29 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 29 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
71 жыл бұрын (1954) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев дүниеге келді.
1981 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын (ғалым агроном), 1989 жылы Агроөнерәсіптік комплекс жоғарғы мектебін бітірген.
Еңбек жолы: 1971-1972 жылдары - қойшы көмекшісі, «Коммунизмге жол» колхозының машина жүргізушісі. 1972-1974 жылдары - Қарулы күштер қатарында қызмет еткен, запастағы офицер. 1974-1977 жылдары - Луговое ауданы «Коммунизмге жол» колхозы комсомол комитетінің хатшысы. 1977-1977 жылдары - Луговое аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы. 1977-1980 жылдары - Луговое ауданы «Коммунизмге жол» колхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1980-1984 жылдары - Каменск ауылдық атқару комитетінің төрағасы. 1984-1985 жылдары - Қазақ КСР партиясының Луговое аудандық комитетінің нұсқаушысы. 1985-1987 жылдары - Луговое ауданы «Алғабас» совхозы партия комитетінің хатшысы. 1987-1995 жылдары - Луговое ауданы, Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы. 1995 жылы - Т. Рысқұлов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. 1995-1997 жылдары - «Қорағаты» кеңшарының директоры. 1997-2001 жылдары - Т. Рысқұлов аудандық статистика басқармасының бастығы. 2001-2009 жылдары - Шу ауданы «Берлік» ХӨП директоры, Мерке ауданы «Қазексім-Мерке» ЖШС директоры. 2009-2015 жылдары - «MOLBAL» ЖШС бас директоры. 2015-2019 жылдары - «Қазақстан фермерлер одағы» ҚБның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап «Қазақстан фермерлер одағы» ҚБ президенті. 2020 жылдың маусымынан бастап Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы. 2022 жылғы маусымнан бастап «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешенінің комитет төрағасы. 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап «Ауыл» ХДП төрағасының орынбасары (партияның 2022 жылғы 23 желтоқсандағы съезінде сайланған).
1990-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің (ХІІ шақырылым) депутаты болып сайланды. ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде тарихи құжат – Тәуелсіздік Декларациясын қабылдауға қатысты. Қазақстанның 1991 жылғы, Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы 28 қаңтардағы Тұңғыш Конституциясы мен Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін (елтаңба, ту және әнұран) бекітуде, 300-ден астам заңдар мен басқа да негізгі заңнамалық актілерді әзірлеу мен бекітуде ҚР актілері, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентін сайлауға қатысты.
2021 жылы Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия төрағасының орынбасары болып сайланды.
«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл», «ҚР Еңбек ардагері», «Құрметті ардагер», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Ауыл шаруашылығының үздігі» медальдарімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. «Жамбыл облысының құрметті азаматы», «Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті азаматы» атағына ие. ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 маусымдағы №930 Жарлығымен құрылған «Ұлттық Құрылтай» мүшесі.
65 жыл бұрын (1960) қазақстандық кәсіпкер, «Kazakhmys Holding» ЖШС президенті Владимир Сергеевич КИМ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын (1982) бітірген. Экономика, қаржы және маркетинг бойынша Корея, ГФР және Швейцарияда білімін жетілдірген.
Еңбек жолы: 1982-1997 жылдары «Алматы өндірістік құрылыс» тресінің 2-құрылыс-монтаж басқармасында тас қалаушы, «Алматықұрылыс» тресінің құрылыс-монтаж басқармасында бас инженер, Алматы қаласы Мәскеу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ КСР мәдениет, әлеуметтік және ғылыми-техникалық даму қоры бас директорының орынбасары, атқарушы директоры, «Қазақстан-Самсунг» бірлескен кәсіпорны басқармасының төрағасы, «Жезқазғантүстіметалл» АҚ басқарушысы, 1997 жылдан өзінің бастамасымен құрылған Қазақстандағы ең ірі компания — «Қазақмыс» корпорациясының президенті, 2000 жылдан корпорация директорлар кеңесінің төрағасы — корпорация президенті болды. 2013 жылдың мамыр айында директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті, бірақ атқарушы емес директор ретінде KAZ Minerals PLC директорлар кеңесіндегі мүшелігін сақтап қалды.
Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша В. Ким – Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың бірі.
І дәрежелі «Құрмет», «Барыс», Н. Назарбаев ордендерімен марапатталған.
61 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Ерлан Жұмаханұлы АЙТЖАНОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1990 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
1994-1995 жылдары Алматы қалалық арбитраж сотының судьясы, 1995-2000 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы, 2000-2002 жылдары Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрағасы, 2002-2008 жылдары Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы, 2008-2010 жылдары Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы қызметтерін атқарды. 2010 жылдың қантар айынан наурыз айына дейін Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2010-2011 жылдары Ақтөбе облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, 2011-2016 жылдары Ақтөбе облыстық сот төрағасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016-2021 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық сот төрағасы, 2021-2023 Алматы қалалық сотының төрағасы болды.
2025 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», «Қазақстан полициясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасының судьялар Одағының және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Құрмет» грамоталарымен марапатталған. Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісін иеленген.
60 жыл бұрын (1965) «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Жайдарман Әзімханұлы ИСАҚОВ дүниеге келді.
1989 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген, заңгер. 2003 жылы РФ Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясында оқып, «Мұнай-газ саласындағы заңгер» біліктілігін иеленді.
Еңбек жолы: 1989-2000 жылдары ҚР заң фирмалары, компаниялары, банктерінің қызметкері болды, ҚР Қаржы министрлігінің заң бөлімінде әртүрлі лауазымдар атқарған. 2000-2002 жылдары «ҚазТрансГаз» ЖАҚ заң департаменті директорының орынбасары, 2002-2014 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ заң департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014-2020 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры болды.
2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
42 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы ӘРІНОВ дүниеге келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын құқықтану мамандығы бойынша, Азаматтық авиация академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 2006-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамында әртүрлі офицерлік және басшы қызметтерін атқарды.
2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Елбасы қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен марапатталды.
42 жыл бұрын (1983) Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Серіктайұлы ЖҮКЕНОВ дүниеге келді.
Аягөзде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген (2004); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Әділет институтын бітірген, магистр дәрежесі (2006).
Еңбек жолы: Астана қаласы Алматы аудандық сотының сот отырысының хатшысы (2006-2007); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қоғаммен байланыс және БАҚ бөлімінің бас сарапшысы (2007); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Бақылау кеңесінің қызметін қолдау департаментінің бас консультанты (2007-2009); Алматы қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы (2009-2014); Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы (2014-2015); Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы (2015–2021 қараша); Астана қалалық сотының судьясы (2021–2022).
2022 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (2021 жылдың желтоқсаны).
109 жыл бұрын (1916-1994) Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушының бірі, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫ дүниеге келді.
Маңғыстау облысының Жармыш ауылында туған. Киевтің көркемөнер академиясын және денешынықтыру институтын бітірген (1947). Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1946 жылы Шоқыр Бөлтекұлы бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi дәрежесіне жеткен. 223 рет рингке шығып, соның 199-ында жеңіс тұғырына көтерілген. Үш дүркін Қазақстан чемпионы. Қазақстанда бапкер даярлауға сүбелі үлес қосқан. КАРЛАГ тұтқындары Густав Кирштейн (неміс) мен Дәулеткерей Мулаевты (балқар) босатуға және жұмысқа орналастыруға (Алматыда бапкерлік жұмысына) жәрдем берген. «Қазақфильм» киностудиясында суретші болып жұмыс істеген. «Қазақ әдебиеті» газетіне мақалалар жазып тұрған. Соғыс кезінде тегіндегі -ов қосымшасынан бас тартып, оны -ұлы деп өзгерткізген. Сол үшін көптеген жеңілдіктерінен айырылып, оған қоқан-лоққы жасалды. Кеңсай моласына жерленген.
Маңғыстауда бокстан Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнир өткізіледі. Қазақстанның Бокс федерациясының шешімімен 2009 жылы бокстан Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнирге «А» класты мәртебесі берілді. Содан кейін турнир жеңімпазына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріле бастады. Осы халықаралық турнир AIBA-ның күнтізбелік жоспарына енгізілген.
102 жыл бұрын (1923-2017) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар ӘЛІМБАЕВ дүниеге келді.
Павлодар облысының Шарбақты ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1948-1986 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Балдырған» журналының бас редакторы болды.
Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» деген атпен 1952 жылы жарық көрді.
Ақынның 52 кітабы шыққан. «Құрбыма», «Лирика», «Менің Қазақстаным», «Жолдар - жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өшпес от», «Өлеңдер мен поэмалар», т.б. өлең кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы. Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған, бірнеше ән кітаптары шыққан. Ақын қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ-олақ», «Шынықсаң - шымыр боларсың», т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Әлімбаев мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді: «666 мақал мен мәтел», «Мақал - сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз - ортақ қазына», «Мақалнама», «Маржан сөз», «Нақылдар», «Батамен ер көгерер». «Халық - ғажап тәлімгер», «Нақылдың төркіннамасы», т.б.жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын-зерттеу саласында «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Өмір, өнер, өнерпаз», «Толқыннан толқын туады», «Көңіл күнделігі», «Көргендерім көңілде» еңбектері жарық көрді.
Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге тәржімаланған. Бірнеше орденмен марапатталған.