3 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 3 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

Зағипа БАЛИЕВА, Қазақстан Республикасының қоғам және мемлекет қайраткері

Фото: caravan.kz

1958 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1981 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1998 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасын, 1999 жылы Мәскеу мемлекеттік технологиялық академиясының докторантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1975 жылы кәсіптік-техникалық училищеде лаборант болып бастаған және бұл қызметті 1976 жылға дейін атқарған. 1981-1982 жылдары Жамбыл облыстық құрылыс банкінде заң кеңесшісі қызметін атқарған. 1982-1986 жылдары Жамбыл қалалық атқару комитетінде заңгер болып еңбек еткен. 1986-1992 жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің тұрғын үй алаңдарын есепке алу және бөлу басқармасында инспектор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1992-1994 жылдары Алматы қаласы әкімшілігі басшысы аппаратының заң бөлімін басқарған. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы болды. 1996-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып, елдегі сайлау жүйесін ұйымдастыру мен жетілдіру бағытындағы жұмыстарға жетекшілік етті. 2005-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Әділет министрі қызметін атқарды. 2009-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылым депутаты болып, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ретінде заң шығару жұмыстарына қатысты. 2012-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты болып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында қызмет атқарды. 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. 2016-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты болып, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. Кейін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде стратегиялық даму және инфрақұрылым, цифрландыру жөніндегі проректор қызметін атқарды.

«Құрмет», «Парасат», «Күміс алқа» ордендерімен, сондай-ақ «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Ляззат АҚЫЛЖАНОВА, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары

Фото: prg.kz

1976 жылы Абай облысында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Құқықтану мамандығын меңгерген, экономист, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының магистрі.

Еңбек жолын 1999 жылы бастап, ішкі істер органдарында қызмет атқарған. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі қызметін атқарған. Кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінде бас сарапшы, «Нұр Астана» ЖШС-да заңгер, Астана қаласындағы «Қазпошта» АҚ Сыртқы байланыстар департаментінде менеджер болып еңбек еткен. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясы аппаратының басшысы болған. 2014 жылы Алматы қаласындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің бас сарапшысы болып жұмыс істеген. 2016-2019 жылдары Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Алматы қаласы бойынша статистика департаментінің Құқықтық басқармасын басқарды. Одан кейін Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2022 жылы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Кейін «Қоғамдық даму орталығы» КММ басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық даму орталығы» КММ басшысы қызметіне тағайындалды.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы маусымнан бері атқарып келеді.

Асхат ШАХАРОВ, Ақтөбе облысының әкімі

Фото: Kazinform

1978 жылы Орынбор облысында (РКФСР) дүниеге келген. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын «дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі — спорт жаттықтырушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «халықаралық экономист» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының аспирантурасын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт пәндері кафедрасында оқытушы болып бастаған. 2004-2007 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет етіп, сонымен қатар Ақтөбе облыстық Олимпиада резервін даярлау орталығының директоры болды. 2013-2017 жылдары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі қызметін атқарды. 2017-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының әкімі болып еңбек етті. 2020-2022 жылдары Ақтөбе қаласының әкімі қызметін атқарды. 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы қыркүйек айынан бастап атқарып келеді.

Ермек КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген. 2010 жылы Ұлыбританиядағы Рединг университетін ауыл шаруашылығы саласындағы экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы аталған университетте инвестицияларды басқару мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. 2013 жылы Корея Республикасындағы Аджу университетін бизнес-әкімшілендіру мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы «ҚазАгро ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да менеджер болып бастаған. Кейін «АРҚА» ӨИК» АҚ басқарма бастығы, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған. Одан әрі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Инвестициялық жобалар және қаржы құралдары департаменті Инвестициялар басқармасының басшысы, Халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция департаменті Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы қызметтерінде еңбек етті. 2015-2018 жылдары Ақтөбе облысының Сыртқы байланыстар және туризм басқармасын басқарды. 2018-2019 жылдары Ақтөбе облысының Ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының әкімі болды. 2021-2022 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022-2024 жылдары Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы маусым айынан бастап атқарып келеді.

Иса БАЙЗАҚОВ, ақын, әнші, актер, домбырашы, композитор, қазақтың тұңғыш кәсіби актерлерінің бірі

Фото: e-history.kz

1900 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтын, кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) тәмамдаған.

Ол жастайынан суырыпсалма ақындығымен, әншілігімен және домбыра тарту шеберлігімен танылған. 1919-1920 жылдары Бәгит, Құдайберген секілді белгілі ақындармен айтысып, жеңіске жеткен. Осы кезеңде жұмысшы факультетінде білім алып, драма үйірмесіне қатысқан. 1924 жылдан бастап шығармалары баспасөз беттерінде жариялана бастады. 1926 жылы Қызылордада тұңғыш Қазақ ұлттық театры ашылған кезде, оның алғашқы актерлері болып театр сахнасына шықты. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік — Кебек», «Бәйбіше — тоқал» пьесаларындағы басты рөлдерді сомдап, қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Халық арасында кең тараған көптеген әндерді орындап, ел ішіне кеңінен таратты. Ол эпикалық шығармалар мен поэмалардың авторы. Оның қаламынан «Алтай аясында», «Кавказ», «Неге Алатау шаттанды», «Ұлы құрылыс», «Он бір күн, он бір түн», «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі» секілді туындылар дүниеге келген.

Өнері мен шығармашылық еңбегі үшін Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

Ақынның туғанына 80 жыл толуына орай «Беловодский» кеңшарына Иса Байзақовтың есімі берілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет сарайының қасбетіне ақынның бюсті орнатылып, аудан орталығындағы көшелердің бірі оның атымен аталды.

Бақытжан МОМЫШҰЛЫ, жазушы, аудармашы

Фото: qazaqstan.tv

1941 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. № 10 орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, педагогикалық институттың шет тілдер факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын Жуалы аудандық газетінің редакциясында бастап, кейін Жамбыл облыстық газетінде аудармашы, «Ленинская смена» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етті.

Әдебиеттегі шығармашылық жолын көркем аудармадан бастады. Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Шерхан Мұртазаның, Жайсанбек Молдағалиевтің, Оралхан Бөкейдің, Кемел Тоқаевтың, Қалдарбек Найманбаевтың, Бек Тоғысбаевтың, Мәди Айымбетовтің, Кәкімжан Қазыбаевтың және басқа да қаламгерлердің шығармаларын орыс тіліне аударып, оқырман қауымға таныстырды.

Оның қаламынан «Когда ты рядом» романы, «Восхождение к отцу» трилогиясы, «Сыновья великого волка», «Сердце волка», «Преломление света», «Предание князей времени», «Явление синего таутеке», «След птицы в небе» және басқа да көркем шығармалар дүниеге келді. Жазушының прозасына адам болмысының терең сырларын ашу, тіршіліктің адамгершілік негіздерін зерделеу, рухани құндылықтарды арқау ету тән. Оның шығармаларында адамның тағдыры, ұлттық сана, рух пен имандылық, әке мен бала арасындағы сабақтастық секілді мәңгілік тақырыптар кеңінен көрініс табады.

Бақытжан Момышұлы бірнеше рет Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болып сайланды. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар мемлекеттік медальдармен және «Құрмет» орденімен марапатталды.