29 шілде. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 29 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық жолбарыс күні
Бұл дата 2010 жылы Санкт-Петербургта осы жыртқыш жануардың популяциясын сақтап қалу мәселелері бойынша өткен «Жолбарыс саммиті» атты халықаралық форумда белгіленді. Бастаманы өз жерлерінде жолбарыстар мекендейтін 13 мемлекет қолдады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1936 жылы Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің Қарағанды облысын бөлу туралы қаулысы шықты. Осы құжатқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы бөлініп шықты және Қарағанды облысының орталығы Қарағанды қаласы болып белгіленді.
1936 жылы Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде Қостанай облысы құрылды. Орталығы - Қостанай қаласы.
1990 жылы Алматыдағы Медеу мұз айдынында алғаш рет «Азия дауысы» музыка өнеріндегі танымал әндер мен талантты орындаушылардың бірінші халықаралық байқауы өтті. Бас жүлдені Өзбекстаннан келген «Карс» тобы жеңіп алды. Кейіннен «Азия дауысы» халықаралық фестивальдар ұйымдастыру федерациясына (ФИДОФ) мүшелікке қабылданды. «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің жеңімпаздары: 1990 - «Карс» тобы (Өзбекстан), 1991 - Женева Круз (Филиппин), 1992 - Шехназ (Түркия), 1993 - Сара (Моңғолия), 1994 - Суави (Түркия), 1995 - Барт Бисли (АҚШ), 1996 - Бауыржан Исаев (Қазақстан), 1997 - «Эй-би-3» тобы (Индонезия), 1998 - Лука Сепе (Италия), 1999 - Манана Джапаридзе (Әзербайжан), 2000 - Моника Агел (Румыния), 2001 - Ладин Роксас (Филиппин), 2002 - Сити Нурхализа (Малайзия), 2003 - Сю Ян (Қытай), 2004 - Нико (Румыния). Аталған байқауға арналған «Алтын домбыра» жүлдесін алғашқы жылдары Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, 1997 жылы Роза Рымбаева жеңіп алды.
2000 жылы Семей полигонының аумағында соңғы ядролық снаряд жойылды. Ұзақ жылдар бойы қасірет шеккен Қазақстан халқы халықаралық атом зардабының бүкіл ауыртпалығын көтеріп келді. 45 жыл бойы Семей даласында 459 ядролық жарылыс, соның ішінде ауада 113 жарылыс жасалды. Радиоактивтік сәуледен зардап шеккен жарты миллионнан астам қазақстандықтың денсаулығы ядролық қаруланудың құрбандығына шалынды.
2005 жылы елордада жаңа саябақ ашылды. Ол Қазақстан спорт кешенінің маңында орналасқан. Жалпы аумағы 11,32 га құрайды. Саябақта 2800 шаршы метрге гүл, 1800 ағаш көшеті отырғызылған. 2 146 шаршы метрді құрайтын балаларға арналған ойын алаңдары мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңдары да бар.
2010 жылы Польшаның Балтық жағалауындағы Ленбе курорттық қалашығында Қазақстанға арналған көрме өтті. Бұл польшалық қала үшін көрменің ерекше экспонаты бай жабдықтарға толы қазақтың нағыз киіз үйі болды. Сондай-ақ «Астана - болашақтың қаласы» және «Қазіргі Қазақстан» фотокөрмелері ұйымдастырылды. Көрме аясында қазақтың музыка өнерін зерттеуші Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының тұсаукесері тағы бір айтулы сәт болды.
2013 жылы Мемлекеттік комиссияның шешімімен Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің - «Жел энергиясы» жаңа логотипі бекітілді.
2017 жылы Қытайдың Хаодянь полигонында өткен «Десант жасағы» байқауының алғашқы кезеңінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің командасы үздік үштікке енді.
2018 жылы Ұлттық ғылым академиясының қорынан Павлодар облысының Баянауыл ауданына Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазған құжаттар әкелінді. Мұражайға келушілердің назарына Мәшһүр Жүсіп көне араб жазуымен жазып кеткен 14 құжат ұсынылды.
2019 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында археологтар ежелгі қаланың орнын тапты. Ауқымды ғылыми зерттеулер Ақкезең қонысы орналасқан аумақта жүргізілді. Ақкезең — Қазақстан аумағындағы қола дәуірінің ең ірі қоныстарының бірі. Бұл жерде 80 тастан қаланған ғимараттар мен тұрғын үй қалдықтары түріндегі үйінділер табылған. Қоныстың ауданы 10 гектарды құрайды. Ақкезеңнің көлемі және оның кейбір құрылыстарының ерекшеліктері осы археология ескерткішінің протоурбанистік сипаты туралы гипотезаны ұсынуға мүмкіндік берді. Ақкезең қорымын зерттеу барысында 306 шаршы метр аумақта қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көлемі 13*12 м ауқымды құрылыс зерттелді. Бұл құрылыстың іргетасы салмағы жарты тоннаға дейін жететін тас плиталармен жабылған. Мамандар бұл ғимарат қоғамдық орын болғанына сенімді.
2021 жылы қазақстандық «Конокрады. Дороги времени» фильмі Францияда прокатқа берілді. Басты рөлдерде Канн кинофестивалінің үздік әйел рөлі сыйлығының иегері Самал Еслямова, белгілі жапон актері Мирай Морияма, қазақстандық театр және кино актері Дулыға Ақмолда және жас актер Мәди Менайдаров ойнады. «Біздің жапон режиссері Лиза Такебамен бірлескен фильміміз әлемдік кинематографтың отанында көрсетіледі. Сонымен қатар, Париж кинотеатрларының біріне жасырын кіріп, Француз көрермендерімен бірге біздің фильмді көріп, олардың реакциясын сезінгім келеді», - деп бөлісті режиссер Ерлан Нұрмұхамедов.
2023 жылы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Отырысқа қатысушылар студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін талқылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ағымдағы жылы 11 мың орынға 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттері үшін – 26 жатақхана, колледждер үшін – 11 нысан пайдалануға берілетінін айтты.