3,8 млрд. теңге мен 185 мың АҚШ долларынан астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып беру кезінде 63 адам ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 3,8 млрд. теңге мен 185 мың АҚШ долларынан астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып беру кезінде 63 адам ұсталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алдын алу жұмыстары және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Абзал Байманов мәлім етті. «Қолма қол ақшаға айналдыратын» фирмалардың заңсыз әрекеттерінен салық төлеуден жалтару, қосылған құн салығын заңсыз қайтару және бюджет қаражатын жымқыру салдарынан мемлекет экономикасына елеулі түрде залал келтірілуде. Көрсетілген салада өндірістегі қылмыстық істердің саны, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,4 есеге артып, 451-ден 2108-ге дейін өскен. Тіркелген құқық бұзушылықтардың саны 2,5 есе көбейіп, 305-тен 782-ге жетіп отыр», - деді ол.

Сонымен қатар оның алға тартқан деректеріне сәйкес, 317 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, оның 312-сі сотқа жолданды. Тыйым салынған мүлікті қоса алғанда 1,6 млрд.теңге өтелген.

«Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ақша қаражатын қолма қол ақшаға айналдыру және 3,8 млрд. теңге мен 185 мың АҚШ долларынан астам сомаға жалған шот-фактуралар жазып беруі кезінде, яғни, қылмыс үстінде 63 тұлға ұсталды», - деді А.Байманов.