3 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 3 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

3 қазан. СӘРСЕНБІ

Түркі ынтымақтастығы күні

2009 жылғы 3 қазанда түркітілдес елдер мемлекет басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғыз Республикасының президенттері тарихи Нахчыван құжатына қол қойды. Сол күннен бастап түркі әлемі интеграциясы жаңа бір белеске көтерілді. Аталған келісім нәтижесінде тарихта алғаш рет бауырлас төрт ел Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі атты халықаралық ұйым құрды. Осыдан соң ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы дүниеге келді. Ал ТҮРКСОЙ жаңа серпінмен жұмыс істей бастады. Нахчыван келісімі бекіген 3 қазан түркі әлемінде жыл сайын түркі халықтарының ынтымақтастығы күні ретінде аталып келеді. 

Герман Федеративтік Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Германия бірлігі күні (1990)

Германия - Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Даниямен, шығысында Польша, Чех Республикасымен, оңтүстігінде Австрия, Швейцариямен, батысында Франция, Люксембург, Бельгия және Нидерландымен шектеседі. Астанасы - Берлин қаласы. Мемлекеттік тілі - неміс тілі. Мемлекеттік құрылысы - Федеративтік Республика. Мемлекет басшысы - Президент. Үкімет басшысы - канцлер.

Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 12 ақпанда орнатылды.

Халықаралық балалар церебральды сал ауруы күні

Қазанның бірінші сәрсенбісінде атап өтілетін Халықаралық балалар церебральды сал ауруы күні - осы ауруға шалдыққан адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге бағытталған арнаулы жоба. Жоба әлемдегі 46 елдің 270 ауруханасы мен ұйымы тарапынан қолдау тапты.

Ирактың тәуелсіздік күні

1932 жылы Ирактың Ұлыбританиядан тәуелсіздік алуына орай бекітілді.

Оңтүстік Корея мемлекетінің негізі қаланған күн

1949 жылы Ұлттық мерекелік күндер туралы Заңмен бекітілген 5 ұлттық мерекенің бірі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1883 жылы Семей облыстық кітапханасы ашылды. Бұл мекеме Семейге патша үкіметі жер аударған революционер демократтардың бастамасымен құрылды. Кітапхананың қорында алғашқы кезде мың дана баспа өнімі болды. Ол заманда осынша қор өте бай қазына болатын. Кітапханада орыс классиктерінің шығармаларымен қатар шет ел классиктерінің, әлемнің ең ірі ғалымдарының да тіршілік, табиғат, қоғам өміріне байланысты мәселелерді қарастырған еңбектерін табуға болатын еді. Аталмыш кітапхана Семей зиялыларының орталығына айналған. Тұрақты оқырмандары қатарында Абай, Е.Михаэлис, Н.Долгополов болды. Американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А.Янушкевич, орыстың әйгілі саяхатшысы П.Семенов Тянь-Шанский сияқты ірі тұлғалар да кітапханаға бас сұққан.

1946 жылы Өскемен қаласында 600 абонентке арналған жартылай автоматты телефон стансасының бірінші кезеңі пайдалануға берілді.

1997 жылы Алматыда Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

1997 жылы Алматыда академик Мұхамеджан Қаратаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Грузияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы 2006-2010 жылдарға арналған Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына, сонымен бірге Әуе қатынасы жөніндегі және үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды.

2007 жылы Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің басшылары екі ел жағалауларын жалғастыратын Қиғаш өзені арқылы көпірді ашты.

2009 жылы Семейде «Оралмандарды бейімдеу және әлеуметтік ықпалдастыру орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі жұмысы - оралмандарды бейімдеу жөніндегі қызмет көрсету, оларды кәсіптік оқыту және қайта мамандандыру.

2009 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен түркітілдес халықтарының ІХ саммитінде түркі әлемінің бүгіні, ертеңі және болашағын зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми орталықты құру ұсынысын жасады.

Қазақстан Президенті сондай-ақ экономиканы, экологиялық қауіпсіздікті, мәдени-гуманитарлық салаларды дамытуда ынтымақтастықтың анағұрлым перспективалық бағыттарын айқындап берді. Сондай-ақ түркі елдерінің Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды орнықтыру және қауіп-қатерлер мен шақыруларға бірлесіп қарсы тұру процестеріне қатысуы маңызды. 

Форум барысында түркі әлемі елдері арасындағы өзара қарым-қатынастарды нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасылды.

2010 жылы Алматыдағы «Медеу» шатқалында «Баспалдақ-2010» дәстүрлі жүгіру жарысы өтті.

2011 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның режиссер Қанағат Мұстафиннің «Рывок» фильмі «Атлант» VIII халықаралық спорттық фильмдер фестивалінде «Спорт туралы үздік көркем фильм» номинациясы бойынша үшінші орын алды.

2012 жылы Астанада «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті. 

2012 жылы Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар. Из переписки Ильяса Омарова» деректі жинағының таныстырылымы болды.

2012 жылы Астанада Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Литва өнері» атты балтық суретшілерінің топтық көрмесі ашылды. Көрме Литва Республикасы мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығына орай Литва Елшілігінің қолдауымен өтті.

2013 жылы Тараз қаласында қазақтың көрнекті қайраткері, шешен Төле бидің 350 жылдығына орай ескерткіш қойылды.

2013 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы «Шетелдегі қазақ балалары» бірегей жобасын таныстырды.

2013 жылы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ классигінің татар тіліне аударылған өлеңдер жинағының таныстырылымы өтті.

2015 жылы Ақтөбе облысында Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында «Хан моласы» мемориалдық кешенінің ашылу салтанаты болды. Ескерткіш тақта және кесенелен тұратын кешен Әйтеке би ауданында орналасқан. Ол жерде Әбілқайыр хан да жерленген болатын.

2016 жылы Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында  Қазақстан және Ресейдің мемлекет басшыларының қатысуымен екі елдің өңіраралық ынтымақтастығының ХІІІ форумы өтті.

1866 жылы Вена келісімі бойынша Австрия Италияға Венецияны берді.

1906 жылы SOS халықаралық апат дабылы болып бекітілді.

1990 жылы екі ел - ГДР мен ГФР бірігіп, Германия мемлекеті құрылды.