3 қараша. ДҮЙСЕНБІ
Панама Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1903). Панама - Орталық Америкада орналасқан мемлекет. Шығысында және оңтүстік-шығысында Колумбиямен, батысында Коста-Рикамен, солтүстігінде Кариб теңізімен, оңтүстігінде Тынық мұхитымен шектеседі. Астанасы - Панама қаласы. Мемлекеттік тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - бальбоа.
Доминика Достастығының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978). Доминика - Кіші Антиль аралдар тобындағы өзі аттас аралда орналасқан мемлекет. Астанасы - Розо қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі және француз тілі негізінде пайда болған жергілікті креол тілі. Ақша бірлігі - шығыс кариб доллары.
Жапониядағы мәдениет күні. Мәдениет күні - жапондықтарға уақыттарын ақыл-есі мен жан-тәні үшін ыңғайлы өткізуге мүмкіндік беретін бүкілхалықтық демалыс күні. Әдетте Мәдениет күні әдебиеттегі, поэзиядағы, бейнелеу өнеріндегі сіңірген еңбектері үшін марапаттау мен сыйлық тапсыру салтанаттары өтеді. Әсіресе жас жазушылардың жетістіктері айрықша аталып өтеді, сөйтіп, жастар арасында әдебиетті бағалау әдетін дамытуға және дәріптеуге мүмкіндік береді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2 2 жыл бұрын (1992) Түркияның Ыстамбұл қаласында түркі әлемі жазушыларының құрылтайы өтті.
2 2 жыл бұрын (1992) Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы қазақ орта мектебіне жазушы Асқар Сүлейменовтің есімі берілді.
20 жыл бұрын (1994) республикалық «Заң» апталық газеті жарық көрді. Газетте республиканың экономикалық, саяси және мәдени өміріне қатысты жаңалықтар, ресми құжаттар жарияланып тұрады.
1 7 жыл бұрын (1997) ҚР Үкіметінің қаулысымен Шығыс Қазақстан техникалық университетіне аталмыш білім ордасының тұңғыш ректоры Дәулет Серікбаевтың есімі берілді.
1 6 жыл бұрын (1998) Алматы облысы Сарқан қаласының орталық көшесіне ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді.
20 жыл бұрын (1994) Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Жезді кентінде және Қарсақпай ауылында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тау-кен және балқыту ісінің тарихы мұражайы мен академик Қ.И.Сәтбаевтың мұражай-үйінің ашылу салтанаты болып өтті.
Республика Президенті мұражайдың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, мыс қорытпасынан құйылып, бабалар әдісі бойынша жасалған көне балқыту пешінің істеп тұрған кішігірім нұсқасында экспонат құйып тарту етті.
Мұражай үш бөлімнен тұрады - тау-кен және балқыту ісінің тарихы, тарих және экскурсиялық жұмыс бөлімі, мұрағаттар сақталған, көркемөнер шеберханасы, кітапханасы бар қорлар бөлімі. Қ.И.Сәтбаевтың мұражай-үйінде академиктің өмір жолын және Қарсақпай зауытының тарихын зерттеуге арналған бөлім бар.
10 жыл бұрын (2004) Қарағанды қаласының әкімшілігінде Қазақстан мен Украинаның ғалым-экологтары Дания ғылыми ұйымдарының қатысуымен бірлесіп жасаған «Биогазды технологияларды дамыту орталығы» жобасының таныстырылымы болып өтті.
10 жыл бұрын (2004) Қазақстанда тұңғыш рет екі жарналық инвестициялық қор «Compass Портфельдік Инвестициялар» және «Compass Тікелей Инвестициялар» қорлары құрылды. Бірінші қор инвестицияларының мерзімі бес жылды құрайды. «Compass Тікелей Инвестициялар» қорын құрудағы мақсат - бірлестіктердегі, жер учаскелерін, Қазақстандағы және шет елдердегі жылжымайтын мүлік пен құрылыс нысандарын қоса есептегендегі тартымды қаржылық құралдарды инвестициялау. Бұл қор инвестицияларының мерзімі - жеті жыл.
10 жыл бұрын (2004) Петропавл қаласының «Сүт одағы» АҚ-ның өнімі Барнаул қаласында өткен IV Бүкілресейлік сүт өндірушілер конгресінде алтын және күміс медальдарды жеңіп алды. Бұл конгреске сүт өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Ресейдің Алтай өлкесі, Кемеров, Омбы, Новосібір облыстарының, сондай-ақ Украина мен Қазақстанның кәсіпорындары қатысқан. Қазіргі уақытта «Сүт одағы» АҚ 40-тан астам сүт өнімдерін шығарады.
8 жыл бұрын (2006) Астанадағы мектеп оқушылары арасында «Қазақстанның дәстүрлері күні» атты қазақ әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері біліктілігін сынау сайысы болып өтті. Басты мақсаты - жастарды қазақ халқының дәстүрлеріне баулу, және де мектеп оқушыларының шығармашылық бейімділігін жетілдіру. Ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, астаналық білім беру департаментінің қолдауына сүйенген - Қазақстан жастар конгресі.
8 жыл бұрын (2006) қарашаның 3-і мен 6-сы аралығында Семейде VII Халықаралық «Козге Иртыш моннары» татар өнерінің фестивалі өтті. Өнер фестиваліне жақын және алыс шетелден татар диаспораларының өкілдері қатысты. Семейдегі татар диаспорасы қоғамдық өкілдігі 1990 жылдан жұмыс істейді. Осы кезең аралығында татар өнері мектебі мен татар мәдениетінің мұражайы ашылған.
9 жыл бұрын (2005) Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде «Российские военные и Казахстан: Вопросы социально-политической и экономической истории Казахстана XVIII-XIX вв. в трудах офицеров Генерального штаба России» және ақпараттық-талдау анықтамалығы «Казахи России» атты монографияның таныстырылымы өтті. Монографияның авторы - тарих ғылымдарының кандидаты Елена Сыздықова, ол өзінің жұмысында қазақ жерін белсенді түрде зерттеген Ресей Бас штабы офицерлерінің қызметі туралы айтады. «Ресейдің Қазақтары» атты ақпараттық-сараптамалық анықтамаға Ресейдің 20-дан астам аймақтарында тұрып жатқан қазақ қауымдарының тарихы мен қазіргі жағдайлары туралы материалдар кірген. Алғашқы рет Астанада өткен ІІІ Бүкіләлемдік қазақтардың құрылтайына орайластырылған кітап қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шықты. 5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Словакия Республикасының Білім министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алушылармен алмасу көзделген. Білім алушылар оқу ақысын төлеуден толығымен босатылады, сондай-ақ оларға тиісті стипендиялар төленіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жағдайлар жасалатын болады.
ЕСІМДЕР
14 5 жыл бұрын (1869-1930) ғалым, шығыстанушы, шығыс тарихының докторы, профессор, академик БАРТОЛЬД Василий Владимирович дүниеге келді.
Санкт-Петербург университетінің шығыс тілі факультетін бітірген.
Санкт-Петербург университетінде ғылыми және оқытушылық қызмет атқарды. Бартольдтың Орталық Азия және қазақ өлкесін мекендеген тайпалардың тарихы жөніндегі еңбектерінің ғылыми мәні зор. Бұл еңбектерін жазуда ол араб, парсы және жергілікті авторлардың материалдарын пайдаланды. Олардың ішіндегі аса құндылары: «Моңғол кезеңіне дейінгі Түркістандағы христиандық туралы», «1893-1894 жылдары ғылыми мақсатпен Орталық Азияға саяхат туралы есеп», «Жетісу тарихының очерктері», «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан», «Ежелгі заманнан 17 ғ-ға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы деректер», «Түркістанды суландыру тарихына», «Ұлықбек және оның заманы», «Түркістанның мәдени өмірінің тарихы», «Қырғыздар. Тарихи очерк», «Түркі-моңғол халықтарының тарихы», «Түрікмен тарихының очерктері», «Орта Азиядағы түркі халықтарының тарихы жөніндегі он екі дәріс».
Бартольд Орта Азия мен Қазақстан халықтарының көне дәуірден бастап-ақ өзінің тарихы, мәдениеті болғанын ғылыми түрде негіздеді. Ислам тарихы туралы «Халиф және сұлтан», «Ислам», «Мұсылман қауымы мәдениеті», «Мұсылман дүниесі», «Мусейлима» еңбектерін жазды. Ежелгі славяндар туралы жазған араб авторларының еңбектерін зерттеді. Шығыстану тарихына зор көңіл бөлді. «Еуропа мен Ресейде шығысты зерттеу тарихы», «Петербург университеті шығыс тілдері факультетінің 1855-1905 жылдардағы қызметіне шолу» атты еңбектер жариялады. Бартольд 1905-1913 жылдары Орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімшесінің хатшысы, «Мир ислама», кейін «Мусульманский мир» журналдарын шығарушы әрі редакторы болды. 1918 жылы Орыс археологиялық қоғамының шығыс бөлімінің меңгерушісі, Ресей ҒА-ның Антропология және этнография мұражайы жанындағы Радлов үйірмесінің төрағасы болды. 1921 жылы Азия мұражайының жанынан құрылған Шығыс зерттеушілері алқасын және оның «Записки коллегии востоковедов» атты баспасөз органын басқарды. КСРО-дағы мұсылман халықтарының әліпбиін араб әрпінен латын әрпіне көшіру жөніндегі комиссияның жұмысына, Орта Азия университетін құруға, шығыстану кітапханаларын ұйымдастыруға, шығыс қолжазбаларын жинауға қатысты. Бартольдтың көптеген еңбектері ағылшын, француз, неміс, түрік, араб, парсы, т.б. тілдерге аударылған.
6 5 жыл бұрын (1949) суретші, кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖАЗЫБАЕВ Темірболат дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
Алматы көркем сурет училищесін бітірген.
«Кеніш», «Жәйрам кен орындарының таңы», «Зауыт стадионында», «Талас даласы», «Нан» атты шығармалардың авторы.
6 5 жыл бұрын (1949) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет хатшысы ЫБЫРАЕВ Төлеген Тоқтасынұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Үлкен нарын ауданының Көктерек ауылында туған. Семей зоотехникалық - мал дәрігерлік институтын және Қазақстан-Американ еркін университетін бітірген.
Институтты бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО) Таврия ауданының Саратовка ауылында совхоз-техникумның кәсіподақ төрағасы болып жұмыс істеді. 1982-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Таврия аудандық комитетінің нұсқаушысы, Таврия аудандық арнайы шаруашылық бірлестігінің партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, партия комиссиясының төрағасы, ұйымдастыру-партиялық және кадр жұмысы бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. 1990-1992 жж. - халық депутаттары ШҚО облыстық Кеңесі төрағасының референті. 1992-1996 жж. - Шығыс Қазақстан облысы басшысының, әкімінің аппарат жетекшісі. 1996-1997 жж. - Өскемен қаласындағы «Жалын» АҚ президенті, ШҚО Қатонқарағай ауданының әкімі. 1997-2003 жж. - ШҚО әкімі аппаратының жетекшісі. 2003-2005 жж. - ШҚО ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі басқармасының бастығы. 2005-2006 жж. - ШҚО ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аумақтық басқармасының бастығы - Қазақстан Республикасы ШҚО Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тәртіптік кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жж. - ШҚО жер қатынастары басқармасының бастығы. 2007-2010 жж. - облыс әкімінің кеңесшісі - хатшылығының меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы. 2010 жылғы 22 қыркүйектен бастап - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» ХДП мүшесі, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
10 4 жыл бұрын (1910-1984) ақын, аудармашы ТОҒЫЗАҚОВ Қасым Сәрсенұлы дүниеге келді. Қостанай облысы Меңдіқара ауданында туған. Қостанай педагогикалық техникумын (қазіргі Қостанай педагогикалық колледжі), Санкт-Петербордағы А.И.Герцен атындағы педагогикалық институтын бітірген. 1934-1936 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында бөлім меңгерушісі болған. 1936 жылы халық ақыны Жамбылдың жеке әдеби хатшысы болып, онымен бірге Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барады. Ақынның айтқан өлеңдерін жазып алып, редакциялаған және оның сол кезде шығарған негізгі шығармаларын сөзбе-сөз орысшаға аударған. 1927 жылдан бастап өлең, очерк, фельетондары мерзімді баспасөзде жарияланып тұрған. 1930 жылдардың аяқ кезінде «Жедел қарт» атты фельетондар жинағы жарық көрген. Өлеңмен жазылған «Сібір Омар» романы жарияланды. Таңдамалы поэмалар мен аудармалары «Айдауық» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Ол орыс қаламгерлері А.С.Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны», М.Лермонтовтың «Демон», «Мцыри», «Хажы Әбірек» «Саша», «Ақын өлімі», А.Некрасовтың «Орыс әйелдері», Н.Гогольдің «Үйлену», А.Чеховтың «Шағала», А.Толстойдың «Алтын кілт», т.б. шығармаларын, В.Маяковский, Д.Бедный, С.Стальский, В.Лебедев-Кумач, А.Твардовский, Я.Купаланың бірқатар өлеңдері мен дастандарын қазақ тіліне аударған.
6 1 жыл бұрын (1953) Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері ЖАРАСОВ Нұрлан Салауатұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград мемлекеттік консерваториясын бітірген, опералық-симфониялық оркестрдің дирижері. 1975 жылдан - Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры режиссерінің көмекшісі. 1977-1979 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында. 1979 жылдан - Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры дирижерінің ассистенті. 1981 жылдан - Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград мемлекеттік консерваториясының студенті. 1984 жылдан - ҚазКСР мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері. 1989 жылдан - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оркестрлік дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 1997 жылдан бері. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2002) медалімен марапатталған.
4 1 жыл бұрын (1973) ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары ТҰРАРБЕКОВ Аян Төлеубайұлы дүниеге келді.
Талдықорған облысы Андреев ауданының Жыланды ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің хылықаралық қатынастар факультетін (1996) халықаралық қатынастар маманы, екі шет тілін меңгерген елтанушы мамандығы бойынша; Қазақ гуманитарлық-заң университетінің заң факультетін (2005) заңгер мамандығы бойынша бітірген. Қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерін біледі. 1996 жылдан - ҚР СІМ Еуропа және Америка елдері департаментінің референті, атташесі. 1999 жылдан - ҚР СІМ Екі жақты ынтымақтастық департаментінің ушінші хатшысы, екінші хатшысы. 2001 жылдан - Австрия Республикасындағы ҚР Елшілігінің ушінші хатшысы (Вена қаласы). 2003 жылдың қаңтар айынан - ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының көмекшісі. 2003 жылдың тамыз айынан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы. 2004 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси белімінің бас сарапшысы. 2005 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің сектор меңгерушісі. 2006 жылдан - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аппаратының жетекшісі. 2008 жылдан - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары. 2008 жылдың шілде айынан бері - ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылдан бері.Мәдениет қайраткері (2008).
51 4 жыл бұрын (1500-1571) итальян зергері және мүсіншісі Бенвенуто ЧЕЛЛИНИ дүниеге келді.
12 7 жыл бұрын (1887-1964) кеңес ақыны, аудармашы, жазушы, редактор МАРШАК С амуил Яковлевич дүниеге келді.
11 4 жыл бұрын (1900-1974) көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, республикада травматология-ортопедияның негізін қалаушылардың бірі ЭДЕЛЬШТЕЙН Григорий Львович дүниеге келді.
6 5 жыл бұрын (1949) кеңестік және ресейлік әнші, мультиаспапшы, әндер авторы, композитор, Ресей халық әртісі, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ГРАДСКИЙ Александр Борисович дүниеге келді.
4 5 жыл бұрын (1969) итальян композиторы және DJ Роберт МАЙЛЗ (шын аты-жөні Роберто Кончина) дүниеге келді.
3 2 жыл бұрын (1982) ресейлік спортшы-мәнерлеп сырғанаушы, 2006 жылғы әлем чемпионы ПЛЮЩЕНКО Евгений Викторович дүниеге келді.