3,4 млн қытайлық қайта қоныстандырылады
07:25, 02 Тамыз 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат- Қытай осы жылдан бастап халықты кедейліктен арылтуға, жалпы кедейлік проблемасын шешуге бағытталған 12 мың жобаны қолға алды, деп хабарлайды Синьхуа.
Аталған жобалар жоқшылық жағдайларында өмір сүріп жатқан шамамен 2,8 млн адамды қамтымақ.
Қытайдың Даму және реформа істері жөніндегі мемлекеттік комитеті жыл басында басталған жобалардың шілде айының соңында 20 пайызы сәтті аяқталатындығын атап айтты. Қазірдің өзінде елдің 22 провинциясы 260 млрд юань (шамамен 38,24 млрд АҚШ доллары) сомасы көлемінде қаржыландыруға ие болды.
Қытай 2017 жылы кедей аумақта тұратын 3,4 млн адамды барынша дамыған, өмір сүруге қолайлы аумаққа қоныстандыруды жоспарлап отыр. Сөйтіп 2020 жылға қарай елдегі кедейлік проблемасын толық еңсермекші.
Айта кетейік, 2016 жылы елде 43,35 млн тұрғын кедейлік зардабын тартып отырғандығы анықталған болатын.