АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық биологиялық әралуандық күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 49-сессиясының (1995) шешімі бойынша биологиялық әралуандық (Жердің флорасы мен фаунасы, 1993) туралы халықаралық конвенцияның күшіне енген күнінен бастап тойланады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы ҚР Конституциялық кеңесі (КК) құрылды. Ол — Қазақстандағы конституциялық бақылауды жүзеге асыратын ұжымдық орган. Қазақстан Конституциясының 72-бабына сәйкес, КК ҚР Президенті сайлауының, Парламент депутаттары сайлауның және республикалық референдумның дұрыс өтуін қадағалайды.
2004 жылы Астананың сол жағалауындағы Қазақстан Республикасы Парламентінің жаңа ғимаратында Мәжілістің бірінші жалпы отырысы өтті.
2005 жылы Семейде «Шәкәрім» ғылыми-педагогикалық журналы жарық көрді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шығады. Басылымның басты мақсаты — Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарымызды зерттеу мен жариялау. Басылым 1 мың дана таралыммен жылына 4 рет шығады.
2012 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында Қазақстанда алғашқы өнеркәсіптік ауқымдағы Күн электр стансасы іске қосылды. Жекеменшік инвестициялар есебінен салынған станса жалпы электр желілеріне қосылған әрі өндірген энергиясын еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне бере алады.
2016 жылы «Жыл адамы-2016» басты сыйлығының «Жыл ерлігі» номинациясын 3 баланы аман-есен өрттен алып шыққан 8-сынып оқушысы Ғалымжан Күзембаев алды.
2016 жылы Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында «Шөлтөбе-Ұштаған-Басқұдық-Жарма» газ құбыры іске қосылып, Ұштаған, Басқұдық және Жарма ауыл тұрғындарының үйінде көгілдір отын пайда болды.
Газ құбырының жалпы ұзындығы — 92,67 шақырым. Оның құрылысына «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан қаражат бөлінді. Әлеуметтік маңызды жобаны орындауға бюджет қаржысынан 898 млн. 576 мың теңге жұмсалды.
2017 жылы Болгарияның Халық жиналысы Варна қаласында Қазақстанның жаңа құрметті консулдығын ашу жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның құрметті консулының міндетін атқару Варна тұрғыны Иван Ивановқа жүктелді.
2018 жылы София қаласының ең көрікті жерлерінің бірінде, Болгария даңғылының жанында Астана көшесі пайда болды.
2020 жылы Қазақстан ұлттық банкі «Республика игілігі» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік «MEDEÝ» күміс коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Монеталар алтын жалатылған, салмағы 24 грамм, диаметрі 37 мм, «proof» сапасымен, таралымы 3 000 (үш мың) дана күмістен дайындалған.
2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Гонконг баптистік университетінде «Қазақстан даласынан шыққан баға жетпес даналық» экспозициясының ашылу рәсімі өтті.
2020 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің жалпы әскери факультетіне аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешеніне 25 жыл толды. Мемлекет басшысының қызметіне қатысты ақпараттың жалғыз жеткізушісі бола отырып, ПТРК өзінің жеке өнім желісін үнемі кеңейтіп отырады. Бұл — деректі фильмдер, қысқаметражды фильмдер, бейнероликтер, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызы бар бағдарламалар. Телерадиокешен — Тәуелсіздігіміздің даму тарихының шежіресі, бірегей бейнемұрағат иесі.
2021 жылы өлім жазасын алып тастау туралы заңға қол қойылды, оны қабылдау арқылы Қазақстан өлім жазасына заңды түрде тыйым салынған елдер тобына қосылды. Сонымен қатар, еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын дәлелдеп отыр. Әлемде өлім жазасын заң жүзінде немесе іс жүзінде алып тастаған 150-ден астам мемлекет бар.
2021 жылы көпсалалы Ақмола балалар ауруханасында күйікке шалдыққан, тері зақымданған және операциядан кейінгі жаралары бар балалар мен жасөспірімдерді емдеуге арналған жоғары технологиялық күйікке қарсы бірегей медициналық кереует пайда болды. Оның бірегейлігі — қайта пайдалануға болатын парақтың астында микрокристалдар бар, сода-кальций әкінің микросферасы судың имитациясын жасайды. Науқас онда, адам суда қалқып бара жатқандай көрінеді, бірақ бұл жерде бәрі құрғақ және терінің қабаттарына қысым жоқ. Бұл дененің зақымдалған жерлерінің регенерациясын және қан айналымын жақсартады, жараның жазылуын тездетеді.
2022 жылы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар «ҚР азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық туралы» ҚР Заңын қабылдады, оған сәйкес жеке тұлғалардың банкроттық институты енгізіледі. Заң жобасында қарызы бес жылдан астам өтелмеген азаматтарға өзін АӘК алушы және банкрот деп жариялау құқығы көзделген.