Сот анықтағандай, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы мал басын көбейтуге арналған жеңілдетілген мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген несиелер мен субсидияны алаяқтық жолмен иемденген.
– Іс материалдарына сәйкес, несие бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 2 млрд 950 млн 721 мың 814 теңге. Оның 206 млн 751 мың 814 теңгесі өтелген. Бұдан бөлек субсидия бойынша келтірілген шығын 508 млн 223 мың 243 теңге болған, – деп хабарлады облыстық сот.
Прокурор сотталушыларды кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушылар тағылған айыппен келіспей, несие қаражатын мемлекеттік бағдарлама аясында алғандарын айтып, өздерін ақтауды өтінді.
Сот үкімімен 6 сотталушыға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал қалған 2 сотталушы 5 жыл 6 айға, 18 сотталушы 5 жылға, 1 сотталушы 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
– 13 сотталушының мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары бар 7 сотталушыға қатысты тағайындалған жаза белгілі бір мерзімге кейінге қалдырылды, – делінген сот хабарламасында.
Сонымен қатар сот «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап қоюларын қанағаттандыру құқығын танып, залал мөлшерін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жолдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Түркістанда мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 271 млн теңге субсидия қолды болғанын жазған едік