ҚР Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарған Қазақстан азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Ресейден экстрадициялады.
Тергеу барысында күдікті 2022-2023 жылдары коммерциялық ұйымның директоры болып, кірістер декларациясына бұрмаланған деректерді енгізу арқылы 290 миллион теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтарғаны анықталды.
Осы қылмысты жасағаннан кейін ол қылмыстық қудалау органынан жасырынған, кейіннен халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл қаңтарда ол Краснодар қаласында ұсталып, ҚР Бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланды.
— Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыс үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Қазақстанға 1 млрд теңге залал келтірген күдікті Ресейден экстрадицияланғаны белгілі болды.