29 сәуір. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform/ Midjourney

Бүгін, 29 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1946) көрнекті физик-теоретик, кванттық хромодинамикадағы жаңа ғылыми бағыттың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының ғылым мен техника саласындағы лауреаты Төлеген Әбдісағиұлы ҚОЖАМҚҰЛОВ дүниеге келді.

Фото: kaznu.kz

Алматы облысында туған. 1967 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін теориялық физика мамандығы бойынша, 1970 жылы Санкт-Петербург қаласындағы А. Ф. Иоффе атындағы Физика-техникалық институтының аспирантурасын бітірген.

1970-1998 жылдары С. М. Киров атындағы ҚазМУ физика факультетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, Ғылыми зерттеу институтының директоры болып қызмет атқарды. 1998-2001 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры болды. 1990-1991 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де елімізде ең алғаш рет ЖОО-да құрылған тәжірибелік және теориялық физика Ғылыми-зерттеу институтын ашып, сонда тұңғыш директоры болып қызмет атқарды.

1994 жылы Халықаралық жоғары мектеп Академиясының толық мүшесі болып сайланды. Қазақстандағы жоғары мектеп Академиясының бөлімшесі болып табылатын Қазақстанның жоғары мектеп Академиясының Президиум мүшесі мен Вице-президенті, осы Академияны құруға деген өзінің зор үлесін қосқан бастаушылардың бірі болған. 2001-2008 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттінің ректоры, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі қызметін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері атом ядросы мен элементар бөлшектер теориясына, кванттық хромодинамикаға арналған. Ол жарық физикасы саласында «Торланған калибрлік өрісті стохастикалық кванттау» атты жаңа ғылыми бағытты қалыптастырды. 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

«Парасат», «Барыс» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

72 жыл бұрын (1954) ТҮРКСОЙ жанындағы Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Оразбайұлы ЕСДӘУЛЕТ дүниеге келді.

Фото: egemen.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, А.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген.

«Қазақстан пионері» газетінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1988-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1991-1993 жылдары «Жас қазақ» газетінің бас редакторы, 1993-1997 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің бас маманы, 1997-2001 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім меңгерушісі қызметінде болды. 2001-2002 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сектор меңгерушісі, 2002-2008 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 2008-2018 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарды. 2018-2023 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы лауазымында болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бастап атқарып келеді.

Ақынның «Қанат қақты», «Жаратылыс», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Заман-ай», «Киіз кітап», т. б. жыр жинақтары жарық көрген. Оның өлеңдеріне белгілі сазгерлер ән жазған. Бірқатар өлеңдері шет ел тілдеріне аударылған. Өзі де көркем аударма саласында М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1956) Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы СӘРСЕМБАЕВА дүниеге келді.

Фото: businesswomen.kz

Алматы қаласында туған. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы. 1989 жылы экономика мамандығы бойынша «Қазақстандағы тамақ кәсіпорындарын техникалық қайта күруды басқару негіздері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация, 2005 жылы әлеуметтану мамандығы бойынша «Қазақстандағы жүйелік әлеуметтік-экономикалық реформалардың гендерлік қырлары: әлеуметтанулық талдау» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Еңбек жолы: 1977-1981 жылдары Волхов экспедициясының геологиялық партиясында инженер-экономист, 1989-1991 жылдары ҚазКСР Мемкомстат жанындағы Біліктілікті көтеру институты директорының орынбасары, 1991-1995 жылдары «Раушан» АҚ бас директоры қызметін атқарды.

Гендерлік теңдік мәселелеріне арналған монография мен оқу құралының, сондай-ақ 50-ден астам мақаланың авторы.

Қазіргі қызметінде 1995 жылғы қазаннан бері.

65 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, танымал журналист Нұртөре Байтілесұлы ЖҮСІП дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолы: Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің тілшісі, көлік және коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 1990-1996 жылдары «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, 1996-2002 жылдары «Жас алаш» газетінің бас редакторы, 2002-2005 жылдары «Ақ Жол Қазақстан» газетінің бас редакторы, 2005-2006 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры, 2006-2008 жылдары «Астана хабары» газетінің бас редакторы, 2008-2019 жылдары республикалық саяси-қоғамдық «Айқын» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болды.

2022 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі қызметінде.

Оның «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары Эльдар Сейдахметұлы ТОЛҒАНБАЕВ дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Алматы облысында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, Д. А. Қонаев атындағы университетті тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2005 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы мәслихат аппаратының бас маманы, 2005-2006 жылдары Алматы облысы Алакөл ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің маманы болып жұмыс атқарды. 2006-2008 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымында қызмет еткен. 2008-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығының жедел ақпарат секторының бас кеңесші, меңгерушісі, 2012-2016 жылдары ҚР Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директорының орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі лауазымын атқарды. 2019 жылы жеке құрылымында жұмыс істеді. 2019-2020 жылдары «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2020-2022 жылдары «Almaty телерадиокомпаниясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2023 жылы ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, 2023-2024 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгеруші орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2024 жылдың ақпан айында кірісті.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

40 жыл бұрын (1986) «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Қанатұлы ЖАНҒОЗИН дүниеге келді.

Фото: egemen.kz

Қарағанды ​​қаласында туған. 2008 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, 2015 жылы «Назарбаев Университеті» автономдық білім беру ұйымын бітірген.

Еңбек жолы: 2008 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында жұмыс атқарды, 2011-2016 жылдары оқу процесін әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры, математика пәнінің мұғалімі, 2016-2017 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы, 2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы, 2020-2021 жылдары «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары болды. 2022-2023 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» (Болашақ)» АҚ президенті қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

120 жыл бұрын (1906-1968) композитор, дирижер, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Қуанұлы ЖҰБАНОВ дүниеге келген.

Фото: e-history.kz

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. 1929-1932 жылдары Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумының скрипка сыныбында оқып, кейін Римский-Корсаков атындағы консерваторияда гобой сыныбы бойынша және Ленинград консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде қосымша білім алады.

1932-1933 жылдары Ленинград өнертану академиясының аспиранты болды. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумында сабақ беріп, қазақ тілінде алғашқы «музыка әліппесін» құрастырады. А.Жұбановтың жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыка-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. 1935-1945 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды. 1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары А.Жұбанов Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарды.

А.Жұбанов — қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар: «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы», т. б. соғыс жылдарындағы оның «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Москва», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокалдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне соны өрнек қосты. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» (М.Иванов-Сокольскиймен бірге) пьесасына, «Аманкелді» фильміне музыка жазды, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», «Лирикалық ән», т. б. әндер шығарды. Алматы қаласы көшелерінің біріне, Республикалық музыка мектеп-интернатына А.Жұбанов есімі берілген.