29 маусымда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында аптап ыстық болады деп күтілуде

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы сақталады, кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, бұршақ жаууы мүмкін, ұйытқыған жел соғып, кей жерлерде шаң көтеріліп, дауыл тұрады.

Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Еліміздің батыс аймағында жауын-шашын болмайды.

Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, күндіз Шығыс Қазақстан облысының кей аймақтарында секундына 15-20 метрге дейін жететін жел соғады, күндіз кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.

Ақмола, Қарағанды, күндіз Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Батыс Қазақстан облысында шаң аралас дауыл тұрады.

Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде аптап ыстық болады деп күтілуде.

Республиканың солтүстік-батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.