3×3 теңдеуі орындалмаса, тұрғын үйдің құрылысын Кепілдік беру қоры аяқтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қабылданған "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заңға сəйкес, үлескерлердің ақшасын жұмылдырған компания үй құрылысын уақытында аяқтамаса, бұған "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" жауапты болады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ төрағасы Дәурен Оңаев мəлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"2016 жылдың 7 сәуірінде Мемлекет басшысы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңға қол қойды. Жуықта, 10 қазаннан бастап Заң қолданысқа енгізілді. Енді бір жарым ай уақыт өткен соң аталмыш кепілдік беру тетігі бойынша осы уақыт ішінде орын алған негізгі оқиғалар мен біздің болашақ жоспарларымыз туралы айтуға келдік",-деген қор басшысы, Заңның бірқатар тетіктерін, өзі басқарып отырған қордың міндеттемелерін мəлім етті.

Жалпы, заңда үлескерлердің ақшаларын тартудың үш əдісі көзделген. Ең біріншіден,  «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының» кепілдігін алғаннан кейін екінші деңгейлі банктің жобаға қатысуы арқылы тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескердің ақшасын тарта алады. Сондай-ақ, үлескердің ақшасын тартқысы келген компания Астана мен Алматы қалаларында кемінде үш жыл ішінде жалпы ауданы 18 мың шаршы метр немесе басқа өңірлерде 9 мың шаршы метр тұрғын үйді сатып қойған болу керек. Əйтпенгенде, қор ол компанияға кепілдік бермейді.

 "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Заңның тағы бір тетігі - 3×3 теңдеуі екен.

"Яғни, бізден кепілдік алған құрылыс компаниясы құрылысты уақытында аяқтамай жатса, оған алғашқыда үш ай беріледі. Ол уақытта аяқтамаса, тағы үш ай, оны аяқтай алмаса, тағы үш ай уақыт беріледі. Егер осы тоғыз айда құрылысты аяқтай алмаса, біздің қор жауапкершілікті өз мойнына алып, құрылысты аяқтауға міндеттеледі", - деп түсіндірді Д.Оңаев.