кеңес Одағының Батыры, Ауған соғысына қатысушы АУШЕВ Руслан Султанұғлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында туған. С.Орджиникидзе атындағы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген. 2001 жылға дейін Ингушетия республикасының президенті болған. ТМД елдері басшылары кеңесінің жанындағы интернационал жауынгерлер жөніндегі комитетті басқарды. Ленин, екі мәрте Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

358 жыл бұрын (1656-1742) ағылшын астрономы және геофизигі, Лондон корольдік қоғамының мүшесі ГАЛЛЕЙ Эдмунд дүниеге келді. Ол 1676-1978 жылдары аспан сферасының оңтүстігіндегі 341 жұлдыздар каталогын жариялаған. 20-дан астам құйрықты жұлдыздың орбиталық элементтерін есептеп, олардың Күнді айналатындығын дәлелдеген. Сөйтіп ол 1682 жылы өз есімімен аталатын периодты Галлей құйрықты жұлдызын ашқан. 1698-1700 жылдары Оңтүстік Африка мен Оңтүстік Америка жағалауларына жасалған экспедициялардың қортындысы бойынша тұңғыш геомагниттік картаны құрастырған. 76 жыл бұрын (1938) Либерияның 2006 жылдан бері 24-ші президенті, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Элен ДЖОНСОН-СЕРЛИФ дүниеге келді. 64 жыл бұрын (1950) түрік саясаткері, Түркияның 2007 жылғы 28 тамыздан бергі он бірінші президенті Абдулла ГҮЛ дүниеге келді.